Әлеуметтік желілерді қара киімді адамдар жаулап жатыр - журналист Нұргелді Әбдіғани

2772
Adyrna.kz Telegram
Журналист Нұргелді Әбдіғани қоғамдағы тосын құбылысты сөз етіп, оқырман қауымның назарын аударды. Автор тик-ток әлеуметтік желісінің тікелей толқынына түн жарымында қосылып, үлкенді-кішіліге, жастарға ұлттық дәстүрімізге, тәлім-тәрбиемізге қарсы үгіт айтатын адамдардың көбейгенін байқаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.   
- Дін деген өте нәзік тақырып қой. Біреудің көңіліне, біреудің сеніміне сөз тиіп кетеді деп тартыншақтаймыз. Десе де, бүгін қысқа ғана бір ойды ортаға салмақпын. Тик-Ток деген желі қазір жұрт көп бас сұғатын алаңға айналды. Жасы да, кәрісі де сонда. Кеше Тоқаевқа да мақтап жүрген осы Тик-Ток. Біз де бармыз сонда. Соңғы уақыттары қара жамылған қатын-қалаштың тікелей эфирлері лентамда жиі шығып жүрген. Мән бермедім. Ондағы көки-сөки қоқыстың барлығын қарап, барлығына сөз шығарып, пікір жазып отыратын уақыт қайда?.. - деп жазды журналист.
Кейіннен автор тұмшаланып алып, қазақы тәрбиеге, ұлттық салт-санаға қарсы "кертолғау" айтатындардың сөзін, іс-әрекетін саралады.
 - Жаңағы қаралы қатындардың біреуі бір шықты, екіншісі екі шықты. Содан әлгінде ерінбей біреуінің әңгімесін тыңдап шықтым. Әуелі, жаңағыларыңыз сөз шешен, айтарға ағылып тұрған сөзмерлер де емес. Екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын ежіктер. Мыңқ-мыңқ етіп, әрнені бір әңгіме қылып, сағаттап отырды. Жарты сағаттан соң, қолымды бірақ сілтеп, шығып кеттім. Сосын, бұлар көбіне-көп түнгі уақыттарда эфирге шығады екен. Түн дегенде де, екі, үштер шамасында. Тіпті, біреуін төрттің шамасында көріп қалдым. Айтатын әңгімелері араби терминдерді қолдана отырып, ұлттық тәрбиеге қайшы, қазақы таным-түсінікке жат әңгімелер. Оның алдында біреуі: "Әке-шешең орамалыңа, намазыңа қарсы болса, оның пікірін елеме. Қарсы шық", - деген мағынада бірдеңелерді айтып отырған. Оны скирндеп алмаппын. Мыналары да оңып тұрғаны шамалы- деді бұған қатысты.
Cөз соңында Нұргелді Әбдіғани көңіліндегі көп сұрақты оқырман қауымға жеткізді. Қолданушылар  ашық, бүкпесіз, өз ыңғайы мен шама-шарқына, білім мен түсінік деңгейіне қарай контент жариялайтын тик-ток желісіндегі тосын құбылысқа тоқтау болуы қажеттігін қадап айтты.
"Мендегі сұрақ: Осыларды біреу-міреу бақылап, айтқандарын аңдып қарап, не істеп, не қойып жүргендерін тексеріп жатыр ма? Ұлттық қауіпсіздікке жауаптылар айналысуы тиіс шаруа ғой! Бұлардың эфирлеріне контент-анализ жасау керек! Олардың түнгі уақыттарда оянатынын да қаперге алу керек? Неге ол уақыттар? Қысқасы қазір желілерде түнгі уақыттарды қара киімді қатындар (бәлкім қыздар шығар) жаулап жатыр", - деп ойын түйіндеді ол.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер