Нұрлыбек Нәлібаев 2 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжоловқа пәтер кілтін табыстады

2405
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Нұрлыбек Нәлібаев 2 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжоловқа пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы Aikyn.kz жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Еске салайық, өткен аптада қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға орын алып, екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан арман қуып, оқуға келген 15 жастағы Арман Аманжолов оқиға сәтінде көзсіз ерлікке барып, баланы құдықтан алып шықты.

Бозбаланың батырлығына тек жерлестері ғана емес, тұтас ел болып қуанып, ерлігіне тәнті болды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев педагогтардың тамыз кеңесінде мұқалмас ерік-жігерімен, табанды тәуекелге барған аралдық Арманға демеушілер көмегімен пәтер кілтін табыс етті.

“Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз.

Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын”, – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, Арман Аманжолов Арал ауданы, Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. 5 ағайынды, 2 тәтесі, 2 ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында жұмыс істейді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер