Қостанайда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қалай аталып өтеді?

1793
Adyrna.kz Telegram

Тоқаев 5 қыркүйекте Қостанай облысына барып, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған ресми іс-шараларға қатысады. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады.

24.kz хабарлауынша, Ахмет Байтұрсынұлының еңбек жолы мен өмірі биыл ерекше назарда. Мерейтой аясында Ақкөлде Ахмет Байтұрсынұлының ата-анасы жатқан кесенеге топырақ салу рәсімі өтеді. Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған орында музей үйі және Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының жаңа ескірткіші ашылады.

"Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр облысымызда. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулаториясы жөндеуден өткізіледі", - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Ағартушының еңбек жолын зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бір апта бұрын филологтар арнайы экспедицияға шықты. Бұл жолы зерттеуші топ Меңдіқара ауданына бағыт алды. Бір кездері Ахмет Байтұрсынұлы осы аудандағы Орынбаев мектебінде мұғалім болып қызмет атқарған. Бірақ білім ошағының қашан ашылғандығы туралы нақты мағлұмат жоқ. Бұл экспедицияның мақсаты ағартушының көпке беймәлім өмірбаянының осы бір бөлігін толықтыру.

"Экспедицияның қорытындысын  Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте шығарғалы отырмыз. Себебі кезінде осы мектептің қабырғасында Қостанай педагогикалық сыныбы жұмыс жасаған.  Аталмыш сыныпта Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінен сабақ берген еді. Мінеки экспедицияны ұйымдастыра отырып, біз қоғамды, жұртшылықты Ахмет Байтұрсыновтың Қостанай кезеңіне назар аудартқымыз келеді", - дейді экспедиция жетекшісі Алмас Әбсадық.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер