Әйел адамдар жұмыс істемеуі керек - КӘСІПКЕР

2834
Adyrna.kz Telegram

Кәсіпкер Ақжол Талғатұлы әлеуметтік желіні шулатып компаниядағы барлық әйелдерді жұмыстан шығарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Cоңғы күндері менің оқырмандарымды таңғалдырған ең үлкен жаңалық –  қыз балалардың барлығын жұмыстан шығарғаным. Біздің компанияда 22 адам болды. Қазір тек бес адам қалды және оның бәрі ұлдар. Бұл қыздардың құқығын шектеу ме? Жоқ. Білесіздер, менің түсінігімде, мал табумен ер адам айналысуы керек», – дейді ол.

Оның ойынша, қыз баланың өз жетер мұраты бар. Жұмысты ер адам істеуі керек.

«Қыз бала одан жоғары. Енді қараңыз, мен оны жұмыстан шығардым. Мүмкін, ол басқа жаққа барып бәрібір жұмыс жасайды ғой деген ой тууы мүмкін.  Бірақ бұл процесті біреу бастау керек қой. Бір ер адам бастауы керек. Екіншіден, сол мен жұмыстан шығарған қыздардың өмір тарихында, ойында «сен мұндай жұмыспен айналыспа, сен одан жоғарысың деп» қалу керек. Кезінде жұмыстан шығарған деген оқиғаны сол қыздар кейін тарих қып айтып отыратын болады. Осылай өзгеріс бастамасы болсын деп, ер адамдарды еңбекке шақырып, ал қыз балаларды өзінің мұратына арнау мақсатында осындай ұстанымымызды біз іске асыра бастадық», – деген ол видеода.

Адвокат Жанна Мұхамади жұмыстан босатылған әйелдерге оны сотқа беруге кеңес берді.

«Мен бұл қыздарды тауып, конституциялық құқықтарының бұзылуы бойынша осы кәсіпкерді сотқа бергім келеді. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкім ешкімді кемсітуіне болмайды»,– деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Ең жаманы, ол барша кәсіпкерлерді әйелдердің бәрін жұмыстан шығару керек деген мағынадағы бір флешмобқа шақырып отыр. Бүгінде Ауғанстан әйелдерінің білім алу мен жұмыс істеу құқығы шектелген, оны қорғаймын дегендерін атып өлтіріп жатыр. Ал Қазақстанда әйелдер жұмыс істей алмауы үшін олардың жұмыстан шығарып жіберді. Сәйкестік тым көп емес пе?» – деп жазды адвокат.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер