Қаржымызды сауатты жұмсай білеміз бе?

6297
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда халықтың айлық жалақысына қарағанда берешек қарызы көп, несиесі жоқ адам кемде кем. Көлік, тұрмыстық техника, ұялы телефон, тамақтың өзін несиеге алу үйреншікті жағдайға айналды. Тіпті тойдың өзін несие алып жасайтындар бар. Бұл үрдіс жақсы емес. Адамдардың ай сайын алатын жалақысы қажеттілігін жаппайды, сол себепті адамдар ай сайынғы өмір сүру стандартын қажетті деңгейде сақтау үшін несиеге жүгінеді. Мәселен, қазіргі таңда айлығы 100 мың теңге болып, бірақ 500 мың теңгенің айфонын ұстау сәнге айналған. Ұстауға болмайды демеймін, болады тек смартфон қандай да бір табыс әкелсе ғана, бірақ ешқандай да табыс әкелмейтін болса несиеге алудың қажеті жоқ. Смарфондардың жыл сайын жаңа нұсқасы шығып отырады. Трендке ілесу мүмкін емес. Одан да қаржыны сауатты жұмсап, мақсатты түрде жинаған абзал. Ал ол үшін қаржылық сауаттылық керек.

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіңе есеп беру. Ақшаны барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылықты арттыру. Себебі бұл - заман талабы. Біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Ал, басты назар аударуымыз керек жәйт, біреудің ақшасы емес, өз капиталымыз. Ең алдымен қарыздарымыз болса солардан арылып, одан соң оны қалай арттырудың жолдарын ойлауымыз керек, ал оның стратегиялары бар.

Қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ,ең алдымен кіріс пен шығысты санап өз-өзіңе есеп беру. Екінші стратегиясы бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау, қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор – адам тапқан табысының жоқ дегенде 10% жинап отыру керек. Сонда ғана қарызға батпай, қаржысын арттыратын болады. Осы тұста ойыма ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі неміс жазушысы Бертольд Авербахтың: «Көп ақша табу – батылдық, оны сақтап қалу – даналық, ал сауатты жұмсау - өнер» деген сөзі түсіп тұр. Зер салып ойлансақ, терең мағыналы сөздер.

Қазір көп адамдар ақшаның қайда кетіп қалғанын білмей жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі. Мұның мысалы, елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткендігі. Оңды-солды несие алып, оны төлей алмай жүргендер қаншама. Жалпы статистикаға сәйкес көп қазақстандық отбасылар кіріс пен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Азаматтарымыз қаржылық жағынан келгенде сауатсыз. Қаржылық сауатсыздықтың салдары қандай нәтиежелерге әкелетіні белгілі. Бірі есепсіз несие мен микро қарыздар алып, төлей алмай қалып жатса, енді бірі жиған-тергенін пирамидаға салып алданып қалып отыр. Қаржылық сауатсыздық отбасындағы кикілжіңдерге, тіпті отбасылардың құлауына да себеп болып отыр.

Қаржылық сауатсыз қоғамдағы өзекті мәселелерінің бірі, қаржылық пирамидалар. Бұл оңай жолмен ақша тапқысы келетін адамдардың айласы, кәсібі. Пирамида екенін басында аңғару өте қиын. Себебі алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақытқа қарай икемдеп, заңға қарай түрлендіріп отырады. Бірақ мақсат біреу – көпті өзінің құрғақ уәдесіне сендіріп, тазға отырғызып кету. Пирамидалық ұйымды анықтаудың бірден-бір жолы, онда шақырушылардың айтатын сөздеріне көңіл бөлу. Әдетте пирамидаға шақырушылар тегін саяхаттар мен оңай ақшаны ұсынады. Қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы баяндап, ұшы-қиыры жоқ сыйлықтар болатынына сендіреді.

Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуды, компанияға адам тартуды сұрайды. Салған қаржы көп ұзамай бірнеше еселеп қайтатынын уәде етеді. Кейінен басқа адамдарды сендіру үшін, алдыңғы тіркелген адамдарға белгілі бір пайыз береді. Осылайша қолына еңбексіз қаржы тиген адам, айналасындағы дос-жаран, ағайын туысқа бұл компанияны жарнамалап, артынан қосылуға шақыра бастайды. Көзбен көргеніне сендіріп, оларға да осылай жеңіл қаржы табуға болатынын, тек артынан адам тіркесе жеткілікті екенін баяндайды. Бірі үй аламын, енді бірі көлік аламын деп отырған қаржысын айлакерлердің қорына салады. Ал енді бірі несие алып береді. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, ағайын арасына жік түседі.

Қазіргі таңда кеңінен таралған тағы бір мәселе ол- адамдардың жоғары үстемеге қарамастан, тегін үлестіріп жатқандай несиеге үйір болуы. Дамыған елдер тәжірбиесіне қарайтын болсақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі 20 пайыздан аспайды екен. Бізде осыған үйренуіміз керек. Банкке барып, несие рәсімдеп жатқанда айлық табысқа өтірік соманы көрсетуді доғару қажет. Қарызды алу бар, оны ертең қайтару бар. Ақшаны ақылмен жұмсауды үйреніп, құндылығымызға айналдыруымыз керек. Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп немесе арнайы кітпаша арнап жазып отырған дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылау оңай болады. Ай соңында жазған кітапшаға назар салып, артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілікті байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдыра бермеңіз, тиыннан да ақша құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңізде байқамай қаласыз.

Мақаламды әйгілі американдық бизнесмен Роберт Кийосакидың мынадай сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Бай болғың келсе, қаржылық сауатты бол!»

Құралай ІЗБАСАРОВА

Пікірлер