Қазақстанның экс-премьер-министрі Қажыгелдин Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы «DALA INCIDE» telegram-арнасы хабарлайды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Тоқаев Қажыгелдинді қажетке жаратуда! Әкежан президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып алған. Жаңа Қазақстан Назарбаевтың қарсыластарымен тіл табыса бастады. Әйгілі Әкежан Қажыгелдин бірталай уақыттан бері Президентке уәзірлік етуде. Тоқаевтың экс-премьерге арқа сүйеуі тегін емес. Әкежан Назарбаев әулетінің осал тұсын жақсы біледі. Отбасының Батыс банктеріндегі жинақтары, оффшордағы капиталы, жылжымайтын мүлкі туралы талай жылдан бері тынбай тергеу жүргізген Қажыгелдин қолдағы құнды мәліметті жұртқа жария етуге әзір. Назарбаев кланының ақпараттық шабуылына төтеп беру үшін Тоқаев экс-президенттің оппоненттерімен ымырласқан сыңайлы", - делінген хабарламада.
Аталмыш ақпарат агенттігінің хабарлауынша, мемлекет басшысы ескі жүйенің оңайлықпен беріле салмасын жете түсінеді.
Назарбаевтың кесірінен қиыр қонып, шет жайлап жүрген оппозиция Тоқаевтың тапқырлығы мен табандылығына тәнтті. Оның орашолақ шешім қабылдамасына көзі жеткен. Түптеп келгенде Қазақстанның қазіргі президенті мен шеттегі оппозицияның ортақ жауы - Назарбаев кланы. Ал Қажыгелдин қанша жерден оппозиция болғанымен Тоқаевқа тіл тигізген емес. Керісінше, президенттің Жаңа Қазақстан орнатуға алғышарт болған бірқатар идеяларының бастауында Қажыгелдиннің қолтаңбасы жатқандай көрінеді.
Мәселен осыдан былтыр dalanews.kz сайтында жариялаған мақаласында Қажыгелдин ескі жүйе қирағаннан кейін Ұлттық құрылтай өткізуді ұсынған.
"Тоқаев қолындағы билікті пайдаланып Ұлттық құрылтай шақыруы қажет. Осы құрылтайда жаңа Конституция мен жаңа саяси құрылымдарды жасақтауға жол ашылуы тиіс", - деген еді Әкежан мырза.
Құрылтай нәтижесінде марқұм Рахат Әлиевтің нұсқауымен сотталған азаматтар және саяси тұтқындар түрмеден босауы керектігін айтқан. Ұлттық құрылтайдың дүрілдеп өткенінен хабардарсыздар...
Жаңа Конституция қабылдау туралы да ұсыныс та Қанды Қаңтарға дейін Қажыгелдиннің аузымен айтылған еді.
"Тоқаев тарихта жақсы атпен қалғысы келеді! Мұның бір жолы жаңа Конституция қабылдау. Жалпыхалықтық референдум өткізу. Ата заңның жаңа нұсқасын халық талқысына салып, соның негізінде билікті халыққа қайтарса абыройын сақтап қалады. Осының аясында Назарбаев әулетіне де кепілдік беріледі. Жаңа құжатта кезектен тыс президент сайлауын әділ өткізу заңмен бекітулі тиіс”, – деген-тұғын экс-премьер.
Өздеріңіз білетіндей, Ата заңға өзгеріс енді. Биыл кезектен тыс президент сайлауы өтеді...
Қазақстанның парламенттік республикаға ауысатынын да шым-шымдап жеткізген Қажыгелдин еді. "Парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есеп-шотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Ел байлығын әр тұрғынға әділ бөліп береді", – дейді Әкежан мырза.
"Адырна" ұлттық порталы