Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс, қала, аудан әкімдері халықпен кездесіп, қордаланған мәселелерге құлақ түруде. Мысалы облыста әкімдер жыл басынан бері 400-ден астам кездесу өткізген. Осындай басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, шиеленіскен мәселелерді лезде басшылыққа алуда. Осы мақсатта өңір басшысы Нұржан Нұржігітов, тиісті басқармалардың және құзырлы органдардың басшылары Бірлікүстем ауылдық округіне ат ізін салып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Кездесуде ауыл ақсақалдары бірнеше мәселені жіпке тізіп айтып берді. Қариялардың айтуынша, жұмыссыздықтан ауыл жастарының дені қалаға барып табыс тауып жүр. Бұдан бөлек су мәселесі де шаруаларды тұйыққа тіреп отыр. «Тасөткел» су қоймасынан келетін тіршілік нәріне каналдың басындағылар қарық болса, төменгі алқаптар зәру. Сондай-ақ ауыл тұрғындары жайылымдық жер мәселесіне алаңдаулы екен. Осы ретте тұрғындардың сауалын назарға алған Нұржан Нұржігітов әр сұраққа нақты жауап берді.
– Өздеріңіз білетіндей бұған дейін облыстағы бірнеше ауылды аралап, ауыл әкімдерінің негізгі міндеті жайында ескертіп келеміз. Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге барып, сол шаңырақтың әлеуметтік жағдайы мен табысы туралы ақпар алуы керек деп қажетінше ескертіп жатырмыз. Мысалы осы ауылдағы 351 шаңырақта кем дегенде бір адамның тұрақты жұмысы болуын қадағалаған жөн. Кейін, Үкіметтен көрсетілетін қолдауларды тұрғындарға, оның ішінде шаруаларға жеткізу де ауыл әкімінің жұмысы. Бүгінде шаруалардың басым көпшілігі үлкен алқапты бірер жұмысшының көмегімен игеріп отырмыз деп ақпар береді. Егер олар 5, 6 адам деп көрсетер болса, Үкімет жұмысшы жалақысының 35 пайызын төлеп отырар еді. Жұмыспен қамтудың осы секілді бірнеше тетіктері бар. Соны тиімді пайдалансақ, біраз мәселе шешілер еді. Екінші, су мәселесі бойынша «Тасөткел» су қоймасына бардық. Онда су мөлшері былтырдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 59 млн текше метрге көп жиналған. Енді ондағы суды төменге көптеп тастап, жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Сонда келер жылдары суды еселеп жинауға мүмкіндік туады,– деген Нұржан Молдиярұлы төменгі ауылдарға су жетпеуінің себін ауыл әкімі Асланбек Қуанышовтан сұрады.
Ал ауылдық округтің басшысы бұл мәселені төмендегі каналдардың бүлінген лоток арналарының бүлінуімен байланыстырды.
Осы тұста аудан әкімі Сәкен Арубаев 35 каналды реттеу бойынша құжаттар әзірленгенін айтты. Демек, ауылдағы ағын су мәселесі бірнеше жылда толықтай шешілмек. Бұдан соң жайылым жайын қаузаған өңір басшысы қоғамдық паданы реттемей, шаруаларды ауыл іргесіндегі жайылымға қоныстандыру орынсыз екенін айтты. Ізін ала бұл талаптардың барлығы жайылым туралы заңда көрсетілгенін ескертті. Сол секілді жері болғанымен малы жоқ шаруалар жерлерді әкімдікке қайтарып жатқанын да атап өтті.
Өңір басшысы сөзін түйіндей келе 2025 жылға дейін қала, аудандарды жол, ауыз су, табиғи газбен қамтуға және мәдениет, спорт, білім, денсаулық сақтау саласын өркендетуге көптеп көңіл бөлінетінін айтты.
Осы күні облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде Төле би ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда да ауыл белсенділері тұрғындардың шымбайына батқан бірнеше мәселені кезекпен хабарлады. Ауыл тұрғындары «Қазақмыс» коорпорациясының «Шатыркөл» мыс кен орнында радиацияның залалы қараша халыққа тиюде деп дабыл қағуда.
«Ауыл әкімі аталмыш компаниядан келер қауіп жоқ екенін айтуда. Мұны денсаулық сақтау басқармасы да зерделеп, онкологиялық аурулардың көбеймегені туралы айтты. Енді тағы да осы жайды талдау қажет. Ал заң аясында қаралатын мәселелерді қазір құзырлы органдарға тапсырсаңыздар болады»,– деген Нұржан Нұржігітов ауылды көгілдір отынмен қамту мәселесін реттеуді аудан әкімі Сәкен Арубаевқа жүктеді.
Сондай-ақ тұрғындарды ағын су және интернеті жоқ елді мекендердің ахуалы да алаңдатады. Келесі кезекте өңір басшысы ауылдың ирригациялық жүйелеріне қатысты мәселелер кезең-кезеңімен реттелетінін және кең жолақты интернет тартуға Үкіметтен шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Яғни, мемлекеттің алға қойған жоспарына сай 2025 жылға дейін барлық ауыл интернетке қосылады.
Өңір әкімі аталған екі ауылда тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, талап-тілектерін назарға алды. Бұдан соң 1960 жылы қабырғасы қаланған Жиенбет негізгі мектебіне бағыт бұрды. Онда үш бірдей оқу ғимараты небары 100 оқушыға шақталған. Себебі ауыл тұрғындары ескі мешіттің ғимаратын спорт зал, ал екі бірдей жер үйді оқу ғимараты ретінде пайдалануда. Саман кірпіштен тұрғызылып, бүгінде тозығы жеткен ғимараттар жөндеуге келмейді. Ауылдағы мектеп жайын біліп отырған басшылар 100 орындық білім ошағының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген. Енді 15 күнде мердігер компания анықталса, құрылыс жұмыстары да көп ұзамай басталмақ. Нұржан Молдиярұлы сапар барысында құрылысы ұзаған Төле би ауданы, Әл-Фараби атындағы орта мектепке де арнайы барды. 300 оқушыға шақталған мектеп құрылысының 70 пайызы аяқталғанымен, қалған бөлігі тұралап қалғанына бірнеше айдың жүзі болған. Құжат бойынша мектеп, тамыз айында пайдалануға берілуі керек. Алайда, мамандар жұмысшылар үш ауысыммен еңбек етсе де құрылысты оқу жылының басына дейін аяқтауға әлеует жетпейтінін айтуда. Құрылыс басында мердігер «Сұңқар 2002» серіктестгінің өкілі жұмыс былтыр басталып, биыл құрылыс заттарының қымбаттағанын айтып ақталды. Десе де облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы мердігер компания жұмысты апта ішінде бастамаса, шара қолдану керектігін жауапты мамандарға ескертіп айтты.
Аудандағы сапары барысында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы құрылысы аяқталып, қондырғылары орнатылғалы тұрған заман талабына сай оңалту орталығы мен еңселі Оқушылар сарайына да бас сұқты. Оңалту орталығы жуырда пайдалануға берілсе, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, жұмысқа 20 маманның тартылатынын айтты. Сол секілді әзірге қажетті құрылғылармен толықтай жабдықталмаған Оқушылар сарайын да өңір басшысы назарға алды. Биыл пайдалануға берілген ғимаратта 6 үйірме бар болса, оқу жылының басында 300 жуық оқушы келеді деп жоспарлануда. Мекеме директоры Нағима Райқұлованың айтуынша, Оқушылар сарайында 50 үйірме ашып, мыңнан астам оқушы қамтуға болады екен. Сонымен биыл үйірмелерді жасақтауға бюджеттен 50 миллион теңге қаралса, қалған қаржы келер жылы бөлінеді.