Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы қағиданы берік ұстанып отыр. Елге жетекшілік ететін басшының өз туыстарын билікке тартпауы, Президент сайлауына қайта-қайта түспеуі, бір мәрте ғана жеті жылға сайлануы, әділетті, адал қызмет атқаруы, жемқорлыққа бой алдырмауы – міне, осындай қағидаларды берік ұстанамын деп халыққа Жолдауын жариялауы көпшіліктің көкейіне қонады. Жапон философиясында өзгерісті өзіңнен баста деген қағида бар. Ол біздің Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бойындағы бұрыннан қалыптасқан ізгі қасиет. Айтқандарын асықпай, аптықпай, біртіндеп жүзеге асырып, орындай бастағанын халық көріп отыр.
Мінеки, елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетін күн де белгілі болды. Алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Президент сайлауынан кейін Парламент, жергілікті мәслихат сайлаулары да, Үкімет құрамын қайта жасақтау секілді ауқымды шаралар да күн тәртібінде тұр. Осының бәрі демократия жолымен, әділ сайлау арқылы жүзеге асырылатынын Мемлекет басшысы қадап айтты.
Президент Қ.Тоқаев елімізде мінсіз қоғам орнаса екен деп армандайды. Демек, мінсіз мемлекетті басқаратын адамның өзі алдымен сол орынға лайықты жан болғаны абзал. Ең алдымен, ол адам асқан әділетті болуы тиіс. Адамдар адалдықты, әділдікті арман етеді. Басшылардың қара қылды қақ жарған әділетті, турашыл болғанын қалайды. Осындай Мемлекет басшысына лайық азаматтың бойында бірнеше қасиет табылуы тиіс. Алдымен, дене мүшесі сау, денсаулығы мықты, есте сақтау қабілеті күшті, мейлінше зерек, зерделі, көп тілді меңгерген, бүкіл ойын шебер жеткізе білетін, жұртты бірден баурап алатын шешен болуы керек. Өзгелерді де тыңдай білетін, содан іске пайдалы жерін алып, қорытынды шығаратын адам басшыға лайық.
Көп мәселені ақылды адамдар шешуі қажет. Неге Мемлекет басшысын халық болып сайлайды? Өйткені, сол халықтан ең ақылды, ең білімді, көзқарасы ерекше, табиғаты басқаша, талабы артылып тұрған адамды таңдап алғысы келеді. Солай болуы керек. Сонда ғана президенттер бірімен-бірі тіл табысады. Сонда ғана президенттер халықтың игілігін ойлайды. Мемлекет басшысы философ, саясаткер, әлеуметтанушы, әлем діндеріне де сергек қарайтын жан-жақты азамат болуы тиіс. Меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойынан осы қасиеттер табылады.
Ел ішінде ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз деген ойлар айтылып жүр. Орынды пікір. Сөйтсе де, ескінің бәрін бір сәтте сыпырып тастап, түгел жаңалайын деп отырған ешкім жоқ. Халық арасында тәжірибелі, ойлы, халыққа шын жанашыр, мемлекет мүддесін ойлайтын, адал қызмет ететін, әділетті жолмен билікке келе алатын азаматтар баршылық.
Осы жолы халық Президент сайлауында үлкен белсенділік таныта алады. Соған құлшынып отыр. Жұртшылық бұдан былай Президентті екі рет сайлауға жол бермейді. Ол Конституцияда анық айтылған. Енді жаңа саяси партиялар белсеніп шыға бастайды. Бұл дегеніңіз, алдағы уақытта бір-бірімен бәсекелесе алатын саяси ұйымдар өз кандидаттарының арасынан мықты тұлғаларды алға тартады. Ата Заңға сәйкес Президент бір рет қана сайланатын болса, ескіге, әділетсіздікке жол берілмейді. Демек, алдағы жеті жылда Қазақстанда үлкен өзгерістер болады деп күтілуде.
Президент сайлауына өзін-өзі ұсынатын, тіпті партияда жоқ азаматтар да сайлауға түсе алады. Ол мүмкін, депутат, министр, қоғам қайраткері де, тіпті қарапайым, ойы бар азамат та болуы мүмкін. Меніңше, Президент қырық жастан асқан, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, елдің дамуына, мемлекеттің қауіпсіздігіне Қазақстан халқына әділ де адал, жан-тәнімен қызмет етуге дайын азамат болуы тиіс.
Президент сайлауы еліміздегі ең басты саяси оқиға. Бұл сайлауға кез-келген оппозициялық күштер де қатысады. Бұл нағыз демократиялық көрініс. Әрбір саяси партия күреске дайын болуы тиіс. Елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертеміз деді Қ.Тоқаев. Демек, бүкіл құрам жаңарады. Сенім мандаты халық сеніміне жұмыс істейтін болады. Осыдан барып халық сенетін билік, әлеуметтік әділеттілік қалыптасуы керек. Экономикалық саясат дұрыс болуы тиіс. Ол елдің дамуын жаңа сатыға көтереді.
Мықты бәсекелес бола алатын, сайлауалды бағдарламалары өтімді, сенімді болса ғана халықтан қолдау табады. Халық әділ сайлауды күтеді. Алдағы күндерде тыныштық, тұрақтылық, әділдік болуы тиіс.
Саясат БЕЙІСБАЙ, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас сарапшысы