Журналист Жанерке Жүніс өзінің фейсбук парақшасында қазақ қоғамында қалыптасқан ахуалды сөз етіп, қазақ тілінің қолданысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Кафеде отырмын. Оң жағымда екі қазақ машина жайлы сөйлесуде, орыс тілінде. Сол жағымда екі қазақ пәтерге қатысты қор туралы әңгіме айтып отыр. Орыс тілінде... Ортада төрт түрік. Алматының ауа райын, күннің суықтығын әңгіме айтып тұр. Түрік тілінде... Өз елімде, өз жерімде, өз тілімді ести алмай мен отырмын... Не деген намыссыз қоғам құрдық. Миым жетпеді", - деді журналист.
Журналистің өзек өртер жазбасына пікір білдіріп, қазақ тілінің құдіретіне қатысты қуандыратын, ойландыратын, намысыңды жонатын сөз айтқандар көп.
"Әлемде өз тілінде сөйлеуден ұялатын бізден басқа сорлы ұлт жоқ шығар", "Қазақ тілін нағыз тектілерді даралап тұратын, қоғамның брендіне айналдыру сіз бен біздің парызымыз.Арапқұл да, орысқұл да енді ешқашан толық қанды қазақ қоғамының мүшесі бола алмайды, өкінішке орай. Болашақ қазақ тілінде, ол анық нәрсе. Бірақ уақыт пен көп еңбек керек.Ең бастысы мем. тілді қорғайтын заң керек", "Емі ұзаққа созылатын дерт болып тұр. Оның иммунитеті қатаң заң және қазағымның бірлігі. Намысты, өр мінезді азаматтар қатары толыса берсін. Денімізге саулық дертімізге шипа берсін!" деп пікір білдірді оқырмандар.