Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода екі әскери қызметшінің алаңға шығып, қоян-қолтық ұрысқа шыққанын көруге болады. Azattyq Ruhy тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінен видеоға қатысты мәлімет беруін сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Белгілі болғандай, мұндай ұрысқа әскери қызметшілер күрең берет кию мәртебесі үшін барған.
«Жыл сайын «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі әскери қызметшілерінің арасында бөлімше жауынгері үшін аса мәртебелі де құрметті саналатын күрең берет құқығын иеленуге арналған сайыс сынағы ұйымдастырылады. Дәстүрлі шараға айналған аталған квалификациялық сынақ биыл 21-ші рет өтті. Осы жылы оған қатысуға 100-ге жуық әскери қызметші ынта білдірді. Әскери қызметшілер сынаққа қатысу үшін теориялық білімнен тест тапсырып, олардың денешынықтыру дайындықтары мен арнайы жаттығуларды, байланыс және медицина құралдарын меңгеруден алдын ала біліктіліктері пысықталды.
Сынаққа түскен әскери қызметшілер бас-аяғы 35 шақырымды 6 сағат көлемінде жүгіріп өтіп, нормативтер орындады. Биыл бұл сайысқа 600 үміткер қатысуға ниет білдірді, олардың арасынан 60 үміткер қорытынды сынаққа жіберілді. Қорытынды кезеңге 22 үміткер жетті.
Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлімшесінің басты мақсаты – экстремизм және лаңкестікпен күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету », – деп мәлімдеді ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
"Адырна" ұлттық порталы