Қазақстанда дизель отыны мәселесін шешуге қатысты шара қабылдамағаны үшін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке қатаң сөгіс жарияланды. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Уақытында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар тәртіптік жазалау шаралары қабылданып, Энергетика министрлігі мен ҚМГ компаниясының бірқатар жауапты қызметкерімен еңбек қатынасы бұзылды", - деп жазылған хабарламада.
Дизель отыны мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында, қыркүйектің басында жағдай тұрақталады деп жоспарланып отыр.
Баспасөз қызметі мәліметінше, премьер-министрдің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқаратын комиссия еліміздің барлық өңірін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесімен айналысып жатыр. Оның құрамына жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілі кіреді.
Біріншіден, шетелдік транзиттік көлік отынды көп тұтынады. Екіншіден, бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан көршілес елдерге дизель отынының жіберілуі. Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі – 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді.
"Отандық мұнай базалары дизель отынын бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан, бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына әкелді. Өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болды", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз», Petrosun компаниялары, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары тарапынан өндіру, маркетинг және логистикада жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталды.
Жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шаралар қабылданды:
- Дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2021 жылға қарағанда 340 мың тоннаға жоғары;
- Мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;
- «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді;
- Шымкент МӨЗ-дің өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;
- 2023 жылдан бастап МӨЗ жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр, оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізілетін болады.
Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде call-орталықтар ашылды, онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту фактілері туралы хабарлай алады.
"Адырна" ұлттық порталы