– Ендеше, Балташ аға, «Жаңа Қазақстан» құру үшін, Тоқаев мырза бірінші кезекте не істеуі керек деп есептейсіз?
– Бірінші кезекте президент «Әділетті Қазақстан» құруы керек, жаңасы – содан кейін өздігінен қалыптасады. Ең алдымен, астанадан Нұрсұлтанның атын құрту керек! Астананың атауы қайтадан «Ақмола» бола ма, «Алашорда» бола ма, жоқ әлде басқа бір атау қойыла ма – әйтеуір өзгерісті осыдан бастау керек. Одан кейін әрбір облыс орталығындағы Тәуелсіздік көшелерін иеленген «Нұрсұлтан Назарбаев» атауын жою қажет. Мұндай қадам халыққа үлкен сигнал береді, президент Тоқаевтың саясаты төңірегіне топтасу процесі жаңаша екпін алады.
Сол сияқты ұры Назарбаевтың атындағы астаналық аэропорттың атауын өзгерту керек. Тіпті астанаға ұшып келетін ел-жұрттан ұят: «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай» деп хабарланған кезде қарадай жының келеді. Ол – халқын тақырға отырғызып кеткен ұры ғой!
Үшіншіден, парламенттің осы алдағы күзде басталатын сессиясында саяси партиялар және сайлау туралы заңдарға өзгеріс енгізіліп, жаңа депутаттар корпусын жасақтау керек. Біздің елге 150 депутаттан құралған бір палаталы парламент қажет. Унитарлы Қазақстан үшін сенат пен ассамблеяның тіпті де қажеті жоқ.
– Ал жекелеген саясаттанушылар әлсін-әлсін айтып жүргендей, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу мүмкіндіктері турасында қандай ой-жоралғы айтар едіңіз?
– Бізге бірінші кезекте мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлау болмаса, президенттік сайлау заңда белгіленген уақытында өтуі тиіс деп ойлаймын. Президент Тоқаев елдегі өзгерістерге қатысты біраз бастамалардың ишарасын білдірді, енді соны батыл түрде жүргізуді қолына алуы керек. Сондықтан «өткелде ат ауыстырмайды» дегендей, мерзімінен бұрын сайлау өткізу қателік болады. Біз Тоқаевтың президенттік мүмкіндігін әлі толық пайдаланған жоқпыз...
– Дегенмен Тоқаев мырзаның әзірге сөзі көп, ісі мардымсыз болып тұр ғой. Сіз бүгінгі президенттің бастамаларын қолдайсыз ба?
– Иә, президенттің айтып жатқан уәдесі көп те, атқарған ісі қораш көрінетіні рас. Бірақ егер алдағы қыркүйек айында парламенттің кезекті сессиясы ашылғанда, Тоқаев батыл өзгерістерді бастайтыны жөнінде халыққа үндеу жолдайтын болса, мен оны қолдаймын. Тек ол үндеу кезекті сөз болып қалмауы тиіс.
Оның бүгінгі іс-әрекеті сағым қуып жүрген адамға ұқсайды. Бізге «мираж» қажет емес, Қазақстанға нақты өзгерістер қажет. Менің ойымша, егер ол батыл реформаларға кірісетін болса, оның қаңтардағы қанды қателігін біраз түзеудің сәті түседі. Біздің халық кекшіл емес, ол қоғамға қарай батыл аяқ басуы тиіс. Оның ендігі жалғыз тірегі – халық қана. Азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс істеуден қорықпау керек.
– Иә, біз де осыны айтып жүрміз, Балташ аға! Тоқаев мырза өз халқына арқа сүйеп, ол үшін сол халықтың талап-тілегіне мойынсұнар болса, оның екінші президенттік мерзімге өту мүмкіндігі де артар еді...
Сұхбат “Дат” газетінен алынды