«Әділдікті талап ет!» науқаны басталды

1854
Adyrna.kz Telegram

14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екенін атап, соңғы он жылда салынған жолдардағы бұзушылықтарды мұқият тексеруді талап еткен болатын. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес... Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді Заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет»,- деді ел Президенті.

Қазақстандағы жол саласының қалың жұртшылық ішінде сыннан көз ашпайтыны белгілі. Авто жолдардың сапасы нашар болуы тек жүргізушілерге ауырлық тудыртып қана қоймай, сонымен қатар ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізетіні анық. Онымен қоса, сапасыз жолдардың салдарынан көлік апаттары орын алып, азаматтардың денсаулығы мен өміріне де тікелей әсер етіп отырғаны жасырын емес.

World Economic Forum (Әлемдік экономикалық форум) әлемдегі экономикалық жағдайға қатысты есебінде әр елдегі авто жолдардың сапасы жайында қорытынды береді. 2022 жылғы есеп бойынша 141 елдің қатарында Қазақстан 93-ші орын алған. Айта кету керек, бұл тізімде Кения және Танзания секілді Африка елдері Қазақстаннан көш ілгеріде орналасқан.

Тек Түркістан облысында 2021 жылы авто жолдарға 81 029 262 984 теңге бөлініп, оның 23,5 миллиард құрылыс, 34,2 миллиард жөндеу жұмыстары, ал жолдарды күтіп ұстауға 23,2 миллиарды теңге жұмсалған. Алайда облыстағы жолдардың сапасына қалың жұртшылықтың көңілі толар емес.

Осыған орай, «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып «Әділдікті талап ет!» науқанын бастады.

Науқанның басты мақсаты- қоғамдағы жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастырып, бұл үрдіске азаматтарды барынша жұмылдыру. Науқан аясында жемқорлық тәуекелдері жоғары, елді алаңдататын мәселелерді қамтитын болады.

Шараның алғашқы кезеңінде авто жолдар саласындағы құрылыс, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға бағытталған. Науқанға азаматтар adildik.kz сайты арқылы немесе 1463 Call center бойынша хабарласып, авто жолдар саласындағы жемқорлық мәселелерін 15 тамыздан бастап хабарлай алады.

Жиналған ақпарат облыстық және республикалық «Әділдік кеңесі» отырыстарында талқыланып, нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында қорытындыны уәкілетті органдарға ұсынатын болады.

 

 

Пікірлер