Ел қорғаған Есет батыр

2895

Көкінің Есет деген баласы бар

Ісіне әркімдердің таласы бар.

Сейтқали Жанғалиев

 

Боз даланың төсінде тұлпар мініп ту ұстаған, қол бастаған бабалардан қалған мұра – киелі топырағымыздың бір бөлшегі, толағай табыстардың, берекелі ырыстың бастауы болған шырайлы өңірдің бірі Ақтөбе деп білемін. «Салт дәстүрім – қазынам» демекші, дана халқымыздың ұлы мен қызына, жайлауы мен қыстауына, өзені мен көліне, қыраты мен төбесіне, тауы мен ойына, шұрайлы қонысына әдемілеп, кестелеп, көркем ат қою үрдісі – ежелден қалыптасқан, қанға сіңген тамаша дәстүрінің бірі. Және бір ерекшелігі көңілі құлаған ерекше құбылыс дүниелерді ақ түспен орайластырып отырған. Мәселен, ақ үй, ақ шабдар, ақ шаңқан, ақ шарбы бұлт, ақ шатыр, ақ шашты ана, ақсақал, ақ пейіл, ақ ниет деген теңеулерді кеңінен қолданған екен. Мұқым қазақ елінің мақтанышына айналып, атағын аспандатып тұрған Ақтөбе атауының түп-тамыры осындай ұғымда жатқан секілді.

«Ел үмітін ер ақтар» деген. Тарихы терең қарт Ақтөбенің киелі топырағында кіндігі кесіліп, жауда батырлық, дауда шешендік танытып, халқының бостандығы мен ұлтының тұтастығы, жерінің бүтіндігін сақтау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп тұлғалық деңгейге көтерілген ұлы перзенттер аз емес. Құдайға шүкір, ұлтымыздың ұлан-асыр бағына қарай алтын құрсақ аналарымыз әр ғасырда жаужүрек батыр ұлдарын дүниеге әкеліп отырған. Солардың біразының есімі бүгінде аңызға айналып, қайраткерлік тұғырға көтеріліп, тарихта аттары қалған.

Ұшқан құс қанаты талатын кең байтақ өлкеміз бен құтты қоныс атамекенімізді талай шапқыншылық жорықтарда бір сүйемін де жау қолына бермей аман алып қалған есіл ерлердің ерлігі ұрпақтан - ұрпаққа мирас болып келеді. Халықтың батыр перзентерін ұмытпай, оларды ұлықтап, ардақтап отыруы заңдылық деп білемін. Әрине, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Тайлақ, Өтеген, Сұраншы, Ер Қосай, Исатай, Махамбеттермен қатар Тілеу батырдың есімін ерекше атаймыз. Оның қаһармандық ісі – 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы Сайрам қаласы түбіндегі шайқастарда Кіші жүз әскеріне қолбасшылық етуі. Тілеу батыр сондағы ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тауып, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында жерленді.

Көреген саясаткер, ақыл-парасаты мен батырлығы тең қолбасшы, атадан асыл туған Тілеу ежелгі Тұранның бесігі мен есігі атанған түркі дүниесінің тәжі – қасиетті де киелі Түркістаннан айырылсақ, оның ақыры немен тынарын жақсы білді. Осы Сайрам соғысына Батыс аймақтан әрісі Маңғыстау, берісі Бершүгір, Ұлы Борсық, Арал өңірі, Сағыз-Жем, Темір өзендерін жайлаған қалың елден шамамен он жеті мыңға жуық қол жиналды. Тілеу батыр бастаған бұл әскер Әз-Тәуке ханның алдынан өткен соң, ұрысқа кірді. Ол заманда он жеті мың сарбаз – көп күш болатын, тыңнан қосылған мол қол қазақ жауынгерлерінің рухын көтереді. Әбілқайыр хан, Әйтеке би, Мөңке би, Мыңбай батыр, Есет Көтібарұлы, Қобыланды батыр, Көтібар батыр, Көбен би, Бөкенбай батыр, Наурызәлі батыр, Асау-Барақ, Жарас батырлар – қазақ ұлтының бағына туып, әр ғасырда елдікті сақтап қалған қайраткер тұлғалар.

Осындай қайтпас қайсар батырлар шоғырында арасынан тама Есет Көкіұлының да есімі бір төбе. Ел аузында «Алланың тасы қатты ма, Есеттің басы қатты ма?» деген сөз қалуы оның осал тұлға еместігін тағы бір аңғартса керек. Бұл тәмсіл Есет батырдың Қалмаққырылған деген жерде жауды талқандауда көрсеткен айрықша ерлігінен кейін шыққан деседі.

Есет деген ат еліміздің құйқалы өңірінің бірі Ақтөбе жерінде ең қасиетті есімдердің бірі болып саналады. Ал, жалпы, бұл сөздің түп-төркіні «келісті, лайықты, жаужүрек» деген мағынаны білдіреді екен. Біз, қазақ халқы, жарық дүние есігін ашқан нәрестеге ат қою мәселесіне келгенде үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әр атаудың мән-мағынасына терең үңілеміз.

Бала – адамның бауыр еті болғандықтан шаңыраққа шыр етіп келген сәбиге ең жақсы есімді таңдап қоюға тырысамыз. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді беріп жатады. «Азамат деген атқа лайықты, елін қорғар жаужүрек жігіт болсын» деген ниетпен Есет деген есім де көп тараған.

Есет Көкіұлы елімізге кеңінен мәшһүр қасиетті әулие, ерен батыр, қызыл тілді шешен, топ бастар көсем болған. Сексеннен асып, бақилыққа аттанып, арада сан ғасырлар өтсе де халықтың жадынан жоғалмаған, зор мәртебеге ие асыл тұлға.

Жаугершілік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен Есет те ел қорғауға ерте араласып, ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде Есеттің жауынгерлігіне риза болған Тәуке хан: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын»,– деп бата берген екен.

Қазақ біреуге риза, ісіне тәнті болғанда «текті атаның баласы» – деп жатады ғой. Халқымыз тектің асылдығын мойындаған, адам бойына ұялайтын жақсы әдептің түрлері тектің рухында деп түсінген. Себебі, текті құрметтеу елді сақтайды, ел сақталса жер сақталады. Есет батыр да текті атаның өнегесіне, бабаның өсиетіне қарап өсті. Шыққан, өсіп-өнген ортасы да елге ерекше танымал ұлылардан құралған. Ол – қайтпас қайсарлығының арқасында аймағына «Таймас» – деген атпен белгілі болған, шекіссе шегінбейтін, күрессе жеңілмейтін, алған бағытынан таймайтын Көкі батырдың баласы. «Әке көрген оқ жонар» – демей ме, халық даналығы. Көкібатыр да – Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрлер бастаған Орбұлақ шайқасына қатысқан өр тұлға. Ал, анасы Назым – ақ кете руының атақты биі Балпыштың қызы. «Тектіден нәр алған тозбайды», – деген осы. Туыстық, қандас жағын қуалар болсақ, Маңғыстау өңірінде өмір сүрген әулие, пір Бекет бабаға кәрі нағашы болып келеді. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы, дарынды хан, мемлекет қайраткері, дипломат, қолбасшы Абылайханның ең сенімді қол бастаған батырларының бірі қыпшақ Нияз батырдың замандасы ретінде сыйластық қарым-қатынаста болған. Есімі әлі де елге кеңінен танылмай тұрған кезде де Әбілқайырды қолдап, оны хан көтеріп, қазақ жасағының қолбасшысы болуға атсалысты. Сонымен қатар, Есет батыр қазақ ұлты санасында қатты сілкініс туғызып, біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында ірі бетбұрыс жасаған ең үлкен жеңісі 1729 жылы Аңырақай шайқасына Кіші жүздің туын ұстап соңынан қол ертіп барғанына тарих куә. Аңырақай шайқасы – қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуға негіз салған қазақ-жоңғар соғысындағы ең сойқан шешуші соғыстардың бірі екенін білеміз.

Алайда, Жоңғариямен ұзаққа созылған аса ауыр соғыста қазақ жасақтары тамаша жеңіске жеткенімен ол табыс баянды бола қоймады. Қазақ хандары мен сұлтандарының тақ таласына байланысты алауыздығы салдарынан бұл күреске Ресей империясы да тартылды. Әбілқайыр қазақ хандығында жеке өз билігін нығайту жолдарын жатпай-тұрмай тынымсыз іздестіре келіп Кіші жүздің ханы 1731 жылы Ресей мемлекетінің қолдауына сүйенуге бел буды. Кіші жүз хандығының Ресеймен одақтасу тұсындағы шешуші кезеңде Есет батыр да белсенділік танытқан беделді де белді тұлғалардың бірі болғаны анық.

Есет батырдың өмірінің бір жарқын тұсы – Қарасақал бастаған башқұрт халқының Ресейге қарсы көтерілісінің кезі еді. Ойсырата жеңіліске ұшыраған башқұрт батыры Есетті паналап, қорған санайды. Ресей жағы болса башқұрттарды жазалау үшін өздеріне тапсыруын талап етеді. Десекте, кедергілер мен қиыншылықтар туындап, қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан Есеттің ерік-жігерінің, күш-қайратының арқасында қазақтарды арқа тұтып келген башқұрт жауынгерлерінің өмірін сақтап, аман алып қалды. Сондай-ақ, ол, даңқты батыр Сырым Датұлына ақ батасын берген абыз.

Есет батыр ғұмырында 27 рет жекпе-жеке шыққан екен. Ешкімге есесін жібермей, жекпе-жектерінде талай рет жауын жер жастандырған атақты батыр.

1743 жылы оған «тархан» деген әскери шен берілді. Яғни, орыс армиясындағы ең жоғарғы атақ. Қазақстанның батыс өңірін зерттеген белгілі ғалым Зәкіриддин Байдосов Есет батырға тархан атағының берілуін талдап, мынадай қорытындыға келеді. Бірінші, Есеттен бұрын «тархан» атағы Шақшақұлы Жәнібекке берілген. Жәнібек пен Есет ел арасында өте беделді тұлғалар болды. Патша үкіметі олардан қолдау күтті, олардың қолдауына ие болу өте маңызды еді. Екіншіден, басқа сұлтандар, старшин, билерге тархандықты үлгі қылып көрсетуді сол арқылы өз жағына шығаруды көздеді. Үшіншіден, Жәнібек, Есет батырлар арқылы бұқара халықты патша тағына бас идіруді көздеді. Төртіншіден, патша шенеуніктері Жәнібек, Есеттерді өз үйірлеріне тарта отырып Әбілхайыр ханды оқшаулап, оның беделін түсіруді қалады.

Әбілхайыр хан өлтірілгеннен кейін оның орнына баласы Нұралы хан сайланады. Әбілхайырдың кезінде оның ұлы Әділ аманатта болатын. Енді аманатқа Нұралы ханның өз баласын беруі талап етілді. Тек Нұралы хан ғана емес, Есет, Жәнібек батырлардың да балалары аманатқа берілсін деген талап қойылды. Олардың есімдері ханмен қатар аталып, маңызды жұмысқа тартылып тұр. Патша билігі елді отарлау үшін осындай сұрқия әдістер мен тәсілдер қолданып бақты. Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев 1743 жылы 8 шілде күні Кіші жүз және Орта жүз қазақтары туралы Сенатқа хат жазды. Бұл хатта отарлау саясатын сәтті жүргізу үшін жергілікті халық арасына іріткі салу, араздық пен бақталастық туғызу, ең беделді адамдарды жіктеп, бірін көтеріп, екіншісін төмендетіп дүрдараздық туғызу үшін оларға атақ, дәреже беру туралы айтылды. Орынбор орыс әкімшілігі Есет сияқты беделді тұлғалардан көз жазбауға тырысты. Олардың сыртынан жасырын хабарламалар алынып, құпия барлаушылар жіберіліп отырды. Олардың қыс қыстауы, жаз жайлауы үнемі бақылауда болды. Мысалы, Есет батырдың көшу маршруттары Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Елек өзені, Жем бойы, Борсық құмы болатын. Оның бәрі ескерілді.

Бұл жағдайлар Есет батырға да аян еді. Ресей мен іргелес аудандарға әскери бекіністердің көптеп салынуы оны қатты толғандыратын. Көршілес естек (башқұрт) халқының мойнына ілінген отарлық бұғаудың қазақ халқына да келерін сезінгенмен, ертеңнен үмітін үзбеді.

Ет пен сүйектен жаратылып туғаннан соң мына апақ-сапақ өмірдің қоңыр күзі, ақшамы болатыны да заңдылық. Есет батыр да салиқалы жасқа жетіп, қазыналы қарттық шағын өткеріп, жорықты сапарда емес, өз үйі-өлең төсегінде жатып, жарық дүниемен қош айтысты. Бақилыққа аттанар алдында замандастарын жинап, бақұлдасып: «Менің басты арманым – Отанымды, туған топырағымды жау аяғына таптатпау еді. Сол азаттық жолында қолымнан қару түспеді, өзім аттан түспедім. Жаумен алысып, дұшпанның жағасын жырта жүріп, ұрыс даласында өлсем бе деп едім. Бірақ, Алланың ұйғарымы осылай болды. Ертең денемді қара жердің қойнына тапсырар кезде басымды Шығысқа, аяғымды Батысқа қаратып жерлеңдер. «Жауды аяғыммен тіреп жатайын», – деп өсиет қалдырыпты.

Тағы бір әңгімеге құлақ түрсек, Есет батырдың замандастары: «Оның бұл дүниеде не арманы бар екен, сұрайықшы»,– деп жиналып келіпті. Сонда Ақмаңдай асыл перзентін, талай ханды жорықтарда жан серік болған, Шалқар теңізінен Аңырақайға дейін барған Ақмоншақтай тұлпарын айтып:

«Өмірде Ақмаңдайдай ұл сүймедім,

Асатын Ақмоншақтай ат мінбедім.

40 жыл қырғын болса, ажалды өлер,

Өкінем, жау қолында неге өлмедім?» – деген екен.

Дөңгеленген дүние тынымсыз шыр айналумен келеді. Содан бергі аралықта да адамзат қаншама ғасырды артқа тастады, сан қилы замандар, дәуірлер зымырап өте шықты, әртүрлі қоғамдық формациялар ауысты, жүйе өзгерсе де халықтың ұлы тұлғаға деген махаббаты бір сәтке де айныған жоқ, біз – соның куәсіміз. «Ердің соңы Есет, пірдің соңы Бекет», – деген ұғым ел аузында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқанының өзі баһадүр бабаларға, тарихымызға деген зор құрметтің, қошеметтің нышаны деп білемін. Ұлыларды ұлықтау – өткенді ұмытпау деген сөз. Бұл бағыттағы істер елдігіміздің еңселі, бірлігіміздің бекем екенін айшықтай түсті. Ең бастысы, ұрпақтар сабақтастығының мәңгілік екенін көрсетті.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құжатта: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».  Осыған сай соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде оң өзгерістер белең алғанына қуанамыз. Ізгі мұраттарға толы шараларды өмірдің барлық саласынан кездестірдік. Өндіріс әлеуетінің артуы, рухани шаралардың көптеп қолға алынуы көңіл қуантады. Әбілқайыр ханға арналып кесене салынуы, Едіге батырға ескерткіш қойылуы, Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай ханымның есімімен аталған бала-бақшаның ашылуы сияқты үлкен істердің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдіміз. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында ашылған Есет баба ескерткіші де көз тартады. Бұл шаруалардың бәрінде де ел азаматтарының ұйымшылдығына ризамыз.

Есет баба есімі мәңгі халықтың жадында. Бестамақ елдімекенінде мавзолейі ашылып, киіз үй үлгісіндегі сәнді мұражай тұрғызылғаны көңілге қуаныш ұялатып қана қоймай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, бабалар тарихын білуге жұмылдырары анық. Бабаның қайсар рухына тәу етуге еліміздің түпкір-түпкірінен ағылған ағайынның нөпірінде қисап жоқ. Ұлттық кодымыздың тамыры Есет баба сынды ұлылардан бастау алса бүгінгі гүлденген, түрленген Ақтөбедегі салтанаттың салмағы арта түспесе, төмендемейтіні сөзсіз. Демек, Есет батырдың өмірі мен ерлік істері, өнегелі жолы өскелең ұрпақтың санасында жаңғырады деген үмітке жетелейді.

Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйініне келер болсақ, халқымыздың ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан: Асанбай, қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып кетедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай алатын дәрежеге жетуi керек. Кезiнде қазақтың жанын сақтап қалсақ екен дедiк қой... Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек», – деген толғақты пікірі ойға оралады. Расында, бабаларымыздың сара жолын, елдік істерін еске алып, тарихымызды екшеуге бағытталған қадамдар қазақтың рухын, намысын жігерлендіретіні сөзсіз.

Арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың:

«Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,

Ол мәңгі жанады, көрмей тыным.

Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,

Тірі тұрса қолынан бермейтұғын» – деген әдемі шумағын бүгін осы бабалар рухына арнай еске алғымыз келеді.

2022 жылдың 7-8 қазан күндері Ақтөбе облысының Бестамақ ауылында Есет Көкіұлының 355 жылдығы кең көлемде, ауқымды аталып өтті. Ақтөбе қаласының жаңа мөлтек ауданы Есет Көкіұлы деп аталып, оның ескерткішінде жан жақтан келген ас қонақтары кездесу өткізді.

«XVII-XVIII ғғ. қазақ-жоңғар қатынастарындағы Есет Көкіұлының тарихи рөлі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтіп, жан жақтан шақырылған ғалымдар өздерінің баяндамаларымен шығып сөйледі. Конференция Жанша Құрманқызы Бақытжанның «Елін қорғаған ер Есет» атты кітабының тұсаукесерімен ашылды. Бұл конференцияда ғалымдар төмендегідей ұсыныстар айтылды:

  1. Есет батырдың өмір даталарын тарихи дерек көздерімен салыстырып, қайтадан саралау, зерттеу;
  2. Есет батырдың тарихи шайқастардағы рөлін тарихи құжаттарға сүйеніп нақтылау;
  3. Ақтөбе облысының Алға ауданын Есет Көкіұлы атындағы аудан деп атау және Бестамақ ауылының тарихи атауы «Бестаманы» қалпына келтіру, т.б. ұсыныстар жасалды.

​Келесі күні баба басына барып құран бағыштау, бәйгі, театрландырылған қойылым, концерт т.б. мерекелік шаралар өтті. Сөйтіп бабаның бұл тойы ұрпақ бірлігін қалыптастыруға, отансүйгіштік қасиеттерді ұштауға, ел бірлігін нығайтуға бағытталған қомақты шара болып өтті.

Өмірзақ Озғанбаев,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket