“Қазақ балалары теңдікке жетті!”: Қазыбек Исадан көмек сұраған оқушыларға грант бөлінді

3709
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бұрын әділетсіздік жасалған қазақ тобына қосымша 41 грант бөлінді. Бұл туралы ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты. “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек ИСА Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Бұл зор Жеңіс! Ала жаздай аттандап шапқанымыз далаға кетпеді!  Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бұрын әділетсіздік жасалған қазақ тобына қосымша 41 оқушыға грант бөлінді!!! 

Бұл қуанышты хабарды естігенде өзім немесе өз балам оқуға түскендей қуандым. Көз алдыма “Мен күнде таңғы 6-дан тұрып, кешке дейін дайындалдым. Нәтижесінде орыс бөліміне түскендерден 60 бал артық алсам да, қазақ бөліміне тапсырғаным үшін оқуға өтпей қалдым. Менен 60 бал төмен алған орыс бөліміндегі балалар мынау Назарбаев мектебінде оқып жатыр!”- деп, бұрылып,  қолымен мектептің әсем ғимаратын көрсетіп қойып, көз жасын сүртіп тұрып, булығып, қорлық пен теңсіздікке, көрінеу әділетсіздікке  жарылардай зорға  сөйлеп шырылдаған  қазақтың қара домалақтары  Шыңғыс Сабыр мен Аманхан Дінмұханбет бастаған балалардың  көздеріне тура қарай алатын болдым ғой деп қуандым. Ол балақай оның видеосын қойып, үкіметке сұрау салған мақалам жарияланған фейсбуктағы парақшама маған бата берген  видеосын салып жіберіпті! “Періштенің тілегі орындалады, әумин” деп қуанып қалғанмын! Иә, 41 періштенің - 41 баланың тілегі орындалды! Алла жар болсын!”,- деп жазды ол.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаға жазбаша да , видеомен де үндеу жасаған  Байсал Төлен, Қуанхан Бақытхан, Мухамат Болатбайқызы бастаған  50 шақты ата-ана болатын. Баланың тілегін жолда қалдыра алмаған Қазыбек Иса әділдіктің орнауы үшін Назарбаев зияткерлік мектебі” басқарма төрайымы К.Шәмшәдиноваға ескерту жасады. Сондай-ақ, газет пен сайттарға қоғамдық  резонанс тудыратын мақалалар жариялады. Олар үлкен қолдауға ие болды.

“Баласы үздік оқыса да, оқуға түсе алмаған ата-ананың күйі маған белгілі.  Жоғарыда мен “өз балам оқуға түскендей қуандым” деп босқа айтқан жоқпын.  Үнемі қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлде алып жүрген, кеше ғана Астанадағы белгілі ұлтшыл ағартушы  Аятжан Ахметжанұлы басқаратын Қайым Мұқамедхан атындағы #90 ұлттық гимназиясының 9 сыныбын, негізгі орта білімін тұңғыш  үздік аттестатпен бітірген қызым Әмина Жарылқасын 2019 жылы 6-шы сыныпты аяқтар көктемде тура осы Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне сынақ тапсырып, негізгі пәндерден жоғары ұпай алып тұрса да, басқа жанама пәндерден балы төмен болғандықтан өтпей қалған еді…

Енді кезінде өз балам  оқуға өтпесе де, бүгін 41 баламның оқуға түсуіне үлес қостым ғой деп қуанышты сезімде отырмын.  Өз балаларыма 41 бала қосылып, әлемдегі ең бай әке болып отырған жайымыз бар!”,- деді Қазыбек Иса.

Сонымен қатар, ол осы істе күш-жігерін аямаған қолдауластарына алғыс білдірді.

 

Пікірлер