Қазағым, өзгеге көл болып, өзіңе келгенде неге шөл бола қаласың - Дәурен Қуат

5128
Adyrna.kz Telegram
Жазушы, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат мобилизация, ел мен жер, ұлттық мүдде жайына қатысты мәселе көтеріп, қоғамға ой салды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Шығармаларынан қазақылықтың исі аңқыған азамат өз жазбасында:
"Қазақстанның теміржол вокзалдарында Ресейден қашып, босып келіп жатқандардың алдынан ыстық бауырсақ пен буы бұрқыраған ыстық шай алып шығып қарсы алушылар көбейіпті. Не деген қонақжайлылық, неткен дархандық десеңші?!. Осылар осы істерімен ҚР құық бұзушылық әкімшілік кодексіне қарсы әрекет жасап жүргендерін біле ме екен өзі?" - деп өз ойын жеткізді.
Сонымен қатар, мобилизациядан қашқандар мен алыстан атажұртын аңсап келетін қандастар жағдайын салыстырып, азаматтық ұстанымын жеткізді:
"Ойға түседі. Өзбекстаннан, Қытай мен Моңғолиядан, Ираннан қанша қазақ заңды түрде көшіп келді. Солардың алдынан құшағын жайып, аңқылдап шыққан қазақ, иә, елімізде жасайтын өзге ұлт өкілі болды ма? Қандастарымыз жүр Қазақстанның "жеті басты" айдаһарлары күзететін кеңселерге кіре алмай, кірсе, шаруасын бітіре алмай.
Ау, дархан жүректі, аса қонақжай халқым! Өзгеге көл болып, өзіңе келгенде неге шөл бола қаласың? Әлде құлдығың ойыңа оралып, құрдай жорғалатып жібере ме сені? Солай сияқты..." - деп нақтылады автор.
Автордың уәжіне қатысты " Міне, біздің санамызды әбден улағаны сонша, жауың қайсы досың қайсысы екенін ажырата алмайтын хәлге жеткеніміздің дәлелі", "Жат тілде сөйлеп, тәрбие алғандар ел-жұрт қандас деген ұғымға жат қимылдар жасайды" деген сынды пікір білдірді оқырмандар.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер