Колледждер мен университеттер Алматыдан Қонаевқа көшіріледі

3388
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы мен Алматы билігі мегаполисті жеңілдету үшін бірқатар жоғары оқу орындарын Қонаевқа беру мәселесін қарастырып жатыр. Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Біздің ойымыз – университеттерді көшіру, қосымша біліктілік беретін жүйені ұйымдастыру үшін жақсы кампустар салу қажет. Сонда студенттер жарты күн емін-еркін оқи алады, қалған жарты күнде өндірісте жұмыс істей алады. Болашақта біз орта техникалық білімді дамытуға баса назар аударатын боламыз. Бізде инженерлер, сантехниктер мен  шеберді табу қиын”, – деді Дәндібаев.

Одан бөлек, ол студенттердің оқуы мен тәжірибесі қалай ұштасатынына да тоқталды.

“Кірпіш зауытын саламыз, жалпы үлкен құрылыс алаңы болады. Қазір Алматыдан өндірісті, индустриалды аймақтарды шығаруға тырысып жатырмыз. Қаланы жеңілдетуге көмек беру керек. Ал тұрғындарды тұрақтандыруды қолға алу керек. Осы қалада тұрып, жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау қажет”, – деді Дәндібаев.

Оның айтуынша, Алматыда өмір мен баспананың аймаққа қарағанда әлдеқайда қымбат екенін ескерсек, жоғары оқу орындары мен колледждердің өңірге көшірілуі де оң әлеуметтік нәтиже беруі тиіс.

Бұған дейін Алматыда «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-Батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» атауымен бес полиорталық пайда болатыны белгілі болған. Оларда қала халқының көп бөлігі тұрады деп болжануда.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер