Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығы президенті болды

2125
Adyrna.kz Telegram
Фото: inbusiness.kz
Фото: inbusiness.kz

Кәсіпкер, «Altyn Qyran Foundation» қайырымдылық қорының президенті, меценат  Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығы президенті болды. Бұл туралы Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Ұлттық спорт қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысы өтті. Қауымдастықтың соңғы үш жарым жылдағы жұмысы жайлы есеп беріліп, жаңа жарғысы қабылданды. Дауыс беру нәтижесінде қабылданған тағы бір шешім – Ұлттық спорт қауымдастығы президентін қайта сайлау», - деп жазды Салжанов.

Сондай-ақ, қауымдастық президенті қызметіне ұсынғаны үшін құрылтайшыларға алғыс білдірді.

Қауымдастық президенті қызметіне мені ұсынып, сенім артқандары үшін құрылтайшыларға ризашылық білдіремін. Бұл – қоғамдық негіздегі, артар жүгі мол, жауапкершілігі зор жұмыс, –  деп жазды Исламбек Салжанов.

Одан бөлек, Бақдәулет Сәбитов пен Рауан Кенжеханұлы қауымдастық президентінің орынбасары болып сайланды.

«Ұлттық спорт – халықтың рухын көтеріп, баршаға ортақ құндылықтарды қалыптастыратын, отаншыл және мемлекетшіл сана-сезімді күшейтуге ықпал ететін маңызды сала. Оның статусы – мемлекеттің абыройы. Біз ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлу арқылы елдік рух пен бірлікті күшейтеміз. Мемлекеттің халықаралық беделін көтереміз», - деді Исламбек Салжанов.

Айтуныша, ұлттық спорт стандарттарын бекіту және жаңа формат енгізу жоспарланып отыр.

«Ұлттық ат спортын модернизациялау мақсатында «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесіне жан-жақты қолдау көрсетеміз. Болашақта ұлттық спорт жарыстарына тікелей трансляция жасауды жолға қою қажет. Одан бөлек, спорттық инфрақұрылымдар салу, отандық тренерлер мен судьяларды дайындау, балалар спортын дамыту сияқты көптеген мәселелер бар», - дейді ол.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер