Жантүршігерлік жол апаттары неліктен көбеюде - МАМАНДАРМЕН СҰХБАТ

3341
Adyrna.kz Telegram

Әр өңірден санап қарасақ, биылғы жылдың өзінде жол апаты өте көп. Сондай-ақ, бір машинадан 4-5 адам бірден ажал құшып, отбасы қайғыдан қан жұтады. Күні кеше Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі бұл тақырыпты зерттеп көрді.

Алдымен, 14 тамызда сағат 16:55-те Покровка – Жаңажол автожолының 75-шақырымында болған, салдарынан 4 адам қаза тапқан жол апатын қарастырайық.

Ақтөбе облыстық ІІД ресми өкілі Ербол мырзадан анық-қанығын сұрастырдық.

Ербол мырза:

«Жол апаты салдарынан 4 адам қаза тапты.

Ағымдағы жылдың 14 тамызында сағат 16.55-те "Покровка-Жанажол" автожолының 75 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алып, адам өліміне алып келді.

Темір ауданы Покровка-Жаңажол тас жолының 75-шақырымында Темір қаласынан Кеңқияқ ауылы бағытында келе жатқан ВАЗ 2113 автокөлігінің  26 жастағы жүргізушісі қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығып кетіп, Мұғалжар ауданының 50 жастағы тұрғынының басқаруындағы КамАЗ көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан "ВАЗ 2113" маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 3 жолаушы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Сонымен қатар, "ВАЗ 2113" автокөлігінің жолаушысы түрлі жарақаттармен Кенкияқ аулының ауруханасына жатқызылды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Естеріңізде сақтаңыздар, сіздерді үйде жақындарыңыз күтеді.

Жол қателіктерді кешірмейді!»,- деді ол өз пікірінде.

Әрі қарай 2022 жылы орын алған, көп адамды ажал құштырған жол апаттарын тізбектесек:

1.Атырау облысында жол апатынан бес адам қаза тапты. Апат сағат 27.06.2022 жылы сағат 16:00-де Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолында орын алды.

"Toyota Hilux және Hyundai Tucson автокөліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан 1985 жылы туған Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі мен оның 4 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Toyota Hilux автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр",-деді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәлелденбеген дерек бойынша,  қайтыс болған 5 адамның барлығы бір үйдің адамдары.

-Шығыс Қазақстанда жантүршігерлік жол апаты болып, алты адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық ПД мәлімдеді.

 

Қайғылы оқиға 8 мамыр күні Жарма ауданы, Шар қаласының маңында Омбы–Майқапшағай республикалық тасжолында болған.

«Ssang Yong Actyon» маркалы автокөлік жүргізушісі рөлді басқара алмай қалып, қарсы бағытта келе жатқан «Ваз-21014» көлігімен бетпе-бет соқтығысты. Апат салдарынан «Ваз-21014» көлігінің 33 жастағы жүргізушісі мен 5 жолаушы сол жерде тіл тартпай кетті. Ал «Ssang Yong Actyon» көлігіндегі 35 жастағы жүргізуші мен кәмелетке толмаған үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», – делінген хабарламада.

-Ақтау-Бейнеу тас жолында жантүршігерлік жол апаты болып, 4 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға 28 шілдеде түс ауа болған. Lada Priora көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes Benz S-320 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші, Lada Priora көлігінің екі жолаушысы алған жарақаттарынан қаза болды. Сонымен қатар, екі жолаушы зардап шекті, олар жақын маңдағы аудандық ауруханаға жатқызылды", - деді облыстық полиция өкілдері.

Дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша Маңғыстау ауданының полиция бөлімінде соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

-Оралда жантүршігерлік жол-көлік апаты болып, салдарынан 8 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиға 18 шілде күні сағат 2:45-те VenOil жанармай бекетіне қарама-қарсы айналма жолда болған.

Қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Nissan (көлікте тек жүргізуші болған) және Lada (салонда бес ересек және екі бала болған) көліктері соқтығысқан.

«Nissan жүргізушісі алдындағы көлікті басып озбақ болып қарсы жолаққа шығып кетіп, Lada көлігімен түйіскен»,— дейді ведомство.

Көріп, оқып отырғандарыңыздай, елімізде биылғы жылдың өзінде көлік апаты өте өте көп. Не себеп? «Адырна» тілшісі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиал директорының м.а. Әліпов Мәулен Тоқтарбайұлымен пікір алмасты.

-Әр өңірден санағанда күніне 2-3 жол апаты орын алуда. Барлығында адам шығыны бар. Басты себеп қандай?

-Себептер көп. Жолдың ой-шұқырлары, жол төсемі бетінің отырып кетуі, жол белгілері стандартқа сай қойылмауы. Бірақ басты себеп, көбінесе жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан болып жатады.

-Жолдың салынуы, тіпті кейбір аудан,ауыл, ұзақ трасса жолдары шоқалақтан көз аштырмайды. Мүмкін апатқа себепші осы жол болар?

-Өкінішке қарай, кейбір шалғайдағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілмей жатады. Қаражат жетіспеушілігінен, ия болмаса жобалау институттарының қатынайтын көлік саны дұрыс есептелмегенінен болып жатады.

-Үлкен жүк көліктері қаншалықты деңгейде жол жағдайын нашарлатады?

-Жол салмастан бұрын, ең алдымен жоба жұмыстары жүргізіледі, ол кезде жолға қатысты барлық факторлар есепке алынады. Сонымен бірге,  рұқсат етілген жүктеме (нагрузка на ось) есептеледі. Асыра салмақ артып жүк тиеген көліктер әрине жол қабатына зиянын тигізеді. Осыған орай, біздің мекеме көлік инспекциясымен бірлесіп рейдтерге шығып тұрады. Көптеген заңбұзушылықтар кездесіп жатады. Біздің тарапымыздан тиісті хаттамалар толтырылып тапсырыс берушілерге жолданады.

Мысалы, 2021 жылы 4 рейдке шықтық. 64 көлік тексеріліп, 17 хаттама толтырылды және 2 млн тг жуық айыппұл салынды.

- Ақтөбеде жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соғысты. Жалпы, жүк көліктеріне қала ішінде жүруге тыйым бар ма?

-Жүк көліктеріне қала ішінде жүруге тиым салу қала билігінің құзырында.

-Көбіне шетелден келген көліктер жол апатына түсіп жатыр. Тіркелмеген көліктер ғой... Осыны тоқтату үшін қандай амал қолдануымыз керек?

-Бұл сұраққа жауап беруге біз үәкілетті емеспіз, бірақ МАИ тарапынан бұл жұмысты күшейту керек деп есептейміз.

-Елдегі автокөліктер бағасының ұшынып тұруы да шетелдік көліктің көбеюіне бір белгі ғой. Жалпы бір ғана жол апатының астында мемлекеттік проблема жатқан секілді?

-Дегенмен, әр жол пайдаланушы көлік қозғалысына  аса жауапкершілікпен қараса, жол апатының санын азайтуға бірден-бір себеп болар еді.

Қорыта келе, жан алған жол апаттарын азайтудағы басты дүние – жылдамдық. Әр адам өз өміріне, жолаушыларының денсаулығына аса қатты маңыздылықпен қараса мүмкін апат орын алмас еді. Жетер жерімізге бес минут үнемдеп, тез барамын деп мәңгі келмес мекенге аттанып кетпейік!

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер