Жамбыл облысында биыл жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы қаралды

140

Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қатарында. Олардың еңбек нарығына араласып, қоғамда өз орнын табуға үкімет те барынша жәрдемдесуде. Соған қарамастан NEET жастардың қатары әлі де азаяр емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің жастарымен кездесуінде осы бағыттағы өзекті мәселелерге талқыланып, белсенді, талапты жастардың ұсыныс-пікірлері сараланды.

Жеңіс саябағында ашық аспан астында өткен кездесуге аймақтағы жастар ресурстық орталықтарының директорлары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен волонтерлер де келді. Басқосуда алдымен өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы сөз сөйлеп, жастар саясатын дамытудағы мәселелер жайында кеңінен баяндады.

– Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан жастардың білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы аса маңызды. Бұл мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі.

Жыл басында өңірдегі жастарға талдау жасалып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Содан байқағанымыз 10 пайыз NEET жастар білім алуға және жұмыс істеуге құлықсыз. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы қаралды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Енді бізге жаңа бастамаларды іске асыру керек. Жастардың жақсы, ұтымды идеяларын іске асыруға дайынбыз. Біз NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға барынша көңіл бөлгеніміз абзал.

 «Серпін-2050» жобасы арқылы 1 067 студент оқуға түсті. Сол секілді биыл жеңілдікпен баспана үшін несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Енді бағдарлама аясында биыл 50 жасты үймен қамту көзделуде. Бастама жақсы әрине. Бірақ осы бағдарлама туралы елдің теріс көзқарасын қалыптастырмауымыз керек. «Асарлатын үй салу» жобасы бойынша жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болуда. Осы күнге дейін 250-ден астам жанұя берекелі бастаманың шарапатын көріп, қоныс тойын тойлады. Биыл да сол үрдіс бойынша 117 отбасыға асарлатып үй салып беру жоспарланды. Бұл игі жобаларға да мейлінше жастарды тарту керек. Өңірдегі еріктілердің, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыстарына куәміз. Бірақ олардың жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан еңбек жасағына тартылған жастарға қаладан 2-3 саябақ бөліп, соның тазалығын қадағалауды тапсыру керек деп ойлаймыз. Жастар осындай баянды бастамаларға жауапкершілікпен қараса, іс алға басады,– дейді Нұржан Нұржігітов.

Аймақ  басшысы өз сөзінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына, дін мәселесіне қатысты бірқатар мәселелерге назар аудартты.

 Өз кезегінде жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс әкімінің тапсырмасымен бірақатар нақты міндеттер бойынша жоспарлар іске асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, бүгінде басқарма тарапынан 25 мыңға жуық NEET жастың жеке деректері анықталып, электронды базасы әзірленген. Енді сол базаға қала бойынша анықталмай отырған 3 мыңға жуық жас қосылса, жоспар 100 пайыз орындалмақ. Сонымен қатар, басқарма басшылығы  тізімдегі 10 мыңға жуық жастың білім алып, еңбек етуге ниетті екенін анықтаған. Енді басқарма басшылығы сол жастарды оқуға түсіріп, грант алып, жұмыс істеуге ниетті жастарды еңбекке тартуға көңіл бөлуде. Бұл ретте жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және білім басқармалары бірлесіп жұмыс істеуде.

- «Әулиета жастары» бағдарламасының тиімділігін арттырып, келер жылға ауқымын кеңейтіп жалғастыруды көздеп отырмыз. Бүгінде бес салада еңбек ететін 600-ге жуық жастан өтініш түсті. Алдағы айда коммиссия отырысын өткізіп, нақты мұқтаж отбасылардың тізімін дайындап, 50 жасты үймен қамту жоспарда бар. Осылайша қазан айынан тұрғын үй кілттерін табыстауды бастаймыз. Жастарды саяси-қоғамдық өмірге белсене тарту бойынша да жұмыстар іске асуда. Жастар ресурстық орталықтарының функционалдық міндеттерін өзгертуге көңіл бөлінуде.

Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік» жобасы аясында 7 бағыт бойынша 15 жобаға грант бөлуді қарастырып жатырмыз. Біз Тәуелсіздік күніне қарай осы гранттарды үлестірсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл гранттар жастарға қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады,– деді басқарма басшысы.

Кездесуде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек оқушылардың спортқа деген қызығушылығы төмендеп бара жатқанынын және қалада марафон жарысын тағы бір мәрте өткізу туралы ой қосты. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарына көбірек қаржы бөлу туралы, ондағы кадрлық резерв жайында бірнеше ұсыныс тастады.

Бұдан соң «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы Жамбыл облыстық штабының төрағасы Нұрлан Жиенбай еңбек маусымын бір жылға дейін созу және қоғамдық көліктерге жеңілдік қарастырылса деген тілегін жеткізді.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали жастар ресурстық орталықтарын жекешелендіру жастар саясатын іс жүзінде ширата түсетінін айтып ой тастады. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Артур Лигостаев, облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шұғыла Қыдырәлі және өзге де жастар өз пікірлерін білдірді.

Нұржан Нұржігітов жастардың сауалдарына жан-жақты жауаптар беріп, барлық ұсыныстар назарға алынатын жеткізді.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket