Қазақстанға жаңа ауыл форматы керек

2790
Adyrna.kz Telegram

Советтік ауыл үш тараптан тұратын құрылыммен ұсталды: ауылдық кеңес – билік көзі, парторг – идеология көзі, совхоз-колхоз – шаруашылық көзі. Осы үштаған тарихи өзін ақтаған ауылдың агломерациялық келбетін тұтастырған құрылымдар болатын. Қазақстанның тәуелсіздік алуы жағдайында бұл мемлекеттік іргетасқа назар аударылған жоқ, бұны сақтаудың қаншама мүмкіндігі мен бастамасы жасалса да, ауылдық мекендерді елді жаңа тұрпаттағы экономика қалыптастыруға кедергі, мұсалдат құрылым ретінде аталған әлеуеттер мен ресурстар тәрк етілді, оларды жаңа жағдайға бейімдеу мен дамыту жеткілікті қолға алынбады, сәйкес үлгісі жасалмады.

Дегенмен, советтік ауылдар ауыл шаруашылығы толығымен қалыптасып, аграрлық елдің басты әлеуметтік-ауылшаруашылық  бесігіне айналып үлгерген-ді. Соның нәтижесінде қазақ ұлты демографиялық жағынан өз саны мен сапасын біркелкі деңгейде, кей жағдайда даму сатысына шығарды.

Қазақстанның бүгінгі ауылдық келбеті мен тұрпаты замандастырылған талапқа сай тұжырымдалмаған. Соның кесірінен ауылдың бүгінгі ахуалы мүлдем керағар және уақыт өткен сайын ауылдық мазмұн мен форма жойыла түсуде. Ауыл мәселесі бойынша қолға алынған шаралар мен саясат қанағаттанарлық емес әрі мәселені түпкілікті шешуге қауқарсыз екені байқалып отыр.

Жалпы ел егемен болғалы ауылдық мекендер шығын көзі ретінде, біржақты түрде,  нарыққа икемсіз әлеуметтік мұсалдат әкімшілік бөлініс есебінде қаралып, ұсақ ауылдарды жаппай жабу қолға алынды. Бұның салдарынан ауылдық әлеуметтік босқындық үдерісі туындап, олардың тұрғындары жаппай қала типті кенттер мен қалаларға қоныстануға мәжбүр етілді. Ауыл тұрғындары психологиялық-әлеуметтік дағдарыс пен тұйыққа тірелген жағдайларды бастан кешті. Бұл үдеріс «қызыл» Қазақстан жағдайындағы малшы қазақтарды зорлап отырықтандыру саясатымен парапар тағы бір тұрпайы да халыққа жағымсыз науқан болды. Бұл жолы енді жаппай отырықтандырудың орнын, керісінше жаппай қалалықтандыру басты. 

Соның кесірінен бұрынғы өз әлеуетін өзіне жұмсап, әлеуметін тиянақты дамытумен келген қалаларға әлеуметтік күш түсіп еселенді, әлеуметтік босқындық мыңдаған әлжуаз жанұялар мен азаматтардың ахуалын құлдыратты, осының бәрі елдің экономикасы мен әлеуетін рәсуә етіп, мемлекет тарапынан жұмсалған шығын ақталмай, ұсақ ауылдарға жұмсалатын шығыннан да артық кері салдары туындады. Кейбір қалалар жасанды түрде іріленіп, өзін ақтамайтын мегаполиске айналуда.  Орта-ұсақ ауылдар жойылу кесірінен дамыған қалаларға шамадан тыс әлеуметтік зардап пен ауырлық түсті. 

Әлеуметтік бұл босқындықты «урбанизациялық үдеріс» ретінде мойындау мәселенің себебін бүркеу болып табылады. Ел бюджетінен жұмсалған миллиардтаған қаржылар қалалардың дамуына емес, әлеуметтік босқындық мәселесін шешуге мәжбүрлеуде. Бұнымен бірге кең аумақтар жансыз, тіршіліксіз, айдалаға айналды. Бұның салдары кең далаға сырттан саяси көз аларту мен ел қауіпсіздігіне кері әсері бар қитұрқылықты туғызуда.

Оның есесіне ауылдарды жоймай, оларға түрлі мемлекеттік қолдау мен дамыту бағдарламасы жасалмады, жасалғаны қаржылық жағынан талан-тараж болды.  Бүгінгі қазақ ауылы амалсыздан күн көретін мекендерге айналды.

Осы айтылғандар мен басқа да факторларды ескеріп, ауылдық мекендер мен тұрғындарды жаңа жағдайға көшіретін әрі даму сатысына көтеретін, қордаланған мәселені түпкілікті шешуге жеткізетін жаңа тұрпаттағы ауыл үлгісін мемлекеттік тұрғыдан қолға алу қажеттігін айтқымыз келеді. 

Бұл жобаның шынайы мазмұны – ауылдық агломерация, нақтырақ айтқанда, ұсақ ауылдардан біріктірілген іріленген заманға лайық ауылдық мекендерді қалыптастыру. Бұл агломерацияның басты бағыты – ауылдық тұрғындарға жайлы тіршілік көзін ашу, әлеуметтік мәселені өз бетімен шешуге бейім қауымды жүйемен қалыптастыру, ауыл шаруашылығын барынша тиімді жолдармен дамытуға, жер ресурсын мейлінше әділ әрі нәтижелі шаруашылық көзі ету сатысына шығару; қоғамда ушыққан жер тақырыбын күн тәртібінен нәтижелі шешімше қарай ығыстыру. Бұларды минимал мақсат ретінде қарай отырып, максимал мақсат – ауылдық агломерацияны елдегі қордаланған әлеуметтік мәселелердің шешілу инстанциясы деңгейіне жеткізу, Қазақстанды сәулетті аграрлық ел сатысына шығару. 

Бұдан әрі аталмыш жобаны барынша түсінікті түрде елестету үшін оларды жіктеп қысқаша сипаттау түрінде жария етеміз.

Ауылдың тұралауынан туындайтын кеселдер:

  1. Табиғи халық өсімі кемиді;
  2. Әлемдік сұранысқа ие табиғи азық түрлерінің орнын жасанды азық әзірлеу өнеркәсібі басады;
  3. Ауылдық атакәсіп дағдарады,жойылады;
  4. Ұлттық құндылықтар маңызы мен мазмұны тұйыққа тіреледі;
  5. Ұлттық генофон әлсірейді; 
  6. Ұлттық демографиялық сан мен сапа әлсірейді;
  7. Әлеуметтік жағдай ушыға түседі;
  8. Ұлттық мәдениет пен өнер көзі бітеледі, даму сатысы құлдырайды.

Ауылдың жаңа форматынан күтілетін нәтижелер:

  1. Ауылдық мекенді әлеуметтік ахуалды шешу көзі  болуының ықтималдығы;
  2. Ауылдық туризм мен атакәсіпті сақтау, дамыту ықтималдығы;
  3. Ауыл шаруашылығының интенсивтік даму мүмкіндігінің болуы;
  4. Ауылдық агломерация ауылшаруашылық өнеркәсібінің ошағы болу мүмкіндігі;
  5. Ауылдық жұмыс орындарын ашу мүмкіндігінің мол екендігі;
  6. Әлеуметтік әлжуаз топтарды топтастыра отырып, мәселелерін барынша тиімді түрде шешу ықтималдығы; 
  7. Ауылдың ұлттық мәдени бесік болу әлеуетінің болатындығы;
  8. Агломерацияның демографиялық дүмпуге үлкен үлес қосу мүмкіндігі.
  9. Шетелдік қазақтарды елге тарту есебінен де демографиялық  үлес қосылатындығы;
  10. Агломерацияның қазақстандық бірыңғай ұлттық жымдасуға жол ашу мүмкіндігі;
  11. Агломерация ел халқының кемінде 40 пайызының өміріне тікелей қатысты және ауыл шаруашылығының жаңа тұрпатын орнықтырады.

Жаңа ауыл тұрпатының сипаты.

Ауылға ауылшаруашылығының көзі ретінде емес, елдегі халықтың жартысына жуығы  тұратын, ұлттың рухани әрі әлеуметтік қасиетті мекені ретінде қарайтын уақыт келді. Сондықтан жаңа тұрпаттағы ауылдың әрқайсысына тән қалыптасу, даму жоспары жасалуы тиіс. Жаңа ауыл бес ешкі мен екі сияр ұстағандар тұратын советтік тұрғыдағы емес, қалалық коммуникация мен әлеуметтік мүмкіндіктер көзіне айналған  кемінде 3 мың – 7 мың  тұрғыны бар агломерациялық құрылым болуы қажет. 

Бұндай ауылдар әлеуметтік әлжуаз топтардың (көпбалалы аналар, жартылай жанұялар, мүмкіндігі шектеулі жандардың) тұруына қолайлы болады; жетім жастардың аяққа тұруына алғышарт жасалады: үй, жайлы жатақхана, жұмыс, мәдениет пен өнер, спорт кешендері;

  • атакәсіпті сақтау мен дамыту бағыттарына басым назар аударылады;
  • агломерацияға тән коммуналдық шаруашылықтар кешені орнатылады: су, кәріз, орталық жылу мен қуат. Бұндай ауылдық агломерация мынадай құрылымнан тұрады:
  •  ауылдық тұрғын алабы; оны айнала орман-тоғай, бау-бақша, саяжай аймағы; келесі ауылды айнала орналасатын шеңберде өнеркәсіп аймағы: мал бордақылау, қасапхана, диірмен, элеватор, ауыл өнімдерінің цехтары; келесі шеңберде мал жайылымы мен егіс алқабы орналасады.  Бұндай жаңа тұрпат ауылды советтік келбеттен іріленген жаңа мүмкіндіктермен жарақтанған Қазақстанның жаңа ауылын ерекше мазмұнға толтырады.

Ауыл әкімдері тікелей сайланады; муниципалитет/ауылдық меншік орнығады; ауылдың мемлекеттік тұрғыда заңмен/жарлықпен бекітілген ережесі болады.

Агломерациялық ауылда алуан меншік түрлері бола алады:

  • жекеменшік;
  • мемлекеттік меншік;
  • аралас меншік;
  • ұжымдық меншік.

Жаңа ауылды қаржылану көздері де алуан бола алады:

  • бюджеттен;
  • коммерциялық тараптан;
  • краундфандинг түрінде;
  • коммерциялық емес тараптан.

Бұндай жаңа ауылды қалыптастырып, жетілу жолына салу үшін арнайы Ауыл министрлігі, яғни мемлекеттік құзырлы саясат қажет.

С.Ерғали

Пікірлер