МАҚСАТ ЖАҚАУ: Тілегі мен ниеті бір қандастарды қолдау - ұлттық идеяға айналуы тиіс

3890
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Еліміздің байтақ даласында емес, сыртта жүрген талай қандасымыз еңбегі мен ақылына сеніп, көзге түсіп қазақтың абыройын асырып жүргені қаншама. Бұл жазбама, әлемнің екінші экономикалық державасы саналатын алып Қытай флотының ең айбарлы «Ляонин» теңіз кемесін қазақтың қаракөз қызы Жадыра Қабылқызының басқаратыны түрткі болды. 

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келіп, Чанжи колледжінің экономика және менеджмент мамандығын аяқтаған Жадыра, 2015 жылы әскерге шақырылған екен.
Осы күндері құрамында 2 мыңға жуық адамы, оның 520 офицер, 50-ге жуық ұшақ пен тікұшаққа аэродромы бар әскери кеменің ұшы-қиыры жоқ мұхитта еркін жүзуі қандасымыз Жадыра Қабылқызының әскери шеберлігіне тиісілі. Бірде Жадыраның қытай тілшілеріне берген сұқбатында, «менің жасымдағы нәзікжандылар көлік тізгіндейді, ал мен алып теңізде кеме жүргізіп, дүлей дауылмен тайталасамын» дегені, Жадырадай сырттағы қандастырымыз үшін көкірегімізді тек құрмет пен мақтаныш сезімі кернейді.
Расында, кешегі 1-қыркүйектегі Президенттің қазақ жұртына жолдаған Жолдауында, шетелдегі қандастарды көшіру, миграцияға қатысты түбегейлі өзгерістер керек екенін басты назарға алды. Өз сөзінде, қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін, осы орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керектігін жеткізген болатын.

Құдай ауызға салғандай, кәсібі алдында, дәстүрі мен қазақи рухы бүтін сырттағы қазақты, яғни қандастарымызды елге мықтап тарту, өте өзекті мәселе екенін қадап айтылуда. Себебі, Жазирадай Моңғолияда B737NG әуе көлігін басқаратын Изинис Эйрвэйз компаниясы әуе қозғалысының ұшқышы Бек Базылханұлының, Францияның көрікті астанасы Париждегі Эйфель мұнарасында еңбек ететін Айсұлу Төлектің, немесе Швейцарияда тұрып, Google-да жұмыс істейтін Аман Өтемұратовтардың ұлттық потенсиалдары өте жоғары.

Дәл осы идеямен қандастардың маңыздылығын Президент Жолдауында, «тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деуі бекер емес.
Қазір еліміздің соңғы есебі бойынша, 19 млн. 666 мыңнан асып отыр. Жыл басынан тамызға дейін елге келгендер саны 9595 адамды құраған. Әрине, бұл сан өте аз. Қандастармен толыққан қазақ саны 71 пайызды ғана құрап отыр. Сөзсіз, тиісті әкімшілік шараларының пәрмені керек.
Осы уақытқа дейін мемлекет шет елдегі ағайынмен бес рет Жалпықазақ Құрылтайын өткізді. Көші-қонның келелі мәселелері талқыланып, түйіткілді қарекеттер қолға алынды. Әсіресе, соңғы бес жылдықта «Нұрлы көш» бағдарламасының келесі даму кезеңі реттеліп, арнайы «Отандастар қоры» құрылды. Омбыдан бастап, Стамбул, Киев, Бішкек, Ташкент, Берлинге дейін мәдени-іскерлік орталықтары ашылды. Әлбетте, осы бастамалар жалғасын тауып Қытай мен Иран, Ауғанстан мен Еуродақта ашыла берсе құба-құб болар еді.

Айтпақшы, аспан асты Қытай елінде, «Үлкен Қытай» ұлттық идеясы бар. Бұл әрбір сырттағы қытайлықтың жадынында сақталған идея, әлемдік деңгейде өзінің экономикалық-әлеуметтік нәтижесін еселеп беруде. Мәселен, Қытай үкіметі шет елге біліммен, не еңбек миграциясымен қоныс аударған азаматтарына ерекше аманат тағады. Барған еліне судай сіңіп, тастай батса да, ұлы Отанына ақшалай, не сауда келісімдерімен, жаңа Қытай кварталдарын дамытуымен болсын өз үлесін қосып тұруына бағыттайды. Барлық қытайлық осы идея негізінде өмір сүреді. Бұны байқау қиын емес, атақты Джеки Чанның киноларын саралап көрсеңіз де жеткілікті.

Сөз соңына айтарым, осы күндері еліміздің «Жаңа Қазақстан» ұлттық идеясының күні туып келе жатыр. Саяси арнаның жылғасы осы бағытта ағуда. Осы ретте, тілегіміз бен ниетіміз бір бейресми саны 5-7 миллиондық сырттағы қандастарды елге тартып, даму жолында бірге қимылдауы - еліміздің анағұрлым мемлекеттік белестерге аяқ басуы болмақ.

Президенттің де Жолдаудағы қандастар мәселесіне айрықша басымдық беруі қарқынды мемлекеттік жүйелі қадамдардың бірі ретінде бағалануы осында.

Мақсат Жақау,

Facebook парақшасынан

Пікірлер