Жас актриса, талантты ақын Ақгүл Айдарбекқызының тырнақалды туындысы жарық көрді

4130
Adyrna.kz Telegram

 

Мына өмірден көп нәрсені аз ұқтым,
Кінәлауім емес сізді жазықтым.
Мені ақыным, ақ гүлдерге теңеме!
Мен...  мен гүлден де нәзікпін...

 

Бүгін Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде жас актриса, талантты ақын Ақгүл Айдарбекқызының «Мен гүлден де нәзікпін...» атты тұңғыш жыр жинақ кітабының тұсаукесері өтті.

Жыр-жинақтың шымылдығы Жібек Шахмарданның «Назқоңыр» композициясымен ашылып ары қарай автордың бірнеше өлеңдері оқылды.

 

 

Еркелегім келіп кетті...

Сізсіз кешкен күндеріме көндіге,
Сұлбаңызды іздеп жүрмін көшеден..
Әлде, сізге еркелегім келді ме?
Өксіп- өксіп жылап алдым кеше мен.

Сенделдім-ау..тоңып қалдым біршама,
..Мөлдір көзім..
Аласұрып іздеді.
Жүзіңізден ызғар шашып тұрса да,
"..Қоңыр қозым" деушедіңіз сіз мені.

Өлең өрдім қаламыммен бақ қазып,
Тым кесапат сезіміме қайғы ала.
..Сізге бүгін..
..Жүрегіммен..
..Нәп-нәзік..
Еркелегім келіп кетті жәй ғана..

Үркек ойдың аясы да кең еді,
Кеуде тұсты шарпып алды жалмай сыз,
Шер құшақта еріп кеткім келеді,
Ал сіз тіпті еркелете алмайсыз..!

Серттен тайып кеткеніммен шегініп,
Шербет мұңға ынтық әрі құмар күз.
Бәлкім, қазір өзге жанды еліріп,
Еркелетіп отырған да шығарсыз..!

 

Кітаптың тұсауын Серік Қали, Дәрмен Сымайл, Ағайша Исағұл кесіп авторға шығармашылық табыс тілеп, тілек-баталарын берді.

Жыр-жинақтың тұсаукесеріне ақын, саяси журналист Қажымұқан Ғабдолламен ақын Батырхан Сәрсенхан, Ержан Иса жырдан шашу шашты.

Жыр кешінде автордың ең жас оқырманы Бекасыл Ердосұлы автордың «Достық» өлеңін жатқа оқып жиналған көпшіліктің ықыласына бөленді.

 

 

Достық

Шын достыққа жетеледі бар маңың,
Жолдастыққа қол бұлғады арна мың.
Бірақ, сонша өсек- аян сөздерден,
Білесің бе? 
Биік тұра алмадың.

Достықпенен + құпия ма = құт егіз?
Жанымызды түңілтпей- ақ түтерміз.
Сырға бекем бола алмаған жандардан,
Біздер осы, не мықтылық күтеміз?

Қаңқу сөздер қасіретпен ұқ қайғы,
Мүмкін керіс арамызды нықтайды.
Бір білерім, сөз қуғанның бəрінен,
Ешқашан да достық деген шықпайды!

Шыққанымен сан шыңырау, жар алдан,
Жан емес пе ең бір биікке бара алған?!
Бірақ, сенің əспеттеген достығың,
Бұл дүниеде болмауы үшін жаралған

Ақгүл Айдарбекқызы

Жыр кеші әнге толы. Гитараның, баянның сүйемелдеуімен бірнеше әндер де шырқалды. Соның бір мысалы – Ақгүлдің жақын құрбысы, Сыр өңірінің тумасы, айтыскер ақын, жазба ақын Жібек Шахмарданқызының "Аппақ гүлге" атты әзілге толы арнау өлеңін Мерует гитарамен орындап шыққан сәті:

 

 

 

Аппақ гүлге

Тыныш еді өмірің,
Өлең өріп өзгерді,
Алабұртып көңілің,
Шабытың да тез келді.

Қайырмасы:
Сөз табасың айтуға,
Жүргенің жоқ қысылып.
Қара қазақ халқына,
Əппақ жырлар, əппақ жырлар, əппақ жырлар ұсынып.

Күліп көзің нұрлана,
Жеткізесің сезімді.
Сынбай əркез сынға да,
Жансың арлы, төзімді.

Қайырмасы:
Сөз табасың айтуға,
Жүргенің жоқ қысылып.
Жақындарың келіп тұр,
Əппақ гүлдер, əппақ гүлдер, əппақ гүлдер ұсынып.

 

 

Жыр-жинақтың соңы автордың қолтаңбасымен кітап алу, әсерлі сәттің куәсі- автормен фотоға түсумен аяқталды


Жандос Мақсұтқалиұлы.

"Адырна" ұлттық порталы.

Фото автордан.

P.S: Жыр-жинақтың фото-видеосының толық нұсқасы автордың youtube каналымен "Адырна" сайтында

Каналға сілтеме:

https://www.youtube.com/channel/UCI5mtdJtgSQX2-nVeL54iKQ?view_as=subscriber

 

Пікірлер