Рим папасы кәдімгі періште сияқты ғой, бір грамм арамдық, қулық жоқ - Шыңғыс Мұқан

2476
Adyrna.kz Telegram

         Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне келген қонақтар шоғыры әлем жұртшылығының назарын Қазақ еліне аударды. Рим Папасы Францискті көруге, бірге мінәжат етуге келген көпшіліктің қарасы қалың.  Елордадағы іс-шараға Польша, Ресей, Қытай, Малайзия мен Кениядан арнайы келгендер бар. Мұндай ауқымды жобаның барысы ел іші, саяси элита өкілдерінің тарапынан да қызу талқылануда.

Саясаткер, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да католиктерге қатысты өз пікірін білдірді:

"2000 жыл. Алматыда аудармашылыққа оқып жүрмін. Ағылшыншамен қоса, бірінші курстан бастап испан тілін оқыдым. Тілді кітаптан оқимыз. Тіл деген тек жазғанды түсіну емес, ең алдымен айтқанды түсіну және өз ойыңды жеткізу. Айтқанды түсінбесең, ойыңды да жеткізе алмайсың. Содан, ана тілі испанша адамдарды іздедік. Біреулердің нұсқауымен таптық.

Алматыдағы Желтоқсан мен Абай көшелерінің қиылысындағы ескі екі-үш қабатты үйлердегі пәтерлердің бірінде бірнеше католик дін қызметкері тұрады екен. Бірі Италия, бірі Аргентина, бірі Испаниядан екен… Аптасына екі рет барып, испанша сөйлесіп тұрамыз. Қыста тауға бірге барамыз. Қандай жақсы адамдар еді. Бірінің есімі Карлос, есімде қалғаны.

Бір жағынан тартынамыз. Дінтаратушы деп ойлаймыз іштей. Төңірегіміз сектаға ұрынып қалма деп құлаққа құйып отырады. Жаман кез болды ғой сол бір уақыт. Егемендікке он-ақ жыл. Ненің не екенін әлі біле бермейміз. Испанша үйренгіміз келеді, бірақ сақтанып жүрміз. Алайда жарықтықтар католик бол дегендей бір ауыз сөз айтпады, емеурін де байқамадық. Жаспыз ғой. 16-18 жастамыз. Бізге қызығы мойнына ақ лента тағып жүретін қара киімді молдаларын падре деп атайды екен және олар үйленбейді. Біздер, балалық қой, неге, сонда қалай деп қайта-қайта сұраймыз.

Әлгі байғұстар (деп қоймыз-ау, кімнің шын мәнінде байғұс екенін білмей жатып) түсіндіреді келіп, оны түсініп жатқан біз жоқ. Қазіргі күннің биігімен қарасам, кеше астанаға келген Папаны басшы көретін падрелер шынында да әулие (святой) екен. Кәдімгі періште сияқты ғой, бір грамм арамдық, қулық жоқ. Аузын ашса, жүрегі көрінеді.

Католиктерге қатысты пікірім, міне осылай қалыптасты.  Папаны көре алмадық, Шымкентте болдық. Бірақ падрелерді көрдік. Падрелер солай болса, Папа қалай болмақ, ақылым жетпейді. Адамзатқа жақсылық тілегеннің, бейбітшілікті насихат еткеннің бәрі кім болсын, қай дінді ұстансын, қай ұлттан болсын, аман болсын! Папа кім, мен кіммін дегендей! Папа - талай тарихты мұрагер еткен әлемдік тұлға, түсінгенге. Аман жүргей, Франциск әкей!" - деп жазды автор.

 

Пікірлер