Марат Тоқашбаев: Қазақстанда «орыс тілінің мәртебесі» деген жоқ

3603
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілінің мәселесі күні бүгін күйіп тұрған тақырып. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында. Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түсушілер қазақ тілінен бас тартуға көшкен. Осы тақырыпты көтерген бір топ ата-ана дербес мектептің басқарма басшысы Күлаш Шәмшидиноваға барғаны жайлы ақпар тарады. Бағамдап қарасақ, ортадағы мәселе ана тіліміздің төңірегінде екен. Оқуға зейінді қазақ тілді талапкердің саны едәуір көп болса да, орыс тілімен бірдей грант бөлінген. «Қазақ тілді сыныпта бәсекелестік көп. Енді қазақ балалары бәсекелестік аз орыс тілінде білім алғысы кеп жатыр» дегенде жай түскендей болды. Ресейдегі ең соңғы қазақ мектебі әлдеқашан жабылып қалса да, біздің елдегі жағдай осы.

Тіл мәселесіне қатысты өткір пікір айтып, жанашырлық танытып жүрген журналист Марат Байділдәұлымен сұхбаттасып, мәселенің түйінін тарқатқандай болдық.

– Марат аға, ана тіліміздің мәртебесіне қатысты желідегі даулы оқиғадан хабардар шығарсыз? Орыс тілі мінберден бастап мектепке дейін қазақ тілінің жолын кес-кестеп жүр. Тіл саясатына қатысты пікіріңіз қандай?

– Ең әуелі кеңестік заманнан бастап санаға сіңген «орыс сыныбын бітірген балалар әлдеқайда білімді болады» деген түсінікті жойуымыз керек. Бұл туралы әлеуметтік желіде, БАҚ-та, әсіресе, орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпарат таратқан жөн. Онда қазақ сыныбын бітірген балалардың жеткен жетістігіне аса мән беріп, насихатын арттыруымыз шарт. Тіпті, «қазақ мектебін бітірген балалардың білім деңгейі орыс мектебін бітіргендермен салыстырғанда жоғары» дегенді халық санасына сіңіре алсақ құба-құп. Онсыз біз елдегі орыс тіліне деген сұранысты азайта алмаймыз. Алдымен халықтың санасын мемлекеттік тілдің артықшылықтарына бұрып, қалған шаруаны сосын істеу керек.

– Аралас мектептер жайлы пікіріңіз қандай? Байқасаңыз, мемлекеттік тілге басымдық аса көп беріле бермейді екен. Ол да күн тәртібінде тұрған мәселе секілді.

Аралас мектепті іс жүзінде сонау патшалық заманда қазақ халқын христиан дініне енгізудің бастапқы шарты ретінде қарастырған. Бұл Ильминскийдің идеясымен жүзеге асырылған дүние. «Балалар сабақты қанша орысша оқыса да, үзіліс кезінде бір-бірімен қазақша сөйлеседі екен. Бұларды орыс балаларымен араластырып оқыту керек» деген бастама сол кезеңде жүзеге асырылған. Нәтижесінен әлі де арыла алмай келеміз. Сондықтан, отаршылдық жүйеден әлі де ажырамай келе жатқан тәжірибелердің бәрін тоқтату керек. Бұл менің жеке пікірім.

– Осы мәселелердің шешімі қандай? Ұсынысыңыз бар ма?

Білім саласында, жалпы, Қазақстанның жағдайында «мемлекетшілдік» деген ұғым бар. Мемлекетшіл тұлғаларды көбейтуіміз қажет. Сол мәселелерді шешетін мінберде отырған азаматтар мейлі қазақ болсын, мейлі орыс болсын мемлекетшіл болғаны дұрыс. Әр шенеунік өзі басқаратын мекемеде мемлекеттік тілге басымдық беріп, мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеуі керек. Мемлекетшілдік психологиясы қалыптаспай біз алға баса алмаймыз.

– Жұрт мемлекеттік тіл десе қазақ тілімен қоса орыс тілін тілге тиек етіп жүр ғой. Бұл енді білместік пен адасуға саяды. Жалпы, «Қазақстанда орыс тілін қолдануға болады» деген ұғымды заңмен бекіту қаншалықты дұрыс?

– Бұл тіл төңірегіндегі ең өзекті мәселе. ҚР Конституциясының 7 бабы, 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Осы жерде үлкен құқықтық кілтипан бар. Ол жерде жазылғаны мемлекеттік ұйым, ал, одан басқа мемлекеттік орган деген бар. Ол – министрліктер. Кез келген министрлік, әкімдік  мемлекеттік органға жатады. Ал, мемлекеттік ұйым дегеніміз – мемлекеттік органға бағынышты, содан төмен тұрған мекемелер. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі орган болса, соның ішіндегі комитеттер – мемлекеттік ұйым. Мемлекеттік ұйымдарда қажет болған жағдайда орыс тілі мемлекеттік тілмен тең пайдаланылады. Ал, «органдарда» деген сөз Конституцияда жоқ. Мемлекеттік ұйым мен орган дегеннің арасына конституциялық кеңес теңдік белгісін қойып жіберген. Ал, іс жүзінде мемлекеттік орган мемлекеттік ұйымнан жоғары. Осы қағиданы заң жүзінде, құқықтық тұрғыда дәлелдеп жүзеге асыратын болса, барлық министрлік пен әкімдіктер таза қазақ тілінде іс жүргізер еді. Екеуінің статусын заң жүзінде айқындауымыз керек. Сонда ғана Конституциялық нормалардың жүзеге асуына қол жеткіземіз.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне қатысты «талапкерлерді бөлгенде 50/50 емес, қазақ тілінің мәртебесі басым болуы керек» деген желіде сөз болып жатыр. Осы жайлы айтар ойыңызбен сұхбатты түйіндесек.

Мен ондай пайыздардың бәріне қарсымын. Конституцияға құлақ асу керек. Оның еш жерінде 50/50 деген жоқ. Қазақстанда «орыс тілінің мәртебесі» деген статус не Конституцияда, не Тілдер туралы заңда жоқ. Тек, қолдану туралы бар. Оның өзін орысқұл шовинстер тықпалап, қосып жіберген. Біз тек Конституцияға сүйенеміз, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі бәрінен биік болуы шарт.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Пікірлер