Шетелдік қазақтарды қолдау алқасы Тоқаевқа шетелдегі қазақтарды елге қайтару туралы үндеу жолдады

3733
Adyrna.kz Telegram
Фото: ritmeurasia.org
Фото: ritmeurasia.org

Шетелдік қазақтарды қолдау алқасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шетелдегі қазақтарды елге қайтару турасындағы үндеу жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Үндеу мәтінін жариялауды жөн көрдік:

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа Шетелдегі қазақтарды елге қайтару турасындағы үндеу

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

2022 жыл Қазақстан үшін түрлі демографиялық оқиғаларға толы болып отыр. Оның бір нақты көрінісі - соңғы аптадағы Ресей басшылығының азаматтарды Украинамен арадағы соғысқа жұмылдыру бойынша шешіміне байланысты сол елдің азаматтарының шетелге, соның ішінде Қазақстанға қарай босуы. Әрине, халықаралық ұйғарым бойынша адам құқығын қорғау жолындағы міндетімізге қарай ресейліктерді қабылдауымыз жөн. Бірақ бұның елдің ішкі қоғамдық-саяси ахуалына керағар тұсын айтпағанның өзінде, демографиялық әлжуаздығымызды одан сайын өршіте түсетіндігін тәуелсіз мемлекет ретінде ескеруге тиіспіз.

Елдің тарихында ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының тарапына Советтік өкімет жасаған Ашаршылық пен қуғын-сүргін қырғыны кесірінен мыңдаған қазақтар бала-шағасымен шетелге босқаны мәлім. Аман жеткен солардың бүгінгі ұрпақтары әуелі Қытай мен Ауғанстан елдеріне, одан әрі Пәкстан, Сауд Арабиясы, Иран, Түркия тағы басқа шетелдерге аууға мәжбүр болды. Бұлардың бүгінгі ұрпағын елге қайтаруға тарихи отаны ретінде Қазақстан әлі күнге нақты шешім қабылдаған жоқ және жүйелі жоба мен бағдарламаны іске асырған емес. Осының кесірінен қазақтардың тағы да өзінің тарихи отанында азшылыққа ұшырау қатері туындады. Ал шетелдегі қандас бауырлардың жас ұрпағы сол елдерге сіңіп кету үдерісі жүріп жатыр.

Соңғы 30 жыл бойғы басталған бұл саладағы жұмыс жүйесіз және көрнекілікке ғана құрылған, парақорлық пен жемқорлық жайлаған саланың біріне айналды. Бұған дейінгі істелген репатриация жүйесіз, жүрдім-бардым жасалған шаралар.Елге келуге, тіпті ешбір жағдай сұрамауға пейіл білдірген қандастар, әсіресе Ауғанстанда қалған, туыстары елге оралып үлгерген азаматтардың қазақ екендігіне күмәнмен қарайтын желеу бұған жол бермей отыр. Әлі күнге «қандас» мәртебесін беруге жататын шетелдегі қазақтарды мойындау ережесі бекітілмеген!

Шетелдік қазақтар тарапына тарихи отаны ретінде Қазақстаннан берілетін виза мәселесі, гуманитарлық көмек пен ағарту саласы бойынша жұмыстар ешқандай жолға қойылмаған. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» аталатын ұйымның жұмысы мүлдем сын көтермейді.

Құрметті Президент!
Егемен еліміздің алдында демографиялық тұрғыдан үлкен сынақ күтіп тұр. Елдің демографиялық ахуалы - мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықтың амандығына және оның дамуына тікелей қатысы бар басты фактордың бірі ретінде тез арада мемлекеттік шешім қабылдауға жататын мәселе. Осыған сәйкес Сізден тыңғылықты шешім күтеміз!

Шетелдік қазақтарды қолдау алқасы.
30 қыркүйек 2022 жыл.

Құрметпен Шетелдегі қазақтарды қолдау Алқасының мүшелері:

Серік Ерғали (Астана), Дос Көшім (Алматы), Қыдырәлі Ораз (Ұлы Британия, Лондон), Бейсен Ахметұлы (Астана),Ақпар Аюби (Дания), Абдулла, Амидулла Тадаш (Ауғанстан, Қабул), Хамид (Пакистан, Карачи), Ахмад Қожабаев (Сауд Арабия, Мекке), Мохаммад Табын (Ауғанстан), Сейфолла (Иран, Горган), Жора Табын (Иран), Маджанов Қалиолла Айхожаұлы (Шымкент), Жұмат Газиз (Семей), Жарқынбек Сейтімбет (Шымкент), Бауыржан Бердібайұлы (Жаңаөзен), Садуақасова Ақмарал Қайырбекқызы (Астана), Сұлтанбек Ташкенбай (Ақтөбе), Ермек Ешмұханбетұлы (Талдықорған), Бекарыстан Мырзабай (Ақтөбе), Жакеб (Алматы), Талғат Мұсақұлұлы (Жамбыл облысы Жуалы ауданы), Есентүгел Елеукен (Астана), Дәурен Қуат (Алматы), Аятжан Ахметжан (Астана), Кулдариға Ром (Павлодар), Беркалиева Күлиман Абдыгалиевна (Алматы облысы) тағы басқалар.

Пікірлер