Таразда 1 қыркүйекте ашылған мектеп әлі жұмысын бастамады

2651
Adyrna.kz Telegram

Тараз қаласында 1 қыркүйек күні салтанатты түрде ашылып, лентасы қиылған №61 мектеп өз жұмысын әлі бастамады. Қазіргі таңда білім ордасында бірде-бір оқушы оқымайды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Информбюро ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.

Ресми мәліметтерке сүйенсек, ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы, қала әкімі, Білім басқармасының басшылары қатысқан. Сөз алғандар бұл қуаныш Президент жолдауының жемісі екенін ерекше атап өтті.

«Мектепті аралап шықтым. 600 орындық керемет мектеп. 4 компьютерлік класы бар. Шеберханасы бар. Спорт залы бар. Кітапханасы бар. Балаларға барлық жағдай жасалған»,– деді облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков.

Алайда бұл рәсім әдемі қойылым ғана болып шықты. Себебі мектеп бала қабылдауға әлі дайын еместігінен бөлек, тіпті білім басқармасының қарамағына өтпеген-ді. 1 қыркүйекке жақын тұрған №50 орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары шақыртылған.

Білім ордасының директоры Қарлығаш Қасымбаева журналистерге оқиғаның мән-жайын түсіндіріп бере алмады.

Балалары жаңа мектепке баруы тиіс болған Қайнар алқабының тұрғындары қала басшылығына реніштерін жеткізді.

«Жауапкершілік жоқ. Мектепті ашып, бала қабылдамауы халықты алдау шығар»,– дейді ата-аналардың бірі Әсел Игілікова.

Пікірлер