Талғарда 3 млрд теңгеге салынған сапасыз мектеп тұрғындардың ашуын туғызды

852
Фото: KRIS_P_TALGAR
Фото: KRIS_P_TALGAR

Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған сапасыз мектеп тұрғындардың ашуын туғызды. Бұл туралы Instagram-дағы kris_p_talgar парақшасы жариялады, деп хабсрлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Тұрғындар BI Group компаниясы салып жатқан 1200 орынға арналған  №25 қалалық мектептің сапасына наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, жаңа ғимараттың сметасы 3 миллиард теңге болғанымен, адамдар балаларын мұнда жібергісі келмейді.

“Бұл жерге әкімдік мақтанып кімді әкелмеді дейсіз. Бірегей, заманауи 1200 орындық мектеп, деп бөсті. Ал қазір оқушы жинай алмай әлек. «Ерікті түрде міндеттеп» 8- мектептің бастауыш сынып оқушыларын ауыстыру арқылы толтырмақшы. Ал заң бойынша баласы қай мектепке баратынын ата-ананың  таңдауға қақысы бар”, –  деп жазды паблик.

Осыншама қаражат жұмсалған мектептің қабырғалары қазірде жарылып, сыз тартып, төбесі опырылып жатыр. Төбенің жұқа болғаны сонша, оның үстінде жүрген жұмысшылар бәрін мыжып кеткен. Демек, шатырдан су ағары сөзсіз.

Тұрғындардың айтуынша, спорт  алаңдары лай, яғни жаңбыр жауған сайын су басып кетеді. Балалардың ойын алаңдарына резеңке төсемек түгілі төсегіш құйылмаған. Ал дәретханасы болса далада орналасқан. 

«Ал ол жаққа оқушылар барғанда не болады? Тіпті екі бүктеліп қалатын шығар? Масқара!» – деп жазады талғарлықтар.

Олар жаңа мектептің дәретханасы сыртта болғанына наразы. Дегенмен, олардың айтуынша, мектептің ішінде де әжетханалар бар.

Сонымен қатар, қала тұрғындарының мектеп қолайсыз жерде – Инкубатор ауданында, айналма жолдың бойында салынғанына да көңілдері толмайды. Тұрғындар ол ауданға қаладан жалғыз автобус қатынайтынын жазған.

Сондай-ақ ата-аналар әлі күнге дейін оқу қай тілде болатын білмей отыр.

“Тек қазақ тілінде оқытамыз дейді. Сосын орыстілділерге әлі де орын бар дейді. Құжаттарды қабылдап алған соң, сегізінші мектепке барыңдар дейді. Сонымен қашан бәрі түсінікті болады? Ешімнің шаруасы жоқ”, деп жазды аналардың бірі.

Мектеп өткен жылы тапсырылған. Алайда құрылыс компаниясы ғимарат 8 ай бос тұрып, ішіндегі су краны ашық қалғандықтан ылғалданып кеткенін айтқан.

Талғар аудандық әкімдігі мердігер компания жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық олқылықтарды түзететінін  хабарлады.

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket