Шетелге барып, бизнес ашамын деген қазақстандық құлдыққа түскенін мәлімдеді

3437

"Тайландқа барып, жеке бизнесімді дөңгелетемін" деп сенген қазақстандық актриса Әнел Бермағанбетова құлдыққа түскенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің инстаграм парақшасында хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Айтуынша, жақсы қызмет береміз алдаған жұмыс берушілер оны Лаос мемлекетіндегі шалғай ауылға апарып, күштеп ұстап отыр.
"Ұшақтан түскенімде барлық сұрақтарым (виза, багаж) бойынша көмектескен адамдар күтіп алды. Мені жеке жүргізуші, вип көліп, әдемі қонақүйдегі кең бөлмемен қамтамасыз етті. "Нені қалайсың соған тапсырыс бере бер, бәрін компания көтереді" деді. Іштей "шынымен бәрі де рас болғаны ғой" деген ойға келдім. Бірақ таңертең ұйқыдан апатиялық көңіл-күймен ояндым, эмоциямды білдірмей, "ауа-райы қандай тамаша" деп қонақүйден шығып кеттім. Жеке жүргізушім күтіп алды. Әуежайға жол тарттық. Сол жерден Чианграйға ұштық, одан ары қарай 2,5 сағат бір ауылға апарды. "Әнел, осымен бәрі бітті" дедім өзіме. Төлқұжатты бақылау бекетіне бардық, таиландықтар бір-біріне басын изеп, елден шықты деп тұлқұжатыма мөр басып берді”, – дейді Әнел.
Одан әрі қарай Әнелді қайыққа отырғызып, өзеннің арғы жағына алып барады...
"Ол жақта мені ешкім қарсы алған жоқ. Уайымға әбден салындым. Қытай менеджерлері "сізді күтіп алуға келе жатыр" деді. Сөйтіп бір жағымсыз қытай келді, түрінен алаяқ екенін бірден байқадым. Ол мен үшін полицияға ақша төлеп, ПТР-тест пен қан тапсырдым. Содан кейін мені қытай тағамымен тамақтандырды. Ол мені компанияның кеңсесіне алып келген бойда, мені алдағандарын түсіндім", - дейді ол. 
Осылайша Әнелді өзі бастапқыда ойлағандай қонақ үйге емес 8 адам тұратын лас бөлмеге орналастырады.
"8 адам тұратын бөлмені көргенде, мен шошып кеттім. Тіпті жылап жібердім. Ол жақта кілең шошқалардың өмір сүріп жатқаны бірден байқалды. Лас, кір, душ жоқ, темегінің қалдықтары... Менің ағам мен таныстарым полицияға арыз түсірді. Вьетнам мен Тайланд елшілігіне, сондай-ақ, Лаос сыртқы істер министрлігіне шағымданды. Олар мені осы жерден қалай алып шығамыз деп қамданып отыр. Себебі, бұл жақта бәрін қытайлықтар сатып алған", - деп жазды Әнел. 
Инвестиция тартып, жеке бизнесіңді ашамыз деген компания алаяқ болып шықты...
"Лаосқа келгеніме төрт күн болды. Мен бөлменің есігін жауып алып, ешкімді кіргізбей отырмын. Кеше басшылықтағы қытайлықпен сөйлесіп, бұл жерде жұмыс істемейтінімді және жолға кеткен шығынның бәрін өтеп, үйге қайтатынымды жеткіздім. Ол маған "бұл саған келіп-кететін жер емес, бір жылға қалуың керек" деді. Сәйкесінше, мен шошым кеттім. Инвестиция тартуға бағытталған компания алаяқ болып шықты. Маған клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджердің жұмысын орындау керек болды", - дейді ол. 

Қызылорда облысы Полиция департаменті бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 1-бөлігі бойынша (Адам ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыру) қылмыстық іс тіркеліп, соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.

"Тергеп-тексеру нәтижесінде анықталған мәліметтерге сәйкес ресми ақпараттар қосымша ұсынылады. Оқиға туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабарланды. Жәбірленушінің ағасымен байланыс орнатылды. Сонымен қатар, ҚР Консулдығы департаментіне хат жолданды", - делінген хабарламада.

Әнел Бермағанбетованың жағдайына қатысты Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады.

"Биыл 19 тамызда біздің отандасымыз консулмен байланысқа шығып, өзінің жағдайы туралы хабарлады. Қазақстан Республикасының Ханойдағы елшілігі Лаостың Сыртқы істер министрлігіне азаматымызды құтқаруға барынша көмек көрсету туралы тиісті нота жолдады. Лаос полициясы бұл мәселемен айналысып жатыр, ертең Лаостың СІМ және ІІМ өкілдерімен тиісті келіссөздер өтеді", - делінген хабарламада. 

Министрлік хабарлауынша, біздің отандасымызға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

"Жерлесіміз дипломаттармен және туыстарымен үнемі байланыста. Оның айтуынша, құжаттары мен телефонына тиіспеген, телефон мен интернет байланысын шектемеген, сондай-ақ, күш қолданбаған. Ол Таиландқа және одан әрі өз еркімен барған. Сондай-ақ, Анельдің айтуынша, жұмыс берушілер оның ұшуына, тұруына және басқа да шығындарына жұмсаған қаражаты өтелсе, жіберуге дайын", - деп мәлімдеді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Сонымен қатар  бұл мәселе Вьетнамдағы елшіліктің ерекше бақылауына алынғаны белгілі болды.

"Сыртқы істер министрлігі және ҚР Вьетнамдағы елшілігі отандасымыздың елге оралуына қажетті көмек көрсетеді. Қазақстан СІМ азаматтарынан шетелде жұмыс істеу үшін құжаттар мен келісімшарттарға қол қоюға дейін және шетелге шыққанға дейін оларды мұқият зерделеуді, сондай-ақ күтпеген жағдайлардың туындауын болдырмау үшін жұмыс берушілерді тексеруді сұрайды", - деп хабарлайды СІМ-нің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Әнел Бермағанбетова 2021 жылдың сәуір айында жарыққа шыққан "Офис за чертой"  фильмінде басты рөлді сомдаған. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket