Шишигина славяндарын қолдап, қазақты қорлап, шектен шығып жатыр - Фархат Тапалов

5760
Adyrna.kz Telegram

Журналист Гүлбану Әбенова «Ұнамаса көшіп кет» дейтін Қорғаныс министрімізге шағым хат жолдады. Хатында Ольга Шишигинаны шовинистік әрекеттер жасауда деп айыптайды. Шишигина «этникалық өркөкіректік танытып, басшылыққа тек славян өкілдерінің тағайындаған». Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы "Abai.kz" cілтеме көрсете отырып хабарлайды. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Ольга Шишигинаны  ҚМ спорт комитеті клубының төрағасы етіп тағайындаған.

Журналист Ольга Шишигина келген соң, жұмыстан қуылған қызметкердің мәлімдемесін Facebook парақшасына жариялады.

"Сізге ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спорт комитеті ұжымының атынан жүгініп отырмын. Мен осы ұйымда әскери қызметкер болып істедім. Ол кезде ұжым тату, орта жағымды болатын. Бірақ, ұйымның бүгінгі күйі мені алаңдатып отыр. Ольга Шишигина  басшылыққа келгелі ұжымның жағдайы нашарлады. Бұл менің бұрынғы офицерлерім мен сержанттарыма жағымсыз әсер етуде. Ол келген соң, мен жұмыстан шықтым, дәлірек айтқанда шығарып жіберді. Ол кезде мен азаматтық қызметкер едім, барлық шақыру құжаттары дайын болғанына қарамастан, олар мені шақырудан бас тартты.

Ол тағайындалғаннан кейін ұжымда тек славян ұлтынан тұратын элита құрылды. Этникалық тәкаппарлық өсті.  Әскерилерді Жарғының не екенін білмейтін азаматтық қызметкерлер басқара бастады. Ұлттық әскери қызметшілерге, сарбаздар мен сержанттарға, офицерлерге, полковниктерге және подполковниктерге деген көзқарас өте күрт өзгерді.

Мен этносаралық қақтығыстарға қарсымын, бірақ спорт комитетінде болып жатқан оқиғалар этникалық тәртіпті бұзып жатыр. Бұл мені қатты алаңдатады.

Мысалы, Ольга Шишигина тағайындалған сәттен бастап Азарова Татьяна бас бапкер лауазымына азаматтық қызметке қабылданды. Содан бастап Ольга Шишигинаның кеңсесінен шықпайтын болды.

Оның Қарулы Күштерде тәжірибесі жоқ, соған қарамастан Спорт комитетінің штаттық құрылымын әзірлейді, оның қызметіне жатпайтын жұмысқа: кадрлық, қаржылық, ақылы қызметтер, сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, командирдің саяси-ағарту және тәрбие жұмысына араласады. Барлық іссапарлар сонымен келісілетін болды.

Ольга Шишигинаның бейресми бірінші орынбасары болып алған ол, спорт комитетінде болып жатқан барлық іске әсерін тигізіп отыр", - делінген жазбада.

Әскери қызметкер, сонымен қатар, Шишигинаның шектен шыққан әрекеті жайлы сөз етеді.

Шишигина славян ұлтына жатпайтын әскери қызметшілерге дөрекі сөйлеп, төмендетеді. Бұл –  шовинизмнің айқын белгілері.  Штаб бастығының бірінші орынбасары оның адъютанты сияқты еріп жүреді. Шишигина келгеннен кейін жұмысқа тек славян ұлтынан шыққан қызметкерлер мен әскери қызметшілер қабылданды. Іштегі негізгі лауазымдарға да ұлттық өзгешелігі бойынша тағайындалады.

Толық жұмыс күніне қабылданған көптеген қызметкерлер жұмыста отырмайды. Олардың басқа жерде негізгі қызметтері бар. Бұл –  Еңбек кодексіне қайшы әрекет. Мысалы, Т.Азарова ханым, П. Степаненко т.б. басқа жерде негізгі жұмыстары бар. Бірақ мұндағы жұмыс кестесі бойынша олар сегізге дейін жұмыста отыруы керек.

Орталық спорт клубының жаңа штаттық құрылымын жоспарлау әр түрлі бағыттар бойынша төрағаның орынбасарларымен және бөлім бастықтарымен талқыланған жоқ.

Алдын ала 50-ге жуық «керек емес» адамның тізімі жасалды, негізінен жергілікті ұлттың офицерлері мен сержанттары (қазақтар) жұмыссыз қалмақ. Олар отырыстарына орынбасарлар мен бөлім бастықтарын қатыстырмайды. Бокс, дзюдо, самбо, қоян-қолтық жекпе-жек, күрес және т.б. спорт түрлерінен жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар қысқартуға ұшырап жатыр. Мұндай спорт түрлерінен нәтиже көрсететін негізінен өзіміздің жергілікті жігіттер екенін білесіздер.

Ұжымдағы жағдай әбден шиеленіскен. Әскери қызметшілер жұмыс орнынан айырылмау үшін наразылықтарын көрсетпей отыр. Ольга Шишигинаның олимпиада чемпионы ретіндегі беделі мен министрмен жақсы қарым-қатынасын көріп отырған әскери қызметшілер онымен сөзге келгісі келмейді. Ол министрмен жақсы қарым-қатынасын пайдаланып, әскери қызметшілерді штаттық іс-шара бойынша жұмыстан шығарып жіберетінін айтып, ашықтан-ашық қорқытады...

Фархад Тапалов көз алдында болып жатқан бассыздыққа шыдамайтынын айтып, құзырлы орғандарға үндеу жолдады.

...Мен ұлтшыл емеспін, бірақ болып жатқан мына шаруа менің намысыма қатты тиеді. Мен өз ұлтымды, өз тілімді сыйлаймын және сыйлатамын. Бұндай былыққа жол бермеймін. Шыдамның да шегі бар. Егер ол осылай жалғаса берсе, үлкен наразылықтар мен тәртіпсіздіктерге әкелуі мүмкін. Құрам жарылуға шақ қалып отыр.

Жақында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «этникалық тәкаппарлықтың, кемсітушіліктің және этносаралық қақтығыстың кез келген көріністерін ешкімге қарамай қатаң түрде жолын жабу керек» екенін атап өтті.

Осыған байланысты ҚР ҚМ  Армияның орталық спорт клубы ұжымы президентке және Бас прокуратураға үндеу жолдады. Сіздерден спорт комитетіндегі шовинизм, ұлтына қарай қудалауға ұшырату салдарынан ұлттық қақтығыстың алдын-алуды сұрап, үндеуімізді жариялауды сұраймыз.

ҚР ҚМ Армияның орталық спорт клубы ұжымы атынан көмек сұраймын.
Құрметпен, Фархат Тапалов», - деп жазылған үндеуде.

Үндеудің соңында ашынған журналист Гүлбану Әбенова:

"Бұл Ольга ханым қазақтың атынан Олимпиада чемпионы атанды. Қазақтың нанын жеп, суын ішті. Олимпиаданың жүлдесінен бөлек, қазақтың да қомақты қаржысын қалтаға салды. Парламентте тапжылмай ұзақ жыл отырды. Ендігі ісі мынау болса, сұмдық... Ақ-қарасын құзырлы министрлік анықтау керек! Министрліктен жауап күтеміз..."- деп кесіп айтты.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер