Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің қылмыстық іске қатысы бар екені анықталды

2735
Adyrna.kz Telegram

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен оның егіз інісі Ерлан рейдерлік басып алу қылмыстық ісі бойынша тексеріліп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты Балқаш оқиғасы және екі ірі кәсіпкер – Қуат Сұлтанбеков пен Ерлан Нығматулин арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты істі зерттеуде. Ол 2022 жылдың сәуірінде басталды. Осы іс аясында Сұлтанбеков жәбірленуші деп танылды. Демалыс аймағына байланысты және өзге де деректерді айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр, жедел топ құрылды. Осы іске Нығматулиндердің қаншалықты қатысы бар екендігі зерттеліп жатыр», - деді елордалық адвокаттар алқасының адвокаты Мәулен Әлімбаев.

2012 жылы Ерлан Нығматулинмен болған жанжалдан кейін балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның 10 жылын өтеді.

Қарағанды ​​облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Николай Абттың айтуынша, кәсіпкер мен Нығматулин арасындағы кикілжің Сұлтанбековтың 2011 жылы қаладағы жемқорлық мәселесін белсенді түрде көтеруінен басталған. Кейін Балқаш прокуратурасы қаланы абаттандыру бойынша тендерлер өткізу кезіндегі өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Қарағанды облысы бойынша қаржы полиция департаменті жүргізген сараптамадан соң мемлекеттік тапсырыс негізінде республика қаражатының шығындалғаны анықталды.

2012 жылдың 27 қаңтарында Сұлтанбеков Балқаштан елордаға барар жолда қаруды заңсыз сақтау және алып жүру күдігімен тексеріліп, ұсталды. Тергеу алты күнде аяқталды және кәсіпкер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейіннен жазасын өтеу мерізімі 21 жылға созылды. Өйткені, қылмыстық-түзету мекемесінде Сұлтанбековке қатысты тағы бес қылмыстық іс қозғалды. 2022 жылы 10 жыл қамауда болғаннан кейін кәсіпкерге қатысты үш қылмыстық іс қайта қаралды, ақыры ақталып, босатылған.

Жәбірленушінің адвокаты Юлия Джафарованың айтуынша, Сұлтанбековке қатысты барлық іс ойдан шығарылған.

«Сұлтанбеков ісі бойынша жәбірленуші деп танылған сотталғандарға қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қасақана дене жарақатын салған. Сосын оларға қысым көрсетіп, Сұлтанбековке қарсы арыз жазуға мәжбүрлеген. (...) 2022 жылғы 27 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының сот алқасы Сұлтанбековке қатысты Өскемен қаласында бұрмаланған қылмыстық істер бойынша үш үкімнің күшін жойды», - деді адвокат.

Қорғаушы тарап қалған үш іс бойынша Сұлтанбековтің кінәсіздігін дәлелдеуге үміттенеді.

«Алты істің де өз учаскелерінде өзіндік ерекшеліктері бар және оларды бірден жою мүмкін емес, Сұлтанбековты оңалту бойынша жұмыс жалғасуда. Үш қылмыстық іс қалды, оның бірі 2012 жылғы іс», - деді Мәулен Әлімбаев.

Әлімбаев Нығматулиндердің Қазақстандағы ықпалы сақталды ма деген сұраққа да жауап берді.

«Оны уақыт көрсетеді. Бірақ қалай болғанда да істің басы көтерілді, өндіріс жүріп жатыр. Ағайындылардың заңсыз әрекеттері туралы фактілер анықталды», - деп түйіндеді ол.

Пікірлер