Қаржы дағдарысы: Теңгеге қалай әсер етті?

1393

Әлемдік қаржы дағдарыстары ешбір мемлекетке оң қырымен танылмады. Әлемнің ең ірі алпауыт елдерінің өзі қомақты қаржылық және өндірісті тоқырауларды бастан кешірді, жүз мыңдаған адам жұмыссыз қалды, көптеген шаруашылық орны жабылды. Дағдарыстың қауіпті әсеріне Қазақстан да тыс қалмады. Дегенмен, қаржы дағдарысының соққыларына төтеп бере алатынын да көрсеттті. 

Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде басынан бірнеше әлемдік қаржылық дағдарысты өткерді. Олар қалай әсер етті? Девальвациядан қалай аман өтті? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін әлемдік 5 қаржы дағдарысының Қазақстанға тигізген әсерін шолып өтейік. 

Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясының сарапшыларының зерттеуінше, 1993 жылдан бері теңге ұзақ процестен өтіп, еркін құбылмалы айырбас бағамына көшті және 2021 жылдың соңына қарай құнсызданды. Тіпті, бір доллар 4,69 теңгеден 500 теңгеге дейін көтерілді. Жалпы ұлттық валюта 5 девальвацияны бастан өткерді.

Әрбір девальвацияның халық үшін кері салдары бар. Бұл ең алдымен жинақтау құны мен сатып алу қабілетін төмендетеді. Сонымен бірге инфляция қарқынын арттырып, өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді. 

 Азиялық қаржы дағдарысы (1997-1998 ж.)

Тәуесіздік алып, енді қадам басып жатқан Қазақстан үшін бұл дағарыс қиынға соқты. Бұл Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ауыр соққы болды. Таиланд, Индонезия, Малайзия және Оңтүстік Кореяның экономикасы ең көп зардап шекті. Ал аз дәрежеде дағдарыс Жапония, Гонконг, Лаос, Филиппин, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Сингапур және Тайваньға әсер етті. Әлемдік нарықта шикізат бағасының күрт төмендеуі 1998 жылы ресейлік экономикалық дағдарысты, ал 2001 жылы Аргентина халқының кедейлік шегінен төмен үлесі 54%-дан астамға жеткен Аргентиналық дефолтты тудырды.

Егемендікке қол жеткізіп, посткеңестік дағдарысты айналып өткен Қазақстан алғаш рет девальвацияға тап болды. 1999 жылы доллар 85 теңгеден 140 теңгеге дейін көтерілді. Ал орташа жалақы осы кезеңдегі 124 доллардан (9 683 теңге) 99 долларға (11 864 теңге) төмендеді. Кеңес Одағынан бөлініп шығып, қолы аузына енді жеткен Қазақстанға дағдарыстан шығу оңайға соқпады. Алайда мұны да еңсерді.

Әлемдік экономикалық дағдарыс (2008-2013)

Екінші, қаржылық дағдарыстың бірі – аты шулы әлемдік экономикалық дағдарыс. Жаппай банктердің сәтсіздігі мен АҚШ-тағы акциялар бағасының құлдырауынан кейін қаржылық дағдарыс бүкіл әлемді, соның ішінде Латын Америкасын, Еуропа мемлекеттерін, Азия-Тынық мұхиты аймағын және ТМД елдерін шарпыды. Дәл осы уақыт аралығында шикізат бағасының жаһандық өсуі, көптеген ірі халықаралық компаниялардың банкротқа ұшырауы және тарихтағы еңбек нарығында рекордтық деңгейге жеткен жаппай жұмыссыздық байқалды. 2009 жылы дүние жүзінде 200 миллион адам жұмыссыз қалған.

Әрине, бүкіл әлем толқып, дағдарыс орын алғанда Қазақстанға әсері болмай қоймайды. Қазақстанда 2009 жылы доллар 120 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілді. Ал орташа жалақы 456 долларды (67 333 теңге) құрады. 2008 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға төмендеген.

Еуропалық қарыз дағдарысы (2010 - 2013)

2002 жылдан бері қаржы нарығының жаһандануы, несиеге оңай қол жеткізу және кейбір ЕО елдеріндегі экономикалық өсудің төмендігі еуропалық қарыз дағдарысына әкелді. Грекия, Португалия, Испания, Ирландия және Кипр алдымен жаһандық экономикалық проблемаға тап болды. Содан кейін дағдарыс Еуропаның барлық дерлік мемлекеттеріне, соның ішінде Франция мен Германияға тарады. Осы уақытта әлемдік сауда 10%-дан астам қысқарды. ЕО-ның көптеген елдерінде мемлекеттік кірістердің қысқаруына байланысты салықтар өсті, ал үкіметтер ақшаны үнемдеу мақсатында өздерінің шығындарын азайтты.

ЕО-ның экономикалық проблемалары әлемде жаһандық девальвацияны тудырған жоқ. Алайда, қазақстандық туристер үшін Еуропадағы экономикалық проблемаларға байланысты турлардың құны өсті. Сондай-ақ, 2010-2013 жылдар аралығында Қазақстанда доллар бағамы тұрақты болды – бір доллар  148 – 150 теңге. Бұл ретте орташа жалақы 909 доллар 137 043 теңгеге дейін өсті.

Санкциялық дағдарыс (2014-2018)

Қырымның Ресей Федерациясына қосылуына және Украинаның шығысындағы әскери қақтығысқа байланысты АҚШ, Еуроодақ, Австралия, Жаңа Зеландия және Канаданың Ресейге қарсы санкциялары Ресейдің өзінде де, одан кейінгі кезеңде де қаржылық дағдарысқа әкелді. Кеңес мемлекеттері, оның ішінде Қазақстанға ықпалын тигізді.

2014 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы бір доллар үшін 150 теңгеден 185 теңгеге дейін әлсіреді. Ұлттық банк айырбас бағамын жасанды түрде тежеуді тоқтатып, теңге еркін құбылмалы бағамға көшті. 2016 жылы доллар қазірдің өзінде 340 теңге болды. 2013 жылмен салыстырғанда доллармен есептегенде орташа жалақы 909 доллардан 420 долларға дейін дерлік екі есеге азайды.

COVID-19 пандемиясына байланысты жаһандық қаржылық дағдарыс (2020-2021)

Әлемде вирус тарап, үлкен ауқымды мәселе туғызды. Бұл экономикалық шығын ғана емес, рухани және адамдар шығынын әкелді. Адамдар үйіне қамалып, дәрі-дәрмектердің бағасы күрт өсті. Тіпті, тапшы болды. Адамдар онлайн режимдегі жұмысқа көшті. Біразі жұмыссыз қалды.

Мұнай бағасының да құлдырап кетуі, шекаралардың жабылуы, барлық салалардың уақытша тоқтап қалуы және девальвация кезекті қаржылық дағдарыстың айқын хабаршысы болды. 2020 жылы жаһандық экономика 4,3%-ға қысқарды. Бұл 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезіндегіден үш есе дерлік артық. Ғалымдардың пікірінше, 2021 жылы экономиканы қалпына келтіруге цифрландыру, жаппай вакцинация және өмірді сақтандыру, соның ішінде коронавирустан сақтандыру ықпал етті.

2020 жылдың наурыз айына дейін Қазақстанда доллар бағамы 382 теңге болды. Пандемияның келуімен елімізде төртінші девальвация болып, доллар 400 теңгеге дейін көтерілді.

2021 жылы валюта нарығындағы айырбас бағамы бір доллар үшін 420 теңге болды. Ал бір жылдағы орташа жалақы 609 доллардан (233 136 теңге) 420 долларға (249 349 теңге) төмендеді.

Ресей-Украина әскери қақтығысына байланысты экономикалық дағдарыс (2022). 

2022 жылдың 24 ақпанынан бастап екі мемлекеттің әскери әрекеттері нәтижесінде рубльдің долларға шаққандағы бағамы күрт құлдырады. Бұл девальвацияға АҚШ пен Еуропаның бірқатар экономикалық санкциялары себеп болды. Сарапшылар 1998 жылғы дағдарыспен салыстыруға болатын экономикалық құлдырауды болжайды.

Рубльдің құлдырауы нәтижесінде Қазақстанда кезекті девальвация орын алды. Бірер күнде доллар 430 теңгеден 490 теңгеге, кейін 518 теңгеге дейін шарықтады. Одан кейін азық-түлік бағасының жылдам өсуі – 30%-дан асты. Қазір доллар бағамы 494 теңге. Орташа жалақы 552 долларды (272 968 теңге) құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға аз.

Халықаралық валюта қоры келесі жылғы әлемдік экономиканың өсу болжамын жасап, қор нарықтарының құлдырайтынын мәлімдеп отыр. Өйткені, Ресей мен Украина арасындағы соғыс біздің елге ғана емес, әлем мемлекеттеріне кері әсерін тигізуде. Дегенмен, «Жаман айтпай жақсы жоқ!». Бұл дағдарыс та артта қалар.

Дана Нұрмұханбет 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket