Ұлытауды ұлықтау – ұрпақ парызы

4938
Adyrna.kz Telegram

Ұлан-байтақ Ұлы Даланың орталығы, қазақ халқының ұлт болып ұйысуы, дербес мемлекет ретінде қаз тұрып, қалыптасуы, еңсе тіктеуі, кемелденуі жолында айрықша мән-маңызға ие Ұлытаудың шежіре-тарихы тым терең, қадір-қасиеті зор, ұлағат-тағылымы мол.

Әлем мойындаған ғұлама ғалым, академик Қ.Сәтбаевтың: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше, қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі», – деп тұжырым жасауы әсте бекер емес.

Ал Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев Ұлытау баурайында сәті түскен айтулы сыр-сұхбатында былай дегені мәлім: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады... Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа.

...Тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. Оны білуіміз керек».

Елбасы осылай толғаса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауға келген сапарында: «Бұл – бүкіл қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер.

...Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз.

...Ұлттың ұясы, бірліктің бесігі Ұлытауды ұлықтау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деген болатын.

Иә, Ұлытау – осындай ұлық мекен, қасиетті жер!

Біздің мақсат – Ұлт ұясы атанған осынау қастерлі мекеннің перзенті ретінде оның тарихын түгендеуге өз хал-қадерімізше ат салысу; жалпы осы өңірге қатысты қыруар тарихи дерек-дәйектер мен мәлімет-мағлұматтарды, сан алуан танымдық еңбектер мен мәдени-рухани туындыларды жүйелеп-жинақтау; жинақтап қана қоймай, оларды «Ұлытау» атты ортақ серия аясында кезең-кезең, рет-ретімен кітап қылып шығарып отыру. Сөйтіп, Ұлытауымызды ұлықтауға қолымыздан келгенше үлес қосып, оның ұлағат-тағылымын ұғынуға, қадір-қасиетін әлі де терең түйсіне түсуге сеп болу.

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі мен «Кәусар» баспасы бірлесіп қолға алған бұл жоба аясында, сәтін салса, төмендегідей сипаттағы кітаптар жарық көреді деп межеленіп отыр:

– арғы-бергі ақындардың Ұлытауға арналған, Ұлытаудың қадір-қасиетін  айшықтайтын таңдаулы өлең-жырлары топтастырылған жинақтар;

– әр кезеңдегі көрнекті тұлғалардың Ұлытау туралы айтқан, осынау қасиетті мекеннің тарихтағы орны мен мән-маңызын айғақтап, мерей-мәртебесін асқақтатар жүрекжарды лебіздері мен түйін-тұжырымдары жинақталған кітаптар;

– Ұлытау өңіріне қатысты аңыз-әфсаналар, көнеден жеткен, ел аузындағы есті әңгімелер жинақтары;

– Ұлытау туралы, жалпы осы өңірде өткен тарихи оқиғалар жайлы дерек-дәйектер топтастырылған кітаптар;

– өңірдегі мәдени-тарихи ескерткіштер, қасиетті орындар мен киелі жерлер жайлы деректер қамтылған жинақтар;

– Ұлытаудың тарихи тұлғалары жайлы деректі-танымдық еңбектер;

– Ұлытаудың кешелі-бүгінгі айтулы азаматтары жайлы деректер немесе эссе-естелік жинақтары;

– Ұлытау өңіріне қатысты, осы аймақта өткен тарихи оқиғалар мен толағай тұлғалар туралы таңдаулы көркем шығармалар;

– Ұлытаудың төл тумасы болып табылатын, кең көлемде мойындалған көрнекті қаламгерлердің жеке авторлық кітаптары;

– Жалпы Ұлытау қаламгерлерінің таңдаулы шығармалары топтастырылған жинақтар.

Сондай-ақ, Ұлытаудың төл тумасы болмаса да, осы аймақта еңбек етіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне, тарихын түгендеуге үлес қосқан айтулы азаматтардың, тарихшы-зерттеушілердің тікелей Ұлытау өңіріне қатысты өлкетану тақырыбындағы еңбектері немесе олардың өздерінің өнегелі өмірі жайлы тағылымды жазбалар да назардан тыс қалмақ емес.

Серия аясында жарық көретін кітаптар саны мен оларды шығару уақытын нақты бір кесімді мөлшер-кезеңмен шектеп отырған жоқпыз. Өйткені бұл неғұрлым өміршең жоба болса, келешек күндерде түрлі тың дүниелермен толыға түссе, соның нәтижесінде өлке тарихы мен мәдени-рухани құндылықтарымызды болашақ ұрпаққа жүйелі де жинақы түрде, толымды мирас-мұра етіп қалдырсақ деген игі ниетіміз бар.

Осындай ізгі ниетпен қолға алған ауқымды жобаның алғашқы қарлығашы, кешелі-бүгінгі ақындарымыздың Ұлытауға арналған таңдаулы туындылары топтастырылған «Баба тауым – Бақ тауым» атты өлеңдер жинағын, міне, бүгін көпшілік оқырман қауымға ұсынудың сәті түсіп отыр.

Лайым, жақсы іс жарасымды жалғасын тауып, бағалы бастама баянды болғай!   

 

Төлеген БҮКІРОВ,
Ақылдастар алқасының төрағасы

Баба тауым – Бақ тауым. Өлеңдер.

Құраст.: Т. Бүкіров, Қ. Құрмансейіт.

 

Пікірлер