Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары қабылданды - Берік Әбдіғалиұлы

2892
Adyrna.kz Telegram
Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Жоспары 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Игі бастаманы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы хабарлады. 
Ұлт ұясына айналған Ұлытау облысы жанданып, жаңаратын болады. Аймақты дамыту мен қызу тірліктің ошағына айналу жоспарын облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы баян етті.
"Құрметті жерлестер!
Жаңа ғана ҚР Үкімет отырысында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды. Бұл маңызды құжаттың қабылдануы - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауы және біздің 4 айдан астам еңбегіміздің нәтижесі деп қабылдаймын. Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды. Олардың ішінде индустриялық-инновациялық даму, минералдық-шикізат базасын кеңейту, кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылым және т. б. Облыс әкімдігі осы құжатқа қосымша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламалары мен ұлттық жобаларына енгізілген барлық іс-шараны көздейтін кеңейтілген Даму бағдарламасын әзірледі", - деп сүйіншіледі әкім.
Сонымен қатар, облыс басшысы кешенді даму жоспарының қаржылық құны мен экономикалық ауқымдылығын тәпсірлеп түсіндірді.
"Жалпы, бес жылдық кезеңдегі инвестициялардың жалпы көлемі 1,8 трлн. теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 351 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 147 млрд. теңге бөлінеді, жеке инвестициялар 1,3 трлн. теңгені құрайды. Ұлытау облысының индустриялық-инновациялық дамуы өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехын және т.б. іске қосуды қамтиды. Жалпы, 3 мың жаңа жұмыс орындарын құрумен 787 млрд. теңге сомасына 16 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Өңірде минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд. теңгені құрайды. Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты т.б. 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Сала инвестицияларының жалпы көлемі 45 млрд. теңгеден асады, - деді Берік Әбдіғалиұлы.
Облыс аумағында әлеуметтік нысандар салуға да айрықша көңіл бөлінген. Облыс әкімінің айтуынша, жақын жылдарда қоғамның қажетін өтеу үшін сан-cалалы ғимараттар бой көтереді.
"Әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынады. Олардың ішінде Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталық, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарындағы 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 9 мектеп, 4 оқушылар сарайы, 5 балабақша, 10 спорт нысаны және басқалары бар. Сондай-ақ, 27 білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөнделеді. Барлық іс-шаралардың жалпы сомасы 94 млрд.теңгеден асады. "Еңбек" футбол клубы жанданып, "Арыстан" балалар хоккей мектебі ашылады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа Ұлытау мемлекеттік техникалық университетіне студенттерді қабылдау жоспарлануда. Халық санының өсуін ескере отырып, Жезқазған қаласында 60 үйді немесе 1800-ге жуық пәтерді қамтитын үш жаңа шағын аудан салынады. Жеке тұрғын үй құрылысына 1 мың учаске бөлінеді. Сондай – ақ, Жезқазған қаласындағы 26 апатты үйді және Сәтбаев қаласындағы 20 апатты үйді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған іс-шараларға 62 млрд.теңгеден астам қаражат бағытталады".
Сонымен қатар, Ұлытау облысын дамытудың кешенді бағдарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, сумен жабдықтау, Сәтбаев қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету, электр энергиясын өндіру, заманауи бу-газ қондырғысын салу секілді жаңа бастамалар қарастырылған.
"Бұдан басқа, өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту жобасын іске асыру үшін 34 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жалпы сомасы 264 млрд.теңгеге 227 км облыстық автожолдар және 118 км қалаішілік және кентішілік жолдар салынады, қайта жөнделеді және жөнделеді. Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд. теңге бағыттау көзделген... Іске сәт!" - деп жазды Ұлытау өңірінің басшысы.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер