Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендермен кездесті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Шұғыл әрекет ету штабы отырысынан кейін Мемлекет басшысы орман өртінен зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады.
Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, гуманитарлық көмек тарату пунктіне барды.
Зардап шеккендермен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараларды қабылдайтынын айтты.
– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еріктілермен әңгімелесіп, оларға көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.