Қазақ тілінде ақпарат таратуды сыртқа ысырып, ана тілінде сөйлеуге қорсынған спортшылардың қылығы көпшілікті қапаландырды. Бұл туралы журналист Аслан Қаженов жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Низкий поступок жасап келдім... Бүгін отандық спорттың ығай мен сығайлары елордада бас қосып, бірлескен брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауына түсуін қолдау мақсатында. Менің ашындырғаны - былай қарасаң жиналғандардың 98 проценті қазақ. Бірақ, жиын 98 процент орысша өтті. Ең соңында Данияр Елеусінов қана қазақша қысқаша алғысын айтты. Ал, негізгі баяндама басқа тілде. Әсіресе, үлгі тұтып жүрген ағаларымыз қиналып тұрып орысша сайрағанда, кірерге тесік таппай қалдым. Жарайды, жиын осылай өтті, бітті, кетті", - деп хабарлады журналист.
Кейіннен Аслан Қаженов оқиғаның желісін оқырмандарына түсіндірді.
"Артынан «неге қазақша ақпарат бермейсіздер?» деп, ұйымдастырушылардың мазасын алып жүрсем, бұрышта отырған Илья Ильин «сенің жасап жүргенің низкий поступок» дейді. Ана жерде қан басқа шапты. Мен өз елімде өз тілімде ақпарат ала алмай аузым ұрылып тұрғанда мақтаулы ауыр атлетіміз осылай сөзбен періп қалды. Не деген сорлымыз? Жалпы, отандық спортта бұндай жағдай жиі кездеседі. Шыдам шегіне жеткесін шырылдап жатырмын. Принципті түрде қазақша сөйлемей, «ал, не істей аласың?» деген кездер болды. Анау-мынау спортшылар емес. Ел бюджетінен жыл сайын жүздеген миллион теңге бөлінетін, солар уайымдамасын, солар қиналмасын деп, барлық жағдайы жасалатын спортшылар. Оларды бүкіл халық қолдап-қолпаштайды. Жетістіктеріне қуанады. Бірақ, мына жақта не бықсытып жүрендерін білмейді ғой. Білсе, «айырып» жіберетін еді. Тілге түкіргені бір мысал. Одан бөлек әнұранды жатқа білмейді. Жарыстарға көк байрағымызды апармайды. Кейін соларды талап етсең, низкий поступок жасаған болып шығасың..." - деді ашынған автор.