Ақылды ұл-қыздарымыздың өз тілін өзекке теуіп, ел дамуына үлес қоспайтыны қынжылтады - Тимур БЕКТҰР

2417
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілінің дамуы, қазақ контентінің өрлеуі туралы жанашып жандар үнемі жазып келе жатыр. Тимур Бектұр өз facebook парақшасында ойланарлық әсерлі жазба қалдырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Тіл туралы әңгіме қозғағың келмейді-ақ. Бірақ, халықаралық деңгейдегі компанияларға жұмысқа тұрған, шетелдік оқуға түскен, тағы сол сияқты жетістікке жеткен ұл-қыздарымызды үнемі іздеп жүріп тауып аламын да дереу Инстаграмын қараймын. Білесіздер ме, 90-95% орысша жазады.

Иә, олардың ішінде көбі немесе барлығы дерлік қазақша түсінетіндер, сөйлей алатындар. Бірақ, сыртқы әлеммен коммуникациясы орыс тілінде қалыптасқан.

Неліктен?

Білмеймін. Білгім де келмейді. Тек… сондай ақылды өрендеріміздің өз тілін өзекке тебетіні, орысша контент рунет контентін көбейтпесе, оның қазақтың дамуына еш үлес қоспайтыны қынжылтады.

Әрине, оларға барып мораль оқи алмаймыз. Талап та қоя алмаймыз. Әке-шеше, айналасындағы қоршаған ортасы солай боп тұр ғой, демек. Әттеген-айы, Назарбаев Зияткерлік мектептері дейміз, Республикалық физмат мектебі дейміз, сол сияқты өзге де элитарлық ордалардан ана тілінде контент жасамайтындардың көптеп шығып жатқаны.

Ал енді ренжімейін десең, ХХІ ғасырдағы қоғамның дамуы контентке байланысты екендігін басқа-басқа, тап солар білмейді емес, біледі.

Дата инженер, дата сайнтистер көп-ақ. Қазақша бірдеңе істейін десең, күнің қазақша датаға тірелетінін олар білмегенде, кім біледі басқа? Бірақ олар не істеп жатыр сол жолда?

Еш-те-ңе!

Иә… жетістікке жете берсін. Бәлкім, бір күндері қазығын айналып табар… Сөйтіп жүріп ұлтынан мүлдем жерініп кетпесе…

Бар айтайын дегенім, “қазақша контент, қазақша контент” деп те шаршайды екенсің. Әлемнің трлн мәліметін жалғыз өзің не санаулы адам боп қазақша қалай жеткізесің, егер ”Оқыттық, тоқыттық. Енді олар қазақтың көгіне өрмелеп шығып күн болады” деп үмітіңді үкілеп отырғанда, өзге тілдің тоқымын қағып жүргенде?

Білмеймін, не істеуге болатынын… Қарап тұрсаң, мына заман адамға ренжитін де заман емес. Оның үстіне өз күшімен жетістікке жетіп жатқандарға. Тек, төмен қарап, қиқым теріп кетесің бе… сондай бір күй…”,- деп күрсінді ол жазбасында.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер