Менің арманым Алатаудың асқақ шыңдарынан қол бұлғайды (эссе)

9177
Adyrna.kz Telegram

«Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

                                                                            Үлкен арман керек екен адамға!»

                                                                                                               М.Шаханов

Арман – адам атаулының  қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырына мән-мағына беріп, оны үміт сәулесімен  алға қарай  жетелейтін ең құдіретті күш. Халқымызда «армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген тамаша бір сөз бар. Бұл сөздің  мән-мағынасы біз ойлағаннан анағұрлым  тереңде жатыр.

Көз алдыңызға қанатсыз құсты елестетіп көріңізші. Иә, ол ұша алмайды, көк аспанда еркін қалықтап, биікке самғай алмайды. Онда ол несіне құс болып жаратылды?  Тіпті, елестету де мүмкін емес.

Міне,  арман-мақсаты жоқ адамдар да дәл осы құс тәрізді, не алға  жылжи алмайды, не шыңдарды бағындыра алмайды. Жай ғана бос кеуде болып, тағдырдың дегеніне көніп,  ақырында өмірінің қалай өтіп кеткенін де білмей қалады.

Ендеше, арман – адам қанаты, онсыз өмірдің ешқандай  мәні де, сәні де болмақ емес.

Бәріміз де адам болып жаралған соң, армандамай, үміттенбей күн кеше алмаймыз. «Мен кіммін?», «Кім боламын?» «Өмірдегі миссиям қандай?» деген сан түрлі сауалдарға мен де жауап іздеп, жарқын болашаққа ойша сапар шегемін. Күндіз-түні жүз ойлантып, мың толғандыратын, қиялыма қанат бітіріп, алға жетелейтін асыл армандарымды жарық сәулеге теңеймін. Себебі, ол маған шуағын шашып, көңіліме қуаныш сыйлайды. Ал қараңғылық орнаған сәттерде өзінің жарығымен мені адастырмай, дұрыс бағыт-бағдар береді.

Ойлаған сайын өзіне асықтыратын аяулы армандарым, әрине, көп. Ең бастысы – осынау өмірден өз орнымды тауып, халқыма қалаулы, еліме елеулі тұлға болсам деймін. Одан соң жүрегімнің қалауы – журналистиканың биігіне жетіп, өз ісімен өзгелерге үлгі боларлық білікті маман атануды армандаймын. Сонымен бірге, филолог ретінде бабамның көзіндей туған тіліміз бен әдебиетіміздің мәртебесін асқақтатып, мерейін үстем етуге өз үлесімді қосқым келеді. Қысқа ғұмырды мәнді де мағыналы өткізіп, оны игілікті істерге толтыру, барлық жағынан табысты адам болып, маған сенетін жандардың үмітін ақтау сынды негізгі мақсат-мұраттарым бар.

Сондай-ақ, осылардың бәрі бірден орындала салмайтынын, мықты ерік-жігерді, үлкен еңбек пен темірдей төзімді талап ететінін жақсы білемін. Сондықтан да, армандарым құр қиял болып қалмас үшін, уақыт пен  берілген мүмкіндіктерді құр жібермей, әр күнімді жоспарлап,  мақсатыма  сай әрекет етуге барынша тырысудамын. Бір сөзбен айтқанда, жалындаған жастық шағымды арман жолындағы ізгілікті істерге арнағым келеді.

Ендеше,

«Адам , сірә, бақытын місе еткен бе,

Армандайық, армансыз кісі өткен бе?

Байламы жоқ бақытқа құлдық ұрмай,

Не жетсін арман қуып, іс еткенге»,- деп, ақиық  ақын  Мұқағали айтпақшы,  армандай білейік, сол армандарға  сене білейік! Армандар міндетті түрде орындалады!

...Әне, менің  арманым Алатаудың асқақ шыңдарынан тағы да қол бұлғады.

 

Сабина ИГІЛІК, 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

филология және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер