Ақтөбеде қой жүнінен құрылыс материалын жасайтын зауыт салынады

3095
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Ақтөбеде қой жүнінен құрылыс материалын жасайтын зауыт салынады. Бұл туралы "Хабар 24". арнасы жариялады, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы.

Әр жерде тау болып үйілген шикізатты пайдаға асыру керек. Жүнге сұраныстың жоқтығынан кей шаруалар өртеп жіберуге мәжбүр. Жаңа өндіріс ашылса, шопандардың табысы да артады.

Талғат Нұржігітовтың отарында 800-ге жуық қой бар. Барлығы да биязы жүнді меринос тұқымынан. Болашақта мал басын 2 мыңнан асыруды көздейді. Бірақ кәсіпкер етті түлікке көшуді ойлап отыр. Себебі жыл сайын қырқылатын жүнді өртегеннен басқа амал жоқ дейді.

"Бір қойды қырқуға 800 теңгеден мың теңгеге дейін төлейміз. Қабылдайтын мекемелер болса, жүн мен теріні сатуға болатын еді", - дейді шаруа қожалығының иесі Талғат Нұржігітов.

Бұл құрылыс материалдары баспана мен өзге де ғимараттарда жылу сақтау үшін қолданылады. Жобаны жергілікті компания италияндық инвесторлармен бірігіп жүзеге асырмақшы. Қазір кәсіпкерлер шаруа қожалықтарынан шикізат қабылдау жолдарын қарастырып отыр. Әрбір ауданда қабылдау пунктін орналастыру жоспарланған.

Айта кету керек жыл сайын облыста үш жарым мың тонна қой жүні пайдаға аспай, далада қалады.

"Жоба үш кезеңнен тұрады. Алғашқыда қой жүнінен жылу мен дыбыс оқшаулағыш плита шығарамыз. Кейіннен дайын өнімнің бірнеше түріне көшуді ойлап отырмыз. Біздің құрылғылар жүннен бөлек зығыр сияқты өсімдік талшықтарын, тоқыма өндірісі қалдықтары мен поролонды да қайта өңдеуге қауқарлы", - деп атап өтті кәсіпкер Ерлан Жаңабергенов.

Қазір құрылысқа дайындық басталып кеткен. Жалпы инвестиция көлемі 10 млн евро шамасында. Жылына 2 мың тонна дайын өнім шығарылады. Алғашқы тауар келер жылдың күзінде әзір болуға тиіс.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер