Оқушылар арасында тоғызқұмалақтан желілік спартакиада өтуде

2576
Adyrna.kz Telegram

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында тоғызқұмалақтан V желілік спартакиадасы өтуде.

Спартакиаданың басты мақсаты тоғызқұмалақ ұлттық ойынын мектеп оқушылар арасында насихаттау. Бұл ұлттық ойын түрі оқушының логикалық ойлау қабілетін арттыруға, сыни ойлай алуға көмектеседі.

Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да«Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны бойынша NIS арасындағы желілік спартакиадаға қатысуда. Ақтаудағы Зияткерлік мектебінің намысын Жансая Жәрдем, Нұрхан Утибаев, Назерке Жәрдем  және Жанарыс Тлеуқұл қорғайды.

- Тоғызқұмалақ ойынына алғаш анам алып келді. Мен ол кезде 3 жаста болатынмын, сол кезден бастап анам тоғызқұмалақ тақтасын үйге әкеліп қойған екен. Бала күнімнен қызығып, 4 сыныптан бастап арнайы үйірмелерге қатыса бастадым. Тоғызқұмалақтан желілік спартакиадаға осымен төртінші жыл қатырынан қатысып жатырмын. 2019 жылы дәл осы спартакиада да жеке 1 орын, командамен 2 орынды алған едік, биылда сол жеңісімізді қайталаймыз деген үміттемін,- дейді тоғызқұмалақтан республикалық жарыстардың жеңімпазы Жансая Жәрдем

Жансая, бұған дейін Тараз қаласында өткен тоғызқұмалақтан XI жазғы Қазақстан оқушылар Гимназиадасында 2 орын алса, Маңғыстау облысында өткен С.Тілегеновты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан республикалық жарыста жеңімпаз атанды.

Желілік спартакиада 10-12 қазан аралығында PlayOk платформасында онлайн түрде өтеді. Жарысқа Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 94 ойыншы қатысуда.

Айта кетейік, 2020 жылдың соңында тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандарының тізіміне енгізілді.

Пікірлер