МҰРАТ ЕСЖАН: Әкім халықпен бірге болу керек дегенді осынша дөкір түсінуге бола ма?!

4666
Adyrna.kz Telegram

Мынау “шіли” енді. Әкім халықпен бірге болу керек дегенді осынша дөкір түсінуге бола ма?! Онда әкім ұшақпен ұшпасын, пойызбен жүрсін. Онда да апалар бар ғой. А, жоқ, елдің көбі аптобызда, әкім пойызға да мінбесін, Жезқазғанға автобуспен келсін. Жұмысқа автокөлікпен емес, жаяу қатынасын.

Қаншама ел жүр ғой жаяу! Қайта анау "азаматтық қоғам құрушы азамат" ерте тоқтапты. Әкімиятқа барып, әкімді кабинетінен шығарып алып, базардың бір бутигінен орын алып отырғызып қою керек еді, елмен бірге бол деп. Бұл қандай логика сонда?

Ана әкім де сондай қой аузынан шөп алмас па, әлде, әлеуметтік желіден қорқып тұр ма? “Айналайын, ары ойна! Сен құсап ерігіп жүргем жоқ!” - демей ме? Тоқаевқа айтам дейді. Бірақ ерік берсең, Тоқаевты да осылай томпаңдатып қоймақшы бұ "белсенділер".

Кезінде осы Колумбияның президенті тіс дәрігерінде кезекте тұр деген сурет хит болып еді. Біздегі желі қолданушылары да жағадағы қолдарын жібере салып, жапа тармағай лайк басқан. Маған біртүрлі көрінді. Кезекте тұрып уақыт құртпай, өзінің тісінен үнемдеген уақытын елдің ісіне көбірек жұмсамай ма дейсің ғой енді. Әйтпесе Колумбияның қандай ел екенін білеміз ғой.

Мынау да сондай кеп. Бұл біреуді қорғау, біреудің сөзін сөйлеу емес. Берік Әбдіғалимен таныстығым да, тамырлығым да жоқ. Қандай депутат болды, қазір қандай әкім, ешбірінен хабарсызбын. Оның орнында кез-келген іс басындағы адам болса, осы ойымды жазар едім. Сосын жүйкеме камераны қосып қойып полицияның абыройын төккен, оларды арандауға итермелеген видеолар әсіресе қатты тиеді.

Мұндайлар азаматтық қоғам көрінісінен гөрі пролетариаттық ұран көтерген шолақ белсенділерді көбірек еске салатын секілді. Қолдарына билік берсең, өзімен келіспегенді қырып жіберетін. Тарих көрсеткендей.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер