Әуезов неге қуғындалды?

7983
Adyrna.kz Telegram

Биыл белгілі жазушы, Ұлы Абайды күллі дүниеге танытқан Мұхтар Омарханұлы Әуезов 125 жасқа толды. Абай туралы мәліметтерді жылдар бойы жинап, оның ұлағатты сөздерін, өмірінің соңына дейін насихаттап өткен Мұхтар шоғы биік, дүйім ел таныған  классик жазушы болды. Мұхтар Омарханұлы туып, өскен жері Семей өңірі, Абай шыққан ортадан тәлім-тәрбие алып, оның данадық сөздерінен нәр алған.

Кеңестік жүйе орнағаннан кейін Әуезов сенімсіздердің қатарына ілігіп, қуғындала бастады. Мұхтардың іс-әрекетінің үкімет орындарына жақпады. Оған деген сенімсіздіктің басы Алаш қозғалысына белсене қатысып, ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы идеясына  қолдау көрсетуі болатын.

Мұхтардың өмір жолдары Әлихан бастаған Алаш қозғалысымен тығыз байланысты. Оның Алаш азаматтарымен ара-қатынасы 1914-1919 жылдар бастау алады. 1909-1914 жылдар аралығында Семейдегі қалалық бес кластық орыс мектебінде, одан кейін 1915-1919 жылдары оқытушылар семинариясында оқыған кезінде қазақтың қаймағы атанған ұлт зиялыларымен етене араласып, олардың барлық іс-шараларына қолдау көрсеткен еді.

Жас Мұхтар мүше болған «Жанар», «Жәрдем», «Талап» сияқты ұйымдарының  басында Алаштың белгілі зиялылары тұрды. Бұл ұйымдар қазақ жастарын ағартушылыққа, ғылымға, мәдениетке қарай жетеледі. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Боштаев сынды алашшыл қайраткерлердің сенімді серігі болған Мұхтар Алаш идеясын берік ұстанып, қазақтың тәуелсіздігі жолында қарымды қаламымен қызмет етті.

Қаламгердің «Алаш» партиясымен тығыз байланыстылығы партияның органы болған «Сарыарқа», «Алаш», «Абай» сынды басылымдарда жарық көрген мақалаларымен айқын. Оның жарияланған мақалалары қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік тақырыптарды қамтыды. Алаш идеясымен қаруланған жас Мұхтар Алашорданың қолға алған мәселелерін қуаттады және оны қолдайтындығын жиындарда сөйлеген сөздерінде айқын білдірді.  ХХ ғасырдың 20 жылының басында-ақ ол ел тағдырына қатысты баспасөзге қазақ азаматтарына, зиялыларына ой саларлық бірнеше мақалалар жариялады.  «Қазақ оқығандарына ашық хат» деп аталған мақаласында ел болашағы жолында бұғып жатпай, әр жаққа тартпай, қашпай бірлесе, бел буа қызмет істеу керектігін көтерді. Мұхтар қазақтың күйіне күңіренді. «Қазіргі қазақ күйі»  мақаласында елді қараңғыдан алға сүйрейтін қазақ оқығандары, зиялылары екендігін баса көрсете, оларға сенімділік танытты, сүйенді. Мысал ретінде Жапония, Ресей, Германия, Англиядай елдерді ауыр күйінен осы оқығандардың алып шығып, алға  жетелегендігін баса айтып, жол көрсететін де, бағыт беретін де оқығандар, ел зиялылары екендктерін естеріне салды.

Мұхтар Әлихандай Алаштың көшбасшысы тұрған қазақ интеллигенциясына үміт артты.  Ел түзеліп, өнерлі жұртқа айналса деген үмітпен кәсіп қылып, зауыт, фабрика салып, шаруашылықты жөндеп, егін егіп, оңалып, жұрт қатарына іліксе деген ойда болды. Оған кедергі келтірер кереғар, енжар мінездерді сынады, олардан арылудың жолын іздеді.

Мұхтардың Алаш идеясын қолдауы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге «Абай» журналын шығарып, ұлттық бірлікті, ұлттық рухты тарихи тұлғаны насихаттаудан бастауынан көруге болады. Бұл басылымда оның өз мақалалары, аудармалары жарық көрген. Ғылымды прогресс жолына пайдалану қажеттігі туралы «Ғылым», «Ғылым тілі», ұлт мәдениетін көтеруге арналған «Мәдениет һәм ұлт», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», оқу-ағартуда «Оқу әдісі» және тағы да басқа өзекті тақырыптарға арналған оннан аса мақалаларының «Абай» журалында жариялануы, оның сол кездердегі аға буын өкілдерімен жиі кездесіп, олардың көтерген мәселелерін кең насихаттаудың бір ұшы деп тануға болады. Оның үстіне бозбала Мұхтар айналада болып жатқан оқиғаларды бағдарлай, әлеуметтің тұрмыс-тіршілігіне жаңа серпін еңгізіп, ұлт мүддесі жолында қызмет етуде жастарды тартудың маңыздылығын түсінді. Қазақ жастарын, әйелдерді оқуға,  қоғам жұмыстарға тарту, мәдени іс-шараларға жұмылдыруды құптады. Сондықтан Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесе ұйымдастырған осы «Абай» журналында жастардың қоғам өміріне етене араласып, елдің дамуына елеулі үлес қосуға бірлесе аттануға шақыруының себебі де сол.

Ол ескі патшалық жүйенің құлап, жаңа орнаған кеңестік (большевиктік) биліктен көп үміт күтті. Алаш қайраткерілеріне үкімет тарапынан кешірім жарияланып, оларды кеңестік қызметке тартылуын Қазақстан республикасының дамуында ерекше өзгерістерге  әкеледі деген сенімде болды. Өзі де  коммунистік партия қатарына өтіп, жаңа өкіметтің қызметіне белсене кірісті. 1919-1920 жылдары Семей губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. 1921 жылы Орынборда Қазақ ОАК-і аппаратында қызмет атқарып, Азамат соғысы жылдарында, ашаршылық тұсында қазақтарының әл-ауқатын жақсартуға, мәдени деңгейін көтеруге бар күшін салды. Өз өмірбаянында 1919 жылдан Кеңес өкіметінің қызметіне араласып, қоғамдық қызметтерге араласқандығын жазып өткен болатын.

1921-1922 жылдары аштық жайлаған кезде Семейдегі ұлт зиялыларының «аштықты ауыздықтауға жұмыла кірісіп, көмек көрсетейік» деген бастамаларын қолдап, өзі де  белсене кірісіп, ашықпаған Семей мен Ақмола өңірінен жылу жинауға қатысты.

М. Әуезов те «Қазақ тілі» газетіне жариялаған «Егінге дайындалыңдар» (Қазақ тілі, 1921,18 ақпан) деп аталатын мақаласында қазақ ауылдарын отырықшылыққа тарту, егіншілік кәсіппен шұғылдану, оған жасалып отырған жеңілдіктер мен оны пайдаланудың жолдары туралы мәселені көтере отырып, Кеңес өкіметінің жер саясатының мәнін түсіндіруге тырысты. Бұл саясатты қазақтардың тиімді түрде жүзеге асырудың қажеттігін айта, 1920-1921 жылдардағы қуаңшылықтың кесірінен төніп келе жатқан ашаршылық қаупінен сақтандырды.

Мұхтар Омарханұлының республикадағы аштықты ауыздықтауға белсене қатысқандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол 1921 жылы Орынборда Қазақ ОАК-і аппаратында қызмет атқарып жүрген кезінде аштықты ауыздықтау мәселесіне қатысты өткізілген мәжілістерге, конференцияларға қатысып, аштықпен күрес жолдарына қатысты ұсыныстарын білдірген. 1921 жылдың қазанындағы Қазақ ОАК-тің жанынан  құрылған ашыққандарға көмек көрсету Төтенше комиссияның құрамында болып, Ә.Досовпен бірге Семейге іссапаға жіберіліп, елге азық-түлік, мал жинады, кооперативтер, несие алуды ұйымдастырды. Ол 10 желтоқсанда Ә. Жангелдиннің төрағалығы, Ә. Нақымжанның хатшылығымен өткен Қазақ өлкелік комитетінің жауапты қызметкерлерінің жиынында Ашкөм ұйымдарының көмегі әлі де болса қазақтың шалғай жатқан аудандарына жетпей жатқандығын айта отырып, оның бірнеше себептерін атады. Оның біріншісі, әлі де болса ашыққан алыс аудандарда жұмысшы күшінің жетіспеуі болса, екіншісі, ашыққан қазақтар жекеленген басшылықсыз мемлекеттен бөлінген үлесті ала алмауы. Үшіншісі, жергілікті Ашкөмнің ұйымдары жақын маңайдағы ауылдарды, қала, селолардағы аштарға ғана көмек қолдарын созуы. Азықтың жоқтығынан тұрғылықты халық көртышқан, малдың өлексесімен, ұсақ жәндіктермен қоректене бастауынан түрлі жұқпалы аурулардың шығып жатқандығын баса айтты.

М. Әуезовтың  баяндамасынан кейін жиында тез арада ашығып жатқан шалғайдағы дала аудандарын көмек қолдарын созу жұмысы сол өңірдегі Ашкөмдерге міндеттеліп, осы істің алға жылжуына барлық партиялық, кәсіподақ ұйымдары мен баспасөзді тарту, олардың жұмысын тексеруге арнай өкілдер жіберу жөнінде қаулы қабылданды. С. Меңдешев пен М. Әуезовке ашыққан өңірлерге көмек ұйымдастыру жүктелінді. Мәселен, Орталықтан Қостанайдан шалғай жатқан Торғай ауданына азық-түлік жеткізуді, Гурьев ауданынада азық-түлік таратуға еш мүмкіншілік болмағандықтан Орталықтан Гурьев пен Астраханның балығын таратуға рұқсат сұрау, сонымен бірге Гурьев пен Орал губернияларын балық аулауға қажетті құралдармен қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындарға еркін түрде балық аулауға рұқсат беруді тез арада шешу де міндеттелінді. Осы жиын барысында құрамында М. Әуезов, Әлібеков, Алманов, А. Байтұрсынұлы, А. Кенжин бар комиссия құрылды.

19-27 ақпанда Орынборда болған қырғыз (қазақ) облыстық екінші конференциясында Мұхтар Омарханұлы Аштарға көмек комиссиясының Орталық комитетінің жұмысын сынға алып, өкілдер жүйесін құруды ұсынды. Қазақтарға көмекті орыстармен бірдей мөлшерде беруді, қазақ пен орыс өкілдерін жеке құруды ұсынды. Алайда конференция оның бұл ұсынысын қабыл алмады. Дегенмен оның көмек бөлген кезде қазақ, орыс ашыққандарына бірдей тамақ беру турасындағы пікірін Найманғожаев қолдады. Ол сонымен қатар Тереходтың «Повольжеде ғана аштық, Қазақ республикасында жоқ, Қазақстан тұрғындары туралы айтудың қажеті жоқ» деген сөзіне қарсы шығады. Қарап отырсақ, Мұхтармен бірге қазақ қоғамына қатысты мәселелерді шешуде Алаш қозғалысының белді қайраткерлері А. Байтұрсыновпен болғандығын көруімізге болады. Мұхтар оны аса жоғары бағалаған, «ұлттың рухани көсемі санаған». Ахметтің оқу құралын шығарып, қазақтың жалпақ тілін үйреткен ұлт ұстазы екендігін қайраткердің елужылдық мерейтойында (1923) сөйлеген  сөзінде айтқан. Ахаңның тәрбиесінде болып, оның қаламынан туған өсиет-үлгісін естіп өскендігін Мұхтар Ахмет ұйымдастырып шығарған «Қазақ» газетінің  өскелең жастарына сәуле шашқандығын «Сол уақыттарда  «Қазақ» газетінің анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді. Мектептегі сабағын  оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын» деп жазған болатын.

М. Әуезовтың Ахмет Байтұрсынұлымен жақындығы Орынборға Орталық атқару комитетіне қызметке ауысқанда жандана түскен.

Большевиктік билік бұрынғы Алаш қайраткерлеріне кешірім жарияласа да 20 жылдардың  басынан оларды қудалауға кірісті. Алаш қайраткерлерінің соңынан астыртын бақылау орнатып, әрбір қадамдарын жіпке тізгендей қағаз бетіне түсіріп отырды. Үкіметтің бақылауына алынғандардың арасында Мұхтар да бар еді.  Оның кеңестік биліктегі қызметі теріс бағаланып, ақыры партия қатарынан шығарылды. Сөйтіп, кеңес үкіметі елін дамыту бар күш-жігерін салған оның сағын сындырып, үмітке толы армандарын аяқ асты етіп, биліктен аластатуға тырысты.

Ф. Голощекин Қазақстанға басшылыққа келуінен ұлт зиялыларына деген ашық қарсылық ұйымдастырылды. Оның бір көрінісі ретінде Мұхтармен «Абай» журналын шығарған алашшыл досы Ж. Аймауытовтың  қуғындалып, іске тартылуы. 1921-1922 жылы ашаршылыққа ұшыраған облыстарға көмек қолын созып, малдай «сауын» жинауға атсалысқан ұлт азаматтарын жалған жаламен сотттау үдерісі міне, сол большевиктік биліктің сатқындық ісі.

«Сауынды» өз мақсаттарына пайдаланды деген желеумен бастамаға үн қосып, белсене кіріскен Жүсіпбек  Аймауытов, Ахметсафа Жүсіпұлы, Ілияс Бәйменұлы, Шайқы Құлжанұлы, Қазгелді Қарпықұлының үстінен 105, 106 және 113-баптар бойынша іс қозғалып, «Торғай ісі» аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылған еді.

Мұхтар  алашордашылардың қудаланып, жауапқа тартылуын қаламады. Дегенмен оларға деген идеологиялық күрес өрши түсті.  1927-1929 жылдардың арасында өзіндік пікірі бар қазақ қызметкерлерінің барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, бірсыпырасы жұмыстан қуылды. Олардың әрбір қадамы бақылауға алынды. 1928 жылдан бастап Алаш қозғалысына қатысқан Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтардың үстінен іс қозғалып, қамауға алынса, ал 30-шы жылдардың басында Ә. Ермеков, М. Тынышбаев, Ж. және Х. Досмұхамедов, Ы. Мұстамбаев және т.б. зиялылар заңсыз түрде қамалды.

1930 жылғы 4 сәуірдегі ОГПУ-дың сот коллегиясының үкімі бойынша қазақ зиялылары әр түрлі мерзімге түрмелер мен концлагерьге кесіліп, жер аударылды. Үкім бойынша Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, Ж. Аймауытов, М. Есболов және т.б. зиялылар ату жазасына кесіліп, кейіннен он жыл мерзімге лагерге жіберілуге алмастырылды. Оларға капиталистік мемлекеттер мен ақ эмигранттардың қолдауына сүйене отырып қазақ ұлтшылдарының жасырын ұйымын құрды, кеңес өкіметін құлатып, Алашорда автономиясын құруға тырысты деген айыптар тағылды. Бұл ұйымға шаруалардың қарулы көтерілісіне ұластырған ұжымдастыру кезіндегі қателіктер мен олардың жаппай Қытайға қарай босқандығын да тағады.

1932 жылдың 20 сәуіріндегі ОГПУ-дің үштігінің шешімімен М. Тынышбаев, Х. және Ж. Досмұхамедовтар, А.Үмбетбаев, М. Мурзин, Ә. Мұнайтпасов, Қ. Кемеңгеров, М. Бұралқиев, Ә. Омаров, Ж. Күдерин, Ж. Ақбаев, С. Кәдірбаев, Ж. Тілеулиндер бесжылдық мерзімге жер аударылды.

Осындай ұлт зиялыларының басына күн туған шақта Мұхтар Алаш зиялылары ұстанған идеядан ауытқыған жоқ. Керісінше ұлт зиялыларының көтерген әлеуметтік мәселелерін одан әрі жалғастырып, мақалалары арқылы үкіметке жеткізуге тырысып, олардың біліктілігін, білімділігін, идеяларын ұлттық мүддеге қолдануды жөн санады. Қазақ мәдени-ағарту саласына жастарды тарта отырып, қазақ маман кадрларын даярлауды қолдады. Қазақ жастары арасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, Семейде драма театрының іргетасын қалап, әлеуметтік жағдайға байланысты пьесаларын қойып, ел аралап, қарапайым халықтың тамашалауына мұрындық болды.

Дегенмен үкіметтің ұзын құрығы Мұхтарды да жайына қалдырмады. 1930 жылы оның үстінен алашшыл, ұлтшыл ретінде іс қозғалып, тұтқындалады. Оған тікелей түрткі болған 1930 жылдың 1 қазанында Алматыда өткен қалалық партия белсенділерінің жиналысында «алашшыл, ұлтшыл, сәдуақасовшыл» деп айыптаған Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф. Голощекиннің баяндамасы еді. Осы негізде Мұхтарға тағылған 58 баптың 7,11-тармақтарындағы айыпта «Алашшыл контрреволюцияшыл көзқараста болып, патрия қатарынына кіріп алды, ұлтшылдық әрекеттер жасады» делініп, қылмысын бетіне басуға тырысты. Сөйтіп оған «алашшылдармен бірге астыртын ұйым құрып кеңестік билікке қарсы шықты, байшыл-ұлтшыл көзқараста болып, феодалдық өмірді дәріптеді»  деген айыптар тағылды.

1932 жылы 20 сәуірде ҚАКСР ОГПУ-дың уәкілетті төрағасы Каруцкийге жазған хатында өзінің әдеби және зерттеушілік қызмет жолының кейде тіпті Қазақстандағы мәдени революцияның жолы мен ұмтылысына қарсы болды деген қорытындыға келгендігін жаза отырып, өзінің «Еңілік-Кебек», «Қаракөз» сияқты шығармаларында бұрынғы өмірді көксеу бар екендігін, кеңестік жастардың сана-сезіміне кереғар әсер тудыруы мүмкіндігін, «Таң», «Шолпан» журналдарында өзінің революцияға дейінгі қазақ әдебиетінің жолына қатысты идеологиялық тұжырымдары революциялық жылдар мен революциялық қоғамның әлеуметтік тапсырысына сәйкес келмейтіндігін, бұл қателіктер қазақ ақыны Абай Құнанбаев туралы шығармаларындағыдай кейінгі зерттеулерінде де жойылмағанын мойындады. Ол сонымен қатар «Алқа» платформасына қатысты ойын да қателікке жатқызып,  алдағы уақытта Қазақстандағы мәдени революцияның табысқа жету жолына кедергі болмауға уәде беріп, керісінше, оның табысты жүруіне ықпал ететінін сенім білдірді.

Мұхтар өзіне тағылған кінәнің негізсіздігін қанша дәлелдесе де, большевиктік билік оны «ұлтшыл» ретінде айыптады. Сөйтіп жазушы еріксіз  түрде 1932 жылдың мамырында ХКК-нің төрағасы болған Ораз Исаевқа жазған хатында және 10 маусымдағы «Казахстанская правда» мен «Социалистік Қазақстан» газеттеріне партия алдында жасамаған қателігін,  «ұлтшылдығын» мойындап жазуға мәжбүр болды. Кейіннен мұны өмірбаянында: «Кеңес халқының пайдасына, Отанымыздың игілігі үшін аз жұмыс жасалды. 1932 жылдан бастап мен өзімнің шығармашылық және идеялық жаңылысымды батыл айыптадым, содан бері Қазақстанның кеңестік жазушы ретінде өз қызметімді драматург және прозаик ретінде бастап, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші ретінде қазақ жоғары оқу орындарында педагог, лектор ретінде жұмыс істей бастадым», - деп келтіреді.

Жазушылар Одағынан берілген шығармашылық мінездемеде «1932 жылы Әуезов өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық адасуларын батыл айыптады және кеңес әдебиетінің ұстанымдарына көшті. Осы кезден бастап ол социалистік реализм әдісін дамытуда көп жұмыс істейді» делінген жолдар бар.

Дегенмен 30-шы жылдары Мұхтардың алдынан оның осы идеялық адасуы шыға берді. Қуғын-сүргіні басталмай тұрып, Мұхтарды жусату мақсатында 1934-36 жылдардағы Жазушылар Одағының жиналыстарында оған алашордашылардың қозғалысына қатысып, солардың идеологиясын насихаттаушы болғандығын бетіне басып отырды. Мерзімді баспасөз беттерінде оны қаралаған мақалалар жариялана бастады.

Осындай қаралаулардың жиілей түсуі жазушының толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтірді. Мұхтар үкіметтің әрбір басқан қадамы мен жазғанын жіті бақылап отырғандығын сезді. Сондықтан «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылдың 8 қаңтарындағы санында өзінің немен айналысып жатқандығын айтып, ағынан жарылған мақаласы жарық көрді.

Баспасөзге жарияланған сыни мақалалардан жазушының драмалық шығармалары да қалыс қалмады. Оның «Хан Кенесі» «Әдебиет майданы» (1934, №6 ) журналында сынға ұшырады. Мұхтарға қарсы 1934 жылдың 20 қазандағы  «Қазақ әдебиеті» газетінің 42-нөмірінде Тайыр Жароковтың «Әуезовтың сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды?» деген мақаласы жарияланды. «Әуезов 1932 жылға дейін ашық байшыл-ұлтшыл жазушы болып келген адам. Тек 1932 жылдан бері совет жазушысы болуға тырысып келе жатқан, өзінің өткен қатесін теріс пікірлерін жоюға уәде беріп келе жатқан жазушы» деп келтірілген мақалада оның түзелуіне барлық жағдайлар жасалып келе жатқанымен де «Әуезовтің бүгінге дейін шын советтік бағытта жазылған іліп аларлық бір шығармасын көре аламай отырмыз. Сөз бен іс екі жерден шығып отыр» делінді. Автор бұған оның драматургия саласындағы жазған кітаптарын факті ретінде алып, сынға салады. Жазушының 1932 жылдан бері жазған «Түнгі сарын» пьесасын баяғы ұлтшылдық, байшылдық пікірде жазылған «Қилы заман» романының желісіне жатқызып, сол бұрынғы «сарынын»  совет сахнасына шығаруға тырысып жатқандығын келтіреді.

Жазушының жастарға арналған «Алма бағында», «Тас түлек» пьесаларын да «совет жастарының өміріне жала жапқандық, совет шындығына, жастар жұртшылығына суық қол сұққандық» дейді. Бұдан әрі Мұхтардың «Айман-Шолпаны» да сынға ілікті. «Осы пьесаның өзінде де саяси астары қалың, өзіндік төсегі жұмсақ, ескі байшылдық, феодалдық қоғамды дәріптейтін, соны жұртшылыққа елестеткісі келген сарыны бар» делінді.

Мақалада қаламгердің «Хан Кене» пьесасы да сынға іліккен. «...ойланбай ешбір мақсатсыз жазды, ешбір мақсатсыз сахнаға шығарды» деуінің өзі жазушының шығармашылығына балта шапқандай еді.

Мұхтарға «Жүргенов, Тоғжанов, Сейфуллин сияқты «халық жауларының» ықпалына түсті» дей, жоғарыда келтірілген пьесалары сахнадан алынып тасталғандығын, «оның 1932 жылдың өзінен бергі шығармаларының контрабандалық болып шығуы кездейсоқтық нәрсе деп айта алмаймыз. Ескі, шірік, ұлтшылдық, байшылдық пікірден оның әлі де айырылып бітпегендігінің айғағы» деген тұжырым да айтады.

1934 жылдың мамырында Мұхтардың «Хан Кене» пьесасы БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімінде талқылауға түсті.  Оған Т.Жүргенов, І.Қабылов, С.Сейфуллин, С.Асфендияров, Ғ.Тоғжанов, С.Ерубаев, О.Бековтар қатысып, пьеса туралы пікірлерін білдіреді. Мәжілістің төрағалыңын Ілияс Қабылов атқарған. Барлығы да пьесада жіберілген кемшіліктерге тоқталған. Оның бірі – Кенесары образының толық ашылмауы болса, одан басқа  қазақ халқының патша саясатына қарсылығының дұрыс көрсетілмеуі. Мәжіліске қатысушылардың барлығы да пьесаны сынапты. Жақсы, жағымды жағын да айтты. Дегенмен сахна қойылымынан алып, өңдеуге жіберуді  ұсынды және солай шешім қабылдады.

Осы пьесаға байланысты жазушы Ғ.Мүсіреповтің «Социалистік Қазақстан» газетінің 119-120 нөмірлерінде «Хан Кенені» қалай жөндеуге болады» деген мақаласы жарық көріп, онда да Мұхтардың пьесада жіберілген қателіктері айтылып, оны жөндеудің бағытын, жолдарын көрсетеді. Хан Кенеге: «...дұрысталып, толық тарихы жазылмаған ҚАКСР республикасына тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білемін. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмеген тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, сонысының өзі пайдалы зат» деп жазған Сәкен Сейфуллин де пьесадағы жетістікті тұстары мен  кемшіліктерін де атап өтіп, болашақта автор пьесаның кемішілкті тұстарын түзетер деп сенім білдірген. Жалпы осындай мазмұндағы хаттар мен мақалалардың жариялануы Мұхтарға шығармашылығын шыңдауға әсері етсе де, зиян тигізгені де сөзсіз. 1937 жылдың 24 қазанында ол Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.И. Мирзоянға өзін негізсіз айыптаулардан қорғауды өтініп хат жазуға мәжбүр болды.

Хаттың мазмұнына үңілсек, М.Әуезов бұл мақаланың шығармашылығына нұқсан келтіріліп, одан әрі жұмыс істеуіне кедергі болып отырғандығына қынжыла, бұл айыптауларға келіспейтіндігін айтады.  Л. Мирзояннан бірер минутқа өзін қабылдауын өтініп, бір кездерде жіберген қателіктері мен мақаладағы мәселелер үшін тікелей жауап берерін білдіреді. Әрине, оны бірінші хатшының қабылдағаны, қабылдамағаны беймәлім. Дегенмен Мұхтардың үстінен жазылған осындай мақалалар мен домалақ арыздар оның әрбір жазбасын жіті тексерістен өткізуге алып келді.  Сахна төріне ұсынылған қойылымдары да қатаң тексерістен өткізілді. Тек арнайы рұқсатпен ғана жіберілді. Алайда Мұхтардың шығармашылығын, әсіресе драмалық еңбектерін бағалағандар да болды.

Мұхтардың шығармалары 40-50-жылдары да қатты сынға ілікті. Осы жылдары зиялылардың, ғалым, жазушылардың еңбектерінен «буржуазиялық ұлтшылдық», «космополитшылдық» бағытты әшкерелеу үдерісі қызу жүріп жатқан болатын. Әсіресе «Звезда» мен «Ленинград» журналына қатысты БК(б)П Орталық комитеттің қаулысынан кейін Жазушылар Одағының жұмысындағы қателіктер ашылып, жазушылардың шығармасы жіті тексерілді.

1951 жылы болған Жазушылар Одағының V-пленумында М. Әуезовтың «ұлтышлыдығы» тағы да бетіне басылды. Оның тағы да «Хан Кенесі» мен ақын Абай Құнанбаевқа арналған романға шүйліккендер болды. «Хан Кене» пьесасына буржуазиялық ұлтшылдық тұжырымда жазылған, интернационалды еңбекшілерге кереғар туынды делінсе, Абайдың образынан да ұлтшылдық белгісі барлығы айтылды. Кенесары Қасымовты дәріптеудің түп-тамыры бұрыңғы буржуазиялық көзқарасының жалғасы ретінде көрсетіп, ең алғаш рет ғалымдар мен жазушылардың арасында тарихқа көтеріп шығарған да М. Әуезов екендігі  нақты сыналды.

Осы жиында Мұхтардың «Еңілік-Кебек», «Қаракөз», «Мамыр», «Айман-Шолпан», «Бекет», «Ақан Сері», «Қобыланды» сияқты шығармаларын қайта қарау қажеттігі де көтерілген.

«Абай» және «Абай жолы» романдары 1953 жылы Жазушылар Одағының жиналысында талқылауға түсті. Жиналысты Жаймұрзин жүргізіп, романдарды Абетов, Ақынжанов, Ділдабеков, Жанділдин, Қабдолов, Ахтанов және т.б. жазушылар қатысқан. Пікір айтқандардың арасында романның толымды да, кемшілікті тұстарын да айтқандар болды.

Дегенмен осы талқылау барысында М. Әуезовке қатысты С. Нұрышевтің «ҚазКСР ҒА Хабаршысы» журналының 4 және 11 нөмірлеріндегі сыни мақалаларының қателіктері баса айтылды. Мәселен, 4 нөмірде Нұрышев М. жазушыға «1932 жылдан бері өзгермей, сол қалпында қалды» деп, оның қателіктерін сынамай, керісінше жеке басына тисіп, жазушыны аяқтан шалып, жұмыс істеуге барынша кедергі келтіріп отырғандығы да баса айтылды.  Мұхтардың «Абай» романының маңыздылығы, жазылу стилі мен кейіпкерлерді бейнелерін ашудағы шеберлігі жағынан сәтті жазылғандығын бағалағандар да табылды. Дегенмен, «ұлтшыл» деген айып жазушының қызметіне де, шығармашылығына да үлкен кедергі келтірді. 1953 жылы ол біріншіден, арнайы бұйрықпен Қазақ ұлттық университетіндегі қызметінен  босатылды, екіншіден, оқып жатқан аспиратурасынан шығарылды. Негізсіз жаламен қуылғандығын айтып, КСРО мәдениет министріне  хат та жолдайды. Алайда оның жан айқайын жоғарғы орындары назар аудармады. Сөйтіп, еріксіз Мәскеуге кетуге мәжбүр болады.

Мұхтар Әуезов кеңестік қызыл саясаттан қысым көрсе де, Абайдың, Кенесары Қасымұлы және тағы басқа тарихи тұлғаларға арнап тамаша шығармаларын қалдыра білді.

 

Смағұлова Светлана

тарих ғылымдарының докторы,
ҚР ОМА-ның Әлеуетті зерттеулер орталығының басшысы

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер