Қасіретті қырық күн

2796
Adyrna.kz Telegram

«Хабар» агенттігі ұсынған «Абайдың соңғы күндері» атты деректі фильмнің алдын-ала көрсетілімінен кейінгі ойлар

Жалпы, рухани дүниесін байытамын деген әр қазақ Абайды оқуы керек. Бірақ бұл аздық етеді. Асылы, Абайға қатысты дүниенің бәрін оқуы қажет. Байқаймыз, бұл да жеткіліксіздеу-ау. Тегінде, Абайды тұлғалаған туындыларды оқыған да, көрген де жөн. Сол дұрыс. 

Осындай ұстанымға табан тірей отырып, «Абайдың соңғы күндері» атты деректі фильмді көріп шықтық. Ежелден етене араласатын неміс достарымыздан жақсылап жұққан дәлдікпен кешкі сағат алтыда «Сарыарқаның» қыр арқасына қонжиған шағын кинотеатрға жетіп, фильмнің басталуын күткен, таныстырылым рәсімдері жасалған, экраннан өткен, талқылау жүргізілген, соның бәрін қоса алғанда, екі сағатқа жуық уақытты текке кетті деуден аулақпыз. Енді өз пікірімізге көшейік. 

Негізі, деректісі бар, керектісі бар, Абайға арналған фильмдер жетіп артылады. Соның ішінде осы қазір ғана аяғын апыл-тапыл басып экранға шыға келген «Абайдың соңғы күндері» несімен ерекшеленеді? Осыны айтайық.

Біріншіден, бұл Абай Құнанбаев өмірінің соңғы күндеріне, дәлірек айтсақ, оның ұлы Мағауия қайтқаннан кейінгі дүние дидарындағы қырық-ақ күнге созылған сапарына арналған. Яғни, ұлы Абайдың ғибратты ғұмырнамасының қасиетті де қасіретті финалын бейнелеуге ден қойылған. Демек, тыңнан жол тауып, жаңаша көзқарас танытқан фильм авторларының осы бағыт-бағдарының өзі сәтті деуге болады.

Екіншіден, сол қастерлі қырық күннің табиғаты қалай танылғанын айтайық. Бас-аяғы бір-ақ тұтам мазасыз мерзім фильмде тұтас ғасырға ұласқандай әсер қалдырады. Тіпті титықтап аяғына дейін жетіп болмайсың. Жоқ, қателесесіз, біз жалықтырып-жабықтыратын титықтауды айтпаймыз. Ой-сана арпалысын, философиялық-психологиялық түйіндердің өзектесуін, небәрі қырық күннің хикаясы өлшеміне эпопеялық панораманы, келелі кеңістікті сыйғыза білген авторлардың шеберлігі қызығуға тұралық. Бір қарағанда, жалған мен бақидың арасын жалғайтын қырық күн кейде Айтматовтың ғасырдан ұзақ күні секілді миыңды зеңітіп, таусылып бітпейтіндей көрінеді. Керісінше, тағы бір зер салсаң, жалт еткен жарық сәуле сияқты күрмеуге де келмей, құлагердей құйғытып өте шыққандай болады. Егер шығарма өзіңді осындай екі ұдай күйге бөлесе, ол сенің кәлләңнің бір мүйісіне көптен бері ұялап қалған шалама-шеккі ой-танымыңды сапырылыстырып, терең тұжырымға жетелей алғаны деп білу керек. Бұл тұрғыдан да, «Абайдың соңғы күндерінің» алға қойған мақсаты орындалған.

Үшіншіден, фильм кейде деректі дүниелердің өзін сәтсіздікке ұрындырып жататын декоративті жасандылықтан аулақ. Оның есесіне, декторативтіліктен шынайылыққа көшудің бірқатар үлгі-өнегелері бар мұнда. Абайдың көктен түскен періште де емес, тіпті поэзия патшалығының пайғамбары да емес, болмыс-бітімі ет пен сүйектен жаралған, жан мен жүректен құралған қарапайым ғана пенде, бірақ пенде болғанда да, баршаны түгел мойындатқан ақылман ақын екенін таныту талпынысы менмұндалап тұр. Фильмді жасаушылардың сол талпынысы босқа кетпегеніне куә болдық. 

Төртіншіден, фильмді түсірген команданың жұмысы үйлесімді түрде жүзеге асқан секілді көрінді. Авторы бар, сценарисі бар, қоюшы режиссері бар, дыбыс режиссері бар, сыбыс «режиссері» бар, операторы мен шофераторы  бар, әйтеуір бір-бірін жақсы түсінетін әріптестердің қолынан шыққан бас-аяғы бүтін кинокартина екені бірден байқалып тұр. Әйтеуір осы дүниені толық аяқтап біткенше бағзы бір келеңсіз кинопроцестердегідей ырың-жырыңға жол берілмегені айқын сезіледі. Салиқалы «Соңғы күндер» бұл жағынан да ұтысқа кенелген.

Бесіншіден, деректі фильмді салмақты синхрондар, парасатты пайымдар көркейте түскен. Абай ауылының ардақтылары, асылдың шыбықтары, алтынның сынықтары шетінен сөз алған. Айбарлы абайтанушылар, ғибратты ғалымдар – Арап Еспенбетов, Тұрдығұл Шаңбаев, Шағжан Исабаев ұлы ақынды әр қырынан дәргейіне жеткізе дәріптеген. Демек, фильм авторы оларды ойлы әңгімеге, ортақ мәмілеге ұйыта білген. Осындай мықты зерттеушілердің сөз сарабынан өткен деректер мен дәйектердің дәлме-дәлдігі дау тудырмайды. Бұл жағынан да «Соңғы күндердің» шоқтығы биіктей түскен.

Алтыншыдан, фильмде Абай дәуірінің рухы, Абай заманының болмысы барынша шынайы көрініс тапқан. Сол кезеңді жан-жүрегіңмен сезінесің. Жылт екен жасандылықты іздеп, «пәле қуыңқырап» отырып көрсең де, соны оңайлықпен табыңқырамай, едәуір қиналсаң, бұл дегенің – туындының сәтті шыққанының белгісі. Өйткені оның желісіне ересің, оқиғасына сенесің... Бесіктен беліміз шықпай жатып талай кино көрген біз де осылайша тіміскілеп отырып қарадық, көп ештеңе таппаған соң тәуір дүние деп санадық. Сөйттік те, сендік деген қорытындыға келдік. 

Жетіншіден, түсіруші топ сәтті деталдарды әдемі үйлестіруге қол жеткізген. Соның бірі – Абаймен әбден жауыққан қаһарлы қарсыласы Оразбайдың онымен бақұлдасуға келуі. О, тоба, біз Оразбайды танып-білгелі қай заман?! Ұлы ақын мен Оразбайдың арасындағы бір-бірімен аңдысқан қырғи қабақ соғысың да, бір-бірімен арпалысқан қырғын қабақ шайқасың да баршамызға мәлім-ді. Түнімен түсінде сәйгүлік көріп, таңертең ұйқысынан кісінеп оянатын менің Светқали досым он жеті жасында Алматыға келгенде «Абай ескерткішінің алдындағы ой» деген өлең жазып еді. Есімізде осы кезге дейін бірдеңе қалса, қағазға түсіріп көрейікші:

Назар тікпей күнге, не айға қарай,

Тұр екенсің түксиіп қайран Абай. 

Ұлың күліп келгенде жымимайсың, 

Жоғалттың қызығыңды қайда, қалай?

 

Сан ақын күліп жүр ғой қыршын көкем,

(Несіне соншама ауыр күрсінді екен?)

Болмаса, Алматының көшесінен,

Әбіштің ізін іздеп тұрсың ба екен?!

 

Кеудемде қазір менің наз ойнайды,

Еңсеңді көтер енді, Абай-қайғы!

Қазақтың қара шалы азайғанмен,

Қазақтың ақындары азаймайды.

 

Артық болмас деп едім күлген ептеп,

Үндемедің, зер салдың кімге көктен?

Сен қарап тұрған жаққа қарай бердім,

Оразбайлар сол жақта жүр ме деп мен...

Сол сотқар Оразбай енді салиқалы Орекеңнің кейпіне еніп, тірісінде тілдеген, тірескен, тепкілескен, арпалысқан, алысқан Абайының алдына келіп кешу айтысып жатыр. Қоштасуға келіп тұр. Арғы дүниеге бет алғанын да байқаған. Кезінде тілін де жұмсаған, таяғын да оңтайлаған Оразбай көкем еңсесі езіліп, емініп-егіліп, Абай үйінің босағасынан ұзағысы келмей, қимастық танытады. Тиянақты мәліметтерге сүйене отырып, өмір мен өлім пәлсафасының топшысы қатты түйінін осылай шешеді авторлар. Бұл – сәтті деталь. Мұндай толқытарлық тұстар аз емес.

Сегізіншіден, немене еді?.. А, иә, автор демекші, бұл фильмді соңғы жылдары тегеурінді тұлғалардан салиқалы сұхбат алып жүрген парасатты публицист, қарымды қаламгер Қанат Тілеухан түсірген. Ол картинаның басынан аяғына дейін үнемі кадрде болады. Әдетте бар-жоғы отыз бес минуттық туындыда тау мен төбені, қыр мен қыратты, жартас пен жыраны, алқап пен адырды аралап, кадрде көстең-көстең етіп, тілін тістеп, ділмарсып, әбден шаршағанша жүріп алатын журналисті қолынан жайлап қана жетелеп, кино-пинодан әлдеқайда әрірек апарып тастағың кеп отырады ғой. Қанаты қатты, топшысы берік бұл Қанатты өйте алмадық. Экраннан ит қосып қуып тастауға құлқымыз болмады. Шамамыз да келмеді. Ол мүмкін де емес еді. Өйткені оның образы фильмге соншалықты кірігіп, тіпті бірігіп тұрды. Барлық сұхбаттарын қос қолын ербеңдетпей, жау қуып келе жатқандай жұлқынбай, Амантай көкемнің аттан салғанындай алқынбай, асықпай-аптықтай отырып алатыны сияқты, бұл фильмде де автор тек жақсы жағынан тұлғаланды. Сөз саптауы, жүріс-тұрысы, киім киісі, қас-қабағы, маңдай-тамағы, ой-өрісі, бәрі-бәрі сол кезеңнің адамын көзге елестетті. Маған тіпті сол Қанат Абай атам дәуірінің бүгінгі заманға уақытша ұстауға бере тұрған бір берекелі пендесі секілді көрініп кеткені. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз... Өз басым соған ептеп қана иландым.        

Тоғызыншыдан, фильмде кемшілік жоқ дей алмаймыз. Әрине, отыз бес минуттық картинадан отыз бес кемшілік іздейтін кінәмшілдеу жастан әлдеқашан асып кеттік, бірақ көңілге қонбаған тұстар да ара-тұра кездесті. Мысалы, ауруға шалдыққан Абайды сауықтыруға келген беймаза бақсының айдалада зікір салуын өз басым жүрегіме жатқыза алмадым. Фильмнің сәтті деталінен гөрі өз алдына бөлек концерттік қойылымға ұқсайтын осы бір сүреңсіздеу көрініс санаңды жақсылап жайлап, миыңның мүйіс-мүйісіне қонақтап үлгерген тұмса табиғилықтың сәнін бұзып-ақ жібергендей болды. Шаманды да, жаманды да қатар қабылдап үйренген жұрттың өз ойы бар шығар. Бірақ өз пікірім әлгіндей. Ардақты Абай атам қатты ауырып, қабырғасы қайысып, құсаға батып, шерменде боп жатқанда сол бақсыны шөп үстінде зіркілдетіп билетпей-ақ қоюға болмас еді?! Жарайды енді, мейлі, билесе, билей берсін... Бұдан басқа да байқаған орынсыздау олқылықтарым бар, әрине. Бірақ жаңа туған сәбидің қолы неге қисық, мұрны неге тәмпіш деп бірден төпелей бермейтініміз анық қой. Біле білсек, экранға жаңа ғана ілінген фильм де бесікке бөленіп үлгермеген бөбек секілді сүйкімді дүние... 

Сонымен, қысқаша қорытсақ, бұл – Абайдың жан азабынан жан азасына дейінгі фильм-реквием. Абай ақынға ғибратты ғұмырының соңында қырық күнге ғана шақтап, Алланың өлшеп берген уақыты мен Алаш уақытына дейінгі фильм-реквием. Сондықтан осынау туындының тіршілігі мейлінше ұзақтау болатынына өз басым сенемін. Қалай болғанда да, енді оның өміршеңдігі кейбір шала-жансар туындылар секілді қырық-ақ күнмен шектелмейді. Бұл – басы ашық нәрсе...


Бауыржан Омарұлы 

Пікірлер