Бүгін Тілдер күні және тіл атасы, Алаштың рухани көсемі, Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл.
Ұлықталар мәңгілік
Ұлт көсемі,
Ахаң десе, көңілден бұлт көшеді…
Алаш жырын кетті ғой аманаттап,
Азаттыққа ұмтылған жұрт кешегі…
Ұлықталар мәңгілік
Ұлт көсемі!
Қазақ десе, от ойнап қанымызда,
Қайрат берер қайран ер жанымызға!
Ұлттың Ұлы Ұстазы
туған жерге,
Тізе бүгер қалың ел, ханыңыз да…
Басса да әлі киелі
жерімді мұң,
Азаттығым - Мәңгілік!
Сенімдімін!
Тоздыруға Торғайды болмайды деп,
Оздыруға келіп тұр
Елің бүгін!
Ұлы тойдың естуде
ел дүбірін,
Өнеге етіп айтамыз
ер ғұмырын.
Атылатын ұғымды “Ұлтшыл” деген,
Ардақтайтын уақыт келді бүгін!
Ұлтты оятқан күресің - мәңгі белгі!
Зұлмат заман қырды ғой барлық ерді…
Қадіріңе жете алмай тіріңде жұрт,
Қабіріңе жете алмай қалдық енді…
Әлихан мен Міржақып арыстарым,
Ардақтады Ахаңдай данышпанын,
Құрбан болған Ерлердің Қазақ үшін,
Аңыз етіп айтады ел алысқанын…
Айырылып қалардай пайдадан бар,
Аңдып жүрді жауларың айналаңда әр…
Ардақтыға айналған асыл ерді,
Абақтыға, ажалға айдағандар!
Санаса да сатқындар қадамыңды,
Сара жолға салумен саналы ұлды,
Қазақ үшін жұмсадың қаламыңды…
Кешегі иттер жарысып қапқан сені,
Бүгін менің тістеуде балағымды…
Айыптасам, ұлтқа жат мың деректі,
Ұлтсыздарың болуда мүлде кекті…
Әліппені қазақша білмейтіндер,
Әліппеңмен алысқан күндер өтті…
Елім бар да, Тілім жоқ - жайым анау…
Өзек өртер әрбір күн - дайын алау!..
Қожайынның тіліне құлдар құмар,-
Табыт қана қамыттан айырады-ау!?.
Тілім үшін неге ұзап барады дау?!.
Саңлақтарым сана үшін
сан арыды-ау…
Кеткен кеше айдалып кемеңгерді,
Күтіп жатқан сарғайып дала мынау!..
Ұлт көсемі - Ұлтымның таза ары едің,
Аруының Аққұмның ғажап өңін,
Әнге бөлеп, тербеттің
саз әлемін.
Орыс қызын аяулы қазақ еттің,
Ұлтсыз көсем ал біздің… жазар едім-
Орыс қылды отыз жыл Қазақ елін!
Тіл атасын тыңда елім, тыңда дала!
Негізгі ұлтым негізсіз мұңдана ма?!.
Ел Тәуелсіз болғалы
өтті отыз жыл!-
Тіл Тәуелсіз болатын күн бола ма?!.
Өз тіліне өгейлер,
өшікті құл…
Теңдік сұрап келеміз кешіп ғұмыр…
Бізде бәрін алаңда шешіпті кіл…
Тілсіз жаулар көбейді -өрт қосылды,
Тіл атасы тойы да
кешікті бұл…
Жүректерде шемен боп шер де теңіз…
Тілсіз тірі емеспіз,
кер кетеміз…
Азат Тілге айналар
Қазақ Тілі! -
Сенің ұлы тойыңда Серт етеміз!
Қазыбек ИСА