3 млрд теңгеге мектеп: Дәретханасы далада

1791
Adyrna.kz Telegram

Талғар тұрғындары жаңадан салынып жатқан 1200 орындық №25 қалалық мектептің сапасына наразы болды. BI Group салған жаңа ғимаратқа 3 миллиард теңге кеткен. Бұл туралы жергілікті Kris_p_talgar желілік басылымы мәлімдеді. 

"Әкімдік бұл жерге мақтану үшін әкелмеген адамы жоқ.  Бірегей, заманауи 1200 орындық мектеп деп айтып еді. Ал қазір бұл сарайға оқушыларды да жинай алмай отыр. Сегізінші мектептің бастауыш сынып оқушыларын мәжбүрлі түрде ауыстыру арқылы толтырып жатыр. Ал заң бойынша қай мектепке баратынын ата-аналардың өзі таңдауға құқылы", – дейді тұрғындар.

Төбесінің жұқа болғаны сонша, оның үстінде жұмысшылар жүргеннен  кейін бәрін басып тастаған.

Ылғалдан төбесі ісініп кеткен, қабырғаларда жырақтар бар, спорт алаңдары кір, яғни жауын суы басып кетіп отырады.

"Ең бастысы үш миллиард теңгеге салынған мектептің дәретханасы далада. Бұл ақшаға бірнеше мектепті кеңейтіп, ауданның барлық мектептерін жөндеуге болатын еді! Талғар жемқорлыққа батып кетті. Аудан әкімдігінің жұмысы сәтсіз", –  деп жазылды басылымда.

Алматы облысы баспасөз қызметі жағдайға қатысты Informburo.kz басылымына түсініктеме берген.

"Жаңа мектеп 1200 оқушыға есептелген. Әр қабатта дәретхана бар, тіпті бірнешеу. Бастауыш сыныптар үшін балаларға арналған шағын унитаздары бар жеке дәретханалар салынды", – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.

Оның айтуынша, жақындап келе жатқан оқу жылына қарай және Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Алматы облысындағы жаңа және ескі мектептердің барлығына әжетханалар орнатылды. Көшеде спортпен шұғылданатын мектеп оқушылары үшін сырттағы дәретхана өте ыңғайлы. Сондай-ақ, аудан орталығындағы суды апатты жағдайда тоқтатқанда сырттағы дәретхана да пайдалы болуы мүмкін.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер