Ата-аналардың өз баласын күнделікті еркелетуін енді мұғалімдер қадағалайды

4478
Adyrna.kz Telegram
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мұғалімдерге күнделікті "Еркелету сағатын" өткізуді бұйырды. "Еркелету сағатында" мұғалімдер әлеуметтік желі арқылы ата-аналардың өз баласын күнделікті еркелетуін қадағалап, облыс әкімдігіне мәлімет беруі тиіс, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Ерекше "Еркелету сағаты" жайлы қоғам белсендісі Арнат Байсейітов жазды.
- Мынау не масқара енді, Жамбыл облысы әкімдігі? “Еркелету сағаты” несі тағы? Мұғалімдердің жалақысын сәл көтеріп, жұмысты үйіп төгіп беруді доғару қажет деп есептеймін. Мұғалім де адам! Оның жеке өмірі жоқ па? Егер бала мейірім көрмей жүрсе, оған басқа орган аралассын. Мұғалім - білім беретін маман, - деп жазды автор.
Арнат Байсейітовтің сұрағына жауап берген Жамбыл облысының білім басқармасы аталмыш бастаманың отбасылық құндылықтарды нығайтумен, білім саласы мен тәрбие жұмысын ұштастырумен байланысты екенін жеткізді.
- Қазіргі таңда білім саласындағы тәрбие жұмысы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздеріне сәйкес құрылған бағыттар бойынша жүзеге асырылуда. Жоғарыда көрсетілген хат кәмелетке толмағандар арасында түрлі келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналармен байланыс орнатып, отбасылық тәрбиенің маңызды екендігін ескеру мақсатында жолданған. Дегенмен, жолданған хаттың мағыналық тұрғыда дұрыс құрылмауына байланысты жауапты маманға қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, тәртіптік шара қолданылады. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан педагогтарды жұмыстан тыс уақытта жұмысқа тарту туралы тапсырма берілмегендігін және артық жұмыс міндеттелмейтінін хабарлаймыз, - деп хабарлады білім басқармасы өкілдері.
Қоғамдық пікірталас тудырған мәлімдемеге қатысты сын айтып жатқандар көп.
"Қайтадан қағазбастылық... Өтірік цифрлар... көрсететін болады. Артық жұмыстан мұғалімді босатты емес пе? Мұғалім оқушыға білім беруі керек, ал күнделікті көңіл-күйі үшін алдымен ата-ана жауапты. Не болса соны мұғалімдердің арқасына арта беру дұрыс емес деп ойлаймын" деп жазды желі қолданушылары.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер