Алматыда әлі 500 cтудент жатақханасыз сандалып жүр. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Жаңа уақыт» бағдарламасына сұхбат берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Бүгінгі таңдағы өте өзекті сұрақ көтеріліп тұр. «Далада қаңғып жүрген студент», деген сөзді қолданудан аулақ болсақ. Өйткені, дәл осы мәселені тексеру үшін біздің әріптестеріміз рейд құрып, жағдайды анықтады. Оның нәтижесінде далада қонып жатқан бірде бір студент жолыққан жоқ. Дегенмен мұндай мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Статистикаға тоқталатын болсақ, әуелі мәселенің аражігін бөліп алған жөн. Бүгінгі таңда Алматы бойынша 181 мыңнан астам студент бар. Оның ішінде 121 761 студент басқа өңірлерден келген. Осы 121 мың студенттің 36 мыңнан астамы жатақханаға орналастырылды. Қалған 37 мың студен хостелдер мен пәтерлерге орналасты. 47 мың бала өздерінің туыстары мен таныстарының үйінде тұрып жатыр. Бұл – нақты мәлімет. Барлығын қоса келгенде, 121 261 студент орналастырылған. Ал 500 cтудент қазіргі уақытта ешқайда орналастырылған жоқ», – деді вице-министр.
Талғат Ешенқұлов келтірген дерекке сәйкес, Алматыдағы оқу орындары студенттерді орналастыру бойынша хостелдер және жеке пәтер иелерімен келісімшарттар жасасып жатыр.
«Күні кеше Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 4 хостелмен келісімшартқа отырды. Келісімшарт негізінде біздің студенттерге берілетін орындардың бағасы 20-25 мың теңгеден аспайды деп келісілді. Жалпы Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының барлығы дерлік студенттерді орналастыру үшін хостел және басқа да орындармен жекелей келісімшартқа отырып жатыр», – деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.
Вице-министр республика бойынша жатақханаларда 101 мың орын бар екенін айтты. Ал биыл оларда тұруға 87 мың студент өтініш берген. Қалғандары бос тұр. Талғат Ешенқұловтың айтуынша, орындардың көбі өңірлік университеттердің үлесіне тиесілі.
”Адырна” ұлттық порталы