Президенттің халыққа жасаған Жолдауын өз аузынан тыңдадым, кейіннен әр сөйлеміне мән беріп оқып шықтым.
Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдарында талдап айтылып, елге түсіндіріліп жатыр. Мен Жолдауды өзімше түсіндім. Жалпы, адам не нәрседен де өзінің қалауын іздейді. Жақсылық іздеген – жақсылық табады, «қойшы осыда не бар дейсің» деп тыңдап, сынап оқыған адам өз деңгейінде тек жамандық көреді. Неге бізге «Мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоямын» деп ағынан жарылып алдымызда Жолдау жасап отырған Президентімізді қолдамасқа! Жеке бастарының мүддесінен, отбасының, ағайын-туысы мен руластарының талабынан шыға алмай отыз жыл елімізді билегендерге де төздік қой. Қазір ортамызда ойран салып жүр, оған не істей алып жатырмыз?!
«Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс»,- деп басталып отырған жоқ па. Неге осы ниетіне сеніп Президентімізге ермеске! Бұл Жолдаудың жөні бөлек, жолы бөлек болып тұр. Сол жолда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып біз де мемлекет мүддесін өз мүддемізден жоғары қойып, Тәуелсіздіктің тілеуін тілеп, бірігейік!
Сіздерге Жолдауды талдап бермей-ақ, ұзақ жылдар бойы халық армандаған мәселелерге қатысты деген жерлерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз аузынан естіген қалыпты теріп жазып берейін. Тағы бір оқып шығып, сенім білдіріңіздерші ағайын!
«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек».
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі».
«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету».
«Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек.
Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады».
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді».
Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ, әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды.
Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы.
«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады».
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.
Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу.
Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.
Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз!
Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!
Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!»
Міне, бәріміздің ойымыздағы, жылдар бойы күткен мәселелеріміздің жолы.
Сәуле ДОСЖАН,
жазушы, ҚР Ебек сіңірген қайраткері