Шымкентте белгілі шайыр Қазыбек Исаның шығармашылық кеші өтті

998

Шымкентте белгілі ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның “Сырымды айттым далаға” атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақынның алпыс жылдық мерейтойына арналған кешке қаламгерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, жырға жаны асық оқырман қауым қатысты. Мәдени кешке келген көрермендер, алдымен, ақын Қазыбек Иса жайлы "Тәуелсіздікке отыз жыл" атты деректі фильмді тамашалады. Деректі фильмде Қазыбек Исаның өнегелі өмірі жайлы баяндалып, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға қосқан үлесі мен ұлттық мүддеге қатысты ой-пікірлері сөз етілді.

Кешті ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспендия мүшесі Бауыржан Жақып тізгіндеді. 

"Түркістан сарайындағы үлкен салтанатты тойға жиналып отырмыз. Қазақтың қарымды қаламгері, Мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның кешіне қош келдіңіздер", - деді Бауыржан Жақып.

Кейіннен халқының ықыласына бөленген ақын Қазыбек Исаның жырларынан шашу шашылып,  көрермен көңілін лирикалық, жалынды-патриоттық, рухты жырларымен тербеді.   

Кеш барысында қазақтың аяулы ақын қызы Ханбибі Есенқарақызы,  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, "Ақ жол" партиясының басшысы Азат Перуашев сөз алып, жыр кешінен алған әсерлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, мерейтойға орай туған өлкеге арнайы келген Қазыбек Иса Түркістан мақамдары негізінде жарық көрген «Текті сөздің төресі» термелер жинағының тұсауын кесті.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket