Зашаған кентінде 160 орындық бөбекжай жұмысын бастады. «Қала күні» мерекесімен тұспа-тұс өткен бөбекжайдың ашылу салтанатына қала әкімі Миржан Сатқанов қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
– Бүгінгі күні қаламыздағы 157 мектепке дейінгі ұйымда 18 мыңдай бүлдіршін тәрбиеленуде. 3-6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылды. Зашаған кенті шаһардағы халық тығыз орналасқан аудан. Тұрғындар саны жылдан жылға артып келеді. Сондықтан әлеуметтік нысандардың салынуы маңызды. Осы істе жеке кәсіпкерлердің белсенділігі қуантады. Заманауи үлгіде жаңа балабақшаны ашуда бастамашы болған азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Балабақшаның ашылуы, «Қала күні» құтты болсын, – деді қала басшысы Миржан Мұнайдарұлы.
Салтанатты шараға қатысқан ата-аналар, меймандар да өзі тілектерін білдірді.
Зашаған халық саны көбейіп, жылдан жылға үлкейіп келе жатқан кент. Бүгінде осы аудандағы 7 мемлекеттік, 15 жеке балабақша мен мектеп жанындағы шағын орталықтарда 3200-дей бүлдіршін тәрбиеленуде.
Заманауи үлгіде салынған «Аяна» балабақшасының ашылуымен тағы 160 бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылатын болады.
Типтік үлгідегі екі қабатты бөбекжай ғимаратының аумағы 3210 шаршы метр. Жалпы аумағы – 5850 шаршы метр. Оқу-тәрбие жұмысы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Балалардың алаңсыз ойнап, жан-жақты болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалған. Медициналық бөлім, асхана, акт залы, психолог, үйірме, ойын бөлмелері заманға сай қажетті жабдықтармен қамтылған. Аулада әр топ үшін ойын алаңдары дайындалған.